Көген көз емессің сен,
Келер ұрпақ!
Тұрпатың көз қармайды сырлы сымбат.
Өңменнен оқ өткізе
Тік қарасаң:
Жайнаған жанарың – от, жүзің – нұр, шат.
Уызға жарыдың да бесігіңде,
Ана тіл тұздықталды несібіңде.
Сабағын имандылық, ұлтжандылық
Теп-тегін оқып жеттің осы күнге.
Бағың мол –
Басың азат бағынудан.
Аулақсың әлдекімге жағынудан.
Атаңның, әжеңнің де мерейісің –
Адаспай, айнымасаң ағымыңнан.
Болпиып бала жүзің балпанақтай,
Сеп-сергек оянасың,
Аймалатпай.
Үн, бейне жазғышты да тып еткізіп,
Ойнайсың құлағында,
Қолқалатпай.
Сайраңдап ата жұрттың сахарасын,
Сен әлі талай табыс сапырасың.
Болуға соған куә бізді-дағы
Ғажайып ғасырыңа шақырасың.