Білесің бе?

Үніме қүлағыңды түресің бе?
Кеудем жылы ұяшық, кіресің бе?
Жұрт оқып түсінуге жолымды ашып,
Сен мені тектеп танып білесің бе?

Сынасын оқырман көп мені де бір,
Құнды тас қанша екен деп үлесінде.
Қомсынба атақты есім емес-ау деп,
Атақтың без болады сүбесінде.

Бірде алшы, бірде тәйке түскен жай бар,
Көресің кейде бүге, шігесін де.
Жорғасын бұзбайтындар мыңнан біреу,
Тер сақтар хас жүйрік те шілдесінде.

Аттан сын, ұстадан мін кім таппайды,
Қауын бас қалқан құлақ өлкесінде.
Тас бастау бұлаққа да көз қырын сал,
Алданба кеудемсоқтық сіресуге.

Мың жерден шырақ алып түссең де ізге,
Нәрсем жоқ тастайтындай күресінге.
Деңгейлес не мықтымен өлеңім бар,
Кем түспес ширақ өрім жыр есуге.
Сенсең сен, сенбесең қой, екі елде де
Жаттаулы жыр сүйердің жүр есінде.
© Естеу Нүсіпбеков

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

четыре × два =