Көңіл пейіш еткені.

Қамбар ата

Балдызым Гүлшираға.

Ақын жанды балдызым ақ халатты,
Дару қолды дәрігер бақ, талапты.
Шабытымды таратып шар тарапқа,
Жездесіне Зайсанда ат жаратты.

Төрт тұяғын жондырып тағалатты.
Ат бегіге небір нән бағалатты.
Жылқы таныр найманды жиып алып,
Артынан да алдынан қамалатты.

Жұтынып ат оқтаудай жұмарланып,
Болат сымдай керіліп, шымырланып,
Сом балғадай жұп-жұмыр төрт тұяғын
Көк шымдыққа қадалтты мығым қағып.

Жал-құйрығы сүзіліп сусылдаған,
Саумал желде, салқында сусындаған.
Қоян көзін төңкерді тостағандай,
Дегендей боп жақсы күн тусын саған.

Тұра алмадым қаймығып жырақ қашып.
Ырымменен қазақы құлақ қасып,
Теңшеп ұстап тізгінін, еппен келіп,
Жеңіл міндім үзеңгі лекіп басып.

Ер үстінде еліктім, беріктендім,
Желдей есті көңілім желіктендім.
Жуас екен жануар, жайдары екен,
Биіктеді мерейім, көріктендім.

Сауыр тауда сайран сап, той тойладым.
Әр нәрсені басынан қайта ойладым:
Салтаң атпен Есікке жетер жолдың
Санап шықтым жон-жота, қайқы, ойларын.

Әкетуге табармын авто көлік.
Қол ұсынар жас өрен қаптап өріп.
Қасиеттеп күтер де қастерлер де,
Жиендері найманның бапқа берік.

Жерсінтуге Алтайдың ақ таң керін.
Сансыз айла тапсам да , баптап көрім,
Жалын тарап алғашқы кежім жапқан,
Ұмытар ма көк үкі таққан жерін?!

Онан кейін ойлантты мәрттік жосық,
Намыс мінген кісілік беттен осып.
Қабылдатты тым шұғыл тосын шешім,
Араны ашық мал жиғыш дерттен тосып.

Күлше пісті, нан пісті әр дәміме,
Ата салтым дем берді дәрменіме:
Кер бестіні балдызым сыйға тартқан
Мен байладым Найман шал белдеуіне.

Балдызым да басқа ел де мақұл көрді,
Бір ой түйіп ата қарт ақыл берді:
-Арасында ат жүрсе ағайынның
Көңіл пейіш еткені жақын елді.

© Естеу Нүсіпбеков

“Қамбар ата” картинасы Жеңіс Кәкенұлының сайтынан алынды

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

девятнадцать − 17 =