Көзін ашпақ болып қалың наданның…

Көзін ашпақ болып қалың наданның,
Досы болды әкем кітап, қаламның.
Сол әкеміз және алғашқы ауылда
Бірі болды мектеп ашқан адамның.

Бірі болды ашық көзді адамның,
Бірі болды ғашық сөзді адамның.
Сол әкеміз ойпыл-тойпыл заманда
Ілінгені-ақ нысанасына наданның.

Жаза тартты жан дүниесі таланнан,
Жат діндіктен, қара жүрек наданнан.
Айып болды діндарлығы, батасы,
Хақты жарлап жан баққаны адалдан.

Жала жапты: «Ұйым бар, — деп, — жасырын.
Жиғансың, — деп, — елдің есті асылын.
Жимақсың, — деп, — ақ туыңның астына
Бүкіл түрік, бар мұсылман нәсілін?»

Жақынынан жау іздеген заманда
Дес берілсе, дем берілсе жаманға,
Кімді атпай тоқтасын ол шел көзбен
Билік тисе, мылтық тисе наданға!..
© Естеу Нүсіпбеков

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Один ответ к «Көзін ашпақ болып қалың наданның…»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

семь + пятнадцать =