Хирург Кенжехан және Гусеиін інілеріме

Хирургтар

1.Операция алдында.

Тапсырдым тағдырымды, бауырларым!
Жаныма әбден батты ауырғаным.
Қуыққа қорып қалған тасты алуға
Жетеді деп сенемін сабырларың.

Тілеймін емі шипа қолға қуат,
Алла алдан ақ жарылқап құйсын шуақ.
Арылып дертінен тән, жеңілдеп бой,
Айығып аурудан тисін сауап.

Мәймөңке ағаң бүгін алдарыңда,
Сезімін ұйтып ұстап ақ жалынға.
Келіп тұр нар тәуекел белін буып,
Не барын елең қылмай ар жағында.

Туралап тірлік қосын жолдарыңа,
Ұстаттым сезім тізгін қолдарыңа.
Алдымнан айпара таң атса деймін,
Шыққандай қызыр түнеп бау-бағыма.

Тәуекел!
Қабыл болсын қылған батам.
Бәрін де жан дүниеммен сезіп жатам.
Иә, сәт!
Қимылдаңдар аспай-саспай,
Жайсын қол жебеп әруақ: бабам, атам!

2.Операциядан соң.

Дөп тауып, бұйырғаның ем болып тұр.
Сөз, ісің діттеріңе өң беріп тұр.
Денеме майдай жұғып мейірім қол,
Ебінен икемінен дем көріп тұр.

Көңілді тоғайтып тұр іріктілік,
Мерейді зорайтып тұр біліктілік.
Жанымды желпінтіп тұр сәлемдерің,
Таң сайын берілетін кіріп тұрып.

Еңсемді үш жыл бойы езіп басқан,
Сергідім, жеңілдедім ауыр тастан.
Әл-дәрмен жинайтындай тәнім талай,
Маймаңдап жазатындай жыр мен дастан.

Бір мен бе арашалап алғандарың?
Кеудеге қайта жанын салғандарың?
Күн сайын алғыс алқап сөз жаудырған,
Естідім сан адамның толғамдарын.

Бек риза Естеу — ағаң екеуіңе.
Орын жоқ күдік, күмән, секеміме.
Сендерді хош етерге қарымта үшін,
Табамын қандай алқау өтеміне?!

© Естеу Нүсіпбеков 1998 ж.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Один ответ к «Хирург Кенжехан және Гусеиін інілеріме»

  1. Папам осы операциядан кейін сергіп, шабыттанып, талай өлең -жырларын жазып, кітаптарын шығарды. Кейін Папам компьютерде өлеңдерін жазып отырғанда үйге осы дәрігерлер ( ауданның бас дәрігері де бар) келіп: «біз әлі компьютерде жұмыс істеуді үйрене алмай жүрміз, ал ағамыз міне бізден озып кетіпті. Жарайсың, аға!»-деп тамсанып кеткен.
    Кенжехан ағаның қолы жеңіл еді. Адал, абзал, ақ халатты жандар — Кенжехан аға мен Дина апай (ол кісі де терапевт-дәрігер) бір күнде көлік апатынан қаза болды. Бүкіл Еңбекшіқазақ ауданы дәрігерсіз қалғандай болдық. Алла жар болсын!
    Ал Гусейн Садыков (курд жігіті) қазақ тілін менен үйренген, қазір осы Алматыда жеке клиникада уролог -дәрігер.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

двадцать − 17 =