«Тірі бейіт» әңгімесі.

күмбез

(Зайсандық бажам Оспанов Оралдың айтқан қалпы).

Жапанда жалғыз күмбез омырылған,
Төбесі ішке түсіп томырылған.
Жусанды жазаң дөңес маңайы ашық,
Белгі жоқ басқа бейіт қорымынан.

«Жайлы жат!»- дұға қылдым, сақал сипап.
Тосынсып Орал бажа етті қипақ.
Болғанын бір оқыстың сезе қойдым,
Бажама сеніп кеткем көптен сыйлап.

«Мұндайда тым-ақ қамбыл межелі еді:
Ол неге тежегішін тежемеді?
Соншама «жүздікпенен жүйткіп өтті,..
Ол неге бетке қолын көземеді?»

Деген ой шуап ұшты түйдек-түйдек,
Секілді көк ала қаз, көкшіл үйрек.
Сезімге тыншу бермей мазалаған,
Басталды кенет бүлік іште түйнеп.

Жанымның арпалысын сезді Орал,
Күткен — ау мезет тиер кезді Орал.
Ағытып ой тиегін көгенінен,
Өргізді саулық қойдай сөзді Орал:

— Білмейсіз күмбез жайын, қол жайдыңыз.
«Қап, әттең»,- деп қоямыз ондайда біз.
Әруақ жоқ, бұл күмбезде мәйіт те жоқ,
Естіген жоқсыз әлі ол жайды сіз.

Оқиға былай бопты заманында,
Әркімде мыңғырған мал аманында.
Бағлан бай бағы толы, жасы жеткен
Күмбезді тұрғызыпты кәмалыңда.

Байлығын басындағы бағы ұстапты,
Күмбезді бай өзіне бағыштапты.
Тындырған тың ісіне марқайыпты,
Абырой, атақ қуған, намыс шапты.

Кешікпей ел басына күн туыпты,
Үрікіпті айдай алмай мың түлікті.
Қашыпты Қытай жерін бетке алып,
Артта қап Ақжар, Үржар, көк Шілікті.

Күмбез де қап қойпты жаңа біткен,
Кетіпті қарттар да тірі қаза күткен.
Өзіне өз қызығы бұйырмапты,
Жерленсе керек онда назалықпен.

Содан да мұнда мәйіт жерленбеген.
Қазбаған көрге де ешкім төрленбеген.
Қаңырап бос тұратын талай заман,
Жасқанбай кіретін жұрт серуендеген.

Содан да дейді мұны «Тірі бейіт».
Шынында секілді еді тірі кейіп.
Қысы-жаз жағбыр шайып боран үрлеп,
Соңғы кез қалды күмбез үңірейіп.

Күмбездің тарихы осы жаңғыз тұрған.
Әңгімем аяқталды сізге құрған.
Алыстан келген сіздей білмейтіндер
Байқамай жол-жөнекей оқыр құран.

Ұйыған «Жигулиде» сегіз құлақ,
Тыңдады бар зейілмен қоймай сұрақ.
Түсірдім ақ қағазға айтқандарын,
Қалыпсыз сөз қоспадым ойдан құрап:

-Ғибрат оқиға екен барлық жанға.
Тамырдан тамшылатып құяр қанға.
Ұлт түгіл ұланғайыр барша жұрттың
Өшпес кеп үрдісіне ұрар таңба.

-«Көмуің өлуіңе орай келер»
Деген сөз әр кәдеге жарай берер.
Iсіне ұрпағыңның қол жүгіртпе,
Мәзірге әзіріңе қарай көрер.

-Ескерткіш өзгеге орнат асып-тассаң.
Ардақтар адам аз ба дәулет шашсаң.
Күмбез де, тас та орнатпа тірі тұрып,
Тағдырдан сазай жетер шектен ассаң.

-Өлімге сен асықпа жан барында
Қос шырақ сөнбей жатып шамдарыңда.
Күн бұрын құйрық, жалын күземесін
Көк бесті тіршілігің Қамбарың да.

© Естеу Нүсіпбеков

Сурет http://www.karatobe.westkaz.kz сайтынан алынды

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

восемнадцать + четырнадцать =