Баталы Баян — Боталы Баян

Қызайбай, Баян, Естеу
Қызайбай, Баян, Естеу

Атамның тұңғышы екен Рақия,
Өмірі барлағанға қия-қия.
Қырыққа толғанында сол әпкеміз
Төркіндеп келе қалды миятына.

Қарт ата, қарт енесі — бастағаны.
Албанның Әлікені қостағаны.
Бәйділда ертіп кепті Әбділдасын —
Шолжаңын бес жастағы жас баланы.

Меймандар апта жатты асықпастан,
Құдайдай құдалықты жасытпастан.
Атамыз құлын сойды қысыр емген,
Сабалар сапырылды асып-тасқан.

Шақырды бүкіл ауыл кезек-кезек,
Қазанын шұрқылдатып жағып тезек.
Ән салды, күйін тартты Бестібайлар,
Шешілді шешендер де жағын безеп.

Сәт жетті әпкемізді қайтаратын,
Аталды мініс, жетек… көп-көп ізгі.
Деді атам:
— Бұйымтай айт, қалауыңды ал,
Төркінің көтермейді өкпеңізді…

Тым-тырыс тына қалды екі жақ та.
Жексембай жөткірінді осы шақта:
— Қалауды Әбділда айтсын — жиендерің, —
Деп салды, — Бала сөзі әділ Хаққа.

Қарт тарлан қамбылдапты немересін,
Сүйеніп ағаш төсек кенерісін:
— Қалаймын мен Баянды, — деп ыржитты,
Салпы ернін дегендей-ақ шөрелесін.

Шырт тынды шыжандай жұрт шып байланып,
Тығылды демдер ішке күрт ойланып.
Қарасты бір-біріне үн қата алмай,
Жүздері қып-қызыл боп нарттай жанып.

Уыстап аппақ қудай сақалынан,
Атамыз сөйлеп кетті ата қыран:
— Несі бар? — деп күрсінді күлімсіреп, —
Бәріміз өсіп-өндік баталыдан.

Жиенге қыз бермеген қазақ па едік?!
Сүйекке дақ салмаймыз азапты етіп.
Берейік Әбділданың қалағанын,
Сарсүйек жаңғыртайық таза-ақ бекіп.

Әумин!..
Қолыңды жай үлкен-кішің!
Нақ келді кеше ғана көрген түсім:
Жексембай желісіне байланып ед,
Бір құлын күлте жалды, мүсін пішін…

Қол жайды бүкіл қауым қаумалаған,
Тұншықты үн кеуделерде таубалаған.
Заман ол ата сөзі екі етілмес,
Кәрі-жас салт емшегін саумалаған…

Батаны бұзбайды онда әке де өктеп,
Батаны бұзбайды онда шеше де өктеп.
Байлаулы аға-бауыр тілдері де,
Ешкім де ләм демеді Бата шектеп.

Бата — дін, Бата — иман, Бата — Құдай.
Қазақта тәлейлі жоқ Баталыдай.
Батаны орындамау — қарғыспен тең,
Бітпейді Бата бұзу шатағы жай…

Басқаша ой мен сезім санаға жат.
Айтылды ата аузынан бар аманат.
Сол сана Баянды да Әбділдаға
Шын сүйген ғашық етті қамалып ап.

Шынында сол Батамен өсті көктеп,
Ата-ана ризалықпен көшті шеттеп…
Ауылы құрметтеді, абысыны,
Ұстаған ата жолын есті тек деп.

Бес ұлы бес тарапқа кетті өрістеп,
Келінде, балада да бет көріс көп.
Айманы, Сауқынбегі ерекшерек,
Тапқанын бөліседі өңін түстеп.

Басынан аз кешпеді михнатты,
Бұл кезде әже болды инабатты.
Қолы әлі босамайды немереден —
Ұлынан, қызынан да жинап апты.

Қарайды менің-дағы қабағыма,
Еш нәрсе салмасам да табағына.
Баяғы Батаны ойлап, селк етемін,
Мектепке бара жатып сабағыма.

Баян қыз риза етті аталарын,
Қабылдап ата берген баталарын.
Ақ Бата аталардан алған жанның
Алда да жарылқағай боталарын.
© Естеу Нүсіпбеков

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

девять + 16 =