Сандығын сағыныштың тізгін жұлқыр

Сандығын сағыныштың тізгін жұлқыр,
Жанмын ба көп қаңтарған мен бір сылбыр?
Бақыл бол! Емеспін мен ондай ғаріп
Сезімге – сезімге емес бергем шылбыр.

Тізгінін нық ұстаудан сағыныштың,
Төреші ете алмаймын жаныма ешкім.
Алдымда айқын сөре, мен жетемін,
Нысаннан тайдырмайды сағым көшкін.

Сенемін сенімімнің саңлағына,
Сезікпен селтеңдемен жан-жағыма.
Сейіле, серпе білем, сертім санап,
Серт ұстап жан семсерін ақ жолыма.

Дүр, алып төтемекші маған кімдер?!
Махаббат маңдайына жағам күндер.
Биікке қызыл туын тік көтеріп,
Арманым асқарына жабам гүлдер.

Қолтартқы маған кім бар бұл ғаламда?!
Кім екем маталатын шырғалаңға!..
Нұрымды, шұғыламды кім тоспақшы?!
Жанамын тағдырыма нұр болам да.

Айтамын айтарымды арға сүйеп,
Ақыл ал, ақыл беріп, жалғасып өт.
Ар ұждан,қайсар мінез, адамгерлік,
Мендегі үлкен байлық – бар қасиет.

Алғамын соның ғана етегінен,
Айрылман қайда болсам жетегінен.
Бойыма, ойыма да дем берген сол,
Білмеймін мен басқаны о тегінен.

Сабырым сондықтан да таусылмайды,
Болған соң табан тірер артым жайлы.
Жетемін дегеніме сол жетекпен,
Ізгулік от бойымнан сарқылмайды.

Бейжайсыз мен иемін тізгініме,
Жанымның сапар тартып ізгуіне.
Ал содан мен ғашықпын мен ынтықпын,
Зайсандық самал өпкен түз гүліне.

Сөнбессің сағынышым, қаңтарылсам,
Жанымды тебірендіріп жатсам тұрсам…
Ер салып ызғытар кез келер әлі-ақ
Арман не құшақ жайып қарсы ап құшсаң.

Мен онда бақытымның гүлін жарам,
Махаббат ауылына ұрын барам.
Алдымнан құшақ жайып көп сағынған,
Сенің де аян сәулем сырың маған.

Естеу Нүсіпбеков

18.06.1960

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

14 − шесть =