К Ү З Е Т Т Е

Еш жылқыны егінге

Маңайлатпау – қатаң шарт.

Шаң жуытпас сенімге,

Ісіне адал атам нарт.

Алып жүрді мені де,

Түнде жылқы бағуға.

Мектепке әлі бармаған,

Балғын бала шағымда.

Үйір ана боз бие

Қырға үйірді бастады.

Құлын-тайлар наз кие

Құлдыраңдап қостады.

Су-су өрді суыттап,

Жайылымға жеткенше.

Шиден тартып суыртпақ,

Талай сайдан өткенше.

Соңынан жай ілестік,

Шықпай оңы-солына.

Атам баяу ысқырды,

Ілінгенде соныға.

Желіп өтіп ық жақтан,

Үйір алдын қайырды.

Ауыздығы алулы

Астында аты жайылды.

Құнанымды оттатып,

Баяу келдім жанына,

Үйірілді бір тобы

Боз биенің маңына.

Соныға әбден тойынды,

Дамылдады , жусар шақ .

Түн ауыпты, көз ілдік,

Тоқым төсеп, ер жастап.

Осы күні үйрендім,

Ат арқандап, тұсауды.

Жұлдыздарды күзетіп,

Атама да ұқсауды.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

18 + девять =