Махаббат жалынына жанын малған
Махаббат жалынына жанын малған,
Жас ғашық сарғайғаннан сағынғаннан.
Талдырып қос білегін, мойынын да,
Қош тоспай ма құшақ жая жарын алдан.
Ернінен балдырғандай бал бермей ме,
Куә боп күн астында тал көрмей ме?
Тұрса да топты халық қара нөсер,
Жанымда жан атаулы бар ғой дей ме?
Махаббат ұлы емес пе ұлылықта,
Тірлікте жайқалдырған жылылыққа.
Нұрынан оның маздақ нәр алмаған
Жан бар ма адамзаттық құрылықта.
Естеу Нүсіпбеков
22.05.1960