Жақсы сөз
Жақсы сөз – көпшік қойып мақтау емес,
Әдептен, ұяттан да аттау емес.
Жүрегіңнің жылуын ақ жарылған
Шым бүркеп, ішке бүгіп сақтау емес.
Жақсы сөз – аққу-сезім балапаны,
Ып-ыстық ізгі ұғымның алақаны.
Көңілден көлеңкені қуып шығар –
Нұр шашқан шұғылалы дала таңы.
Жақсы сөз – сара көңіл аңғарғаны,
Сүйсініп, мейірленіп таңғалғаны.
Емдейді ол жұлынды да, жүйкені де,
Жота, жон жадыратып бал бармағы.
Жақсы сөз із түсірсе зердеде ояу,
Қай-қашан көңілге дәз салмас қаяу.
Құлағын көп бұраймын зейілімнің,
Қалма деп парасаттан қара жаяу.