Зайсан көлге тойға кел

Зайсан көл

1
Зайсан елі — жайсаң ел,
Еңбек сүйгіш, өнерпаз.
Малға тұнған майса бел,
Құсқа тұнған көл мен саз.

2
Келе қалсаң қайынға,
Араға ай, жыл салып,
Мейірбан ел жайында
Жыр тоқисың бұрсанып.

Қарсы алады жиналып,
Кәрісі де, жасы да.
Далитып та иба қып.
Көтереді басына.

Асық мейлі асықпа,
Түгендейсің түтінге.
Құтылмайсың қашып та,
Тұтыласың күтімге.

Жылында не айында
Келе қалсаң қайынға,
Түспе тосын уайымға,
Өлеңнен сый дайында.

Қолдан келсе ат мінгіз,
Шапан жауып, тон кигіз,
Қолыңнан ол келмесе,
Жиенді әкеп бет сүйгіз.

Сыйың емес ерегі,
Сыйластықтың көрегі-
Жиендерді жат етпей,
Танытуың керегі.

Онан кейін өз бағаң
Өлшенеді өнермен.
Әнмен, бимен, әзілмен,
Жан айнасы өлеңмен.

3
Айқара ашып құшағын,
Жездең келді алыстан.
Сағыныштар нышанын
Қас, қабақпен бағысқан.

Балдыз жігіт, балдыз қыз,
Есейіпсің үй болып.
Демейсіңдер жалғызбыз,
Кетпейсіңдер биге өріп.

Бірің — шопан, мал баққан,
Бірің — заңгер ұлықсың.
Дос көбейтіп жан-жақтан,
Туыс жинап жүріпсің.

Құрылысшы — біреуің,
Орманшысың — біреуің.
Емдейсіңдер біреуің
Адамның нәзік жүрегін.

4
Сағыныш жетелеп,
Iздеттірген алыстан.
Мейір нұрын себелеп,
Құшақ жайып табысқан.

Ай өксітпей хат салып,
Аймаласып жататын.
Ақ тілеуін ақтарып,
Ақ таң болып ататын.

Жан шуағы сая жай.
Бар жылуын бөліскен.
Еркелетіп баладай,
Ата-анаң боп көріскен.

Қайын жұрт та өз елім,
Қанымен болдым боталы.
Күркіреп ағып өзенім,
Сендерге құйып жатады.

5
Бас ием, Зайсан көшесі,
Бабай баба басқан жер.
Аз болмай енші, есесі,
Сан жүйрік бәйге қосқан жер.

Керімберді Бабайдың
Салдырған кірпіш тас үйі
Бұл күнде де болып тұр
Ресторан — ас үйі.

Қасиет көп Зайсанда,
Тайыр мектеп ащқан жер.
Сұлтанмахмұт жайсаң да
Өнер, білім шашқан жер.

Саяхатшы Пржевальский
Қытайға қақпа ашқан жер.
Жанындай сүйген қазақта
Потанин де асқан жер.

Зайсан ғажап жырлатады,
Наймандар таңы атқан жер.
Күңгір-күңгір үн қатады
Көгедай хан жатқан жер.

6
Оңым — қырат, солым — көл
Көкте қалқып барамын.
Шар айнадай Зайсан көл:
Аспанға, маған қарадың.

Аспаныңда қалықтап,
Ұшақта ұшып барамын.
Көңлім көлдей шалықтап,
Құшаққа қысып барамын.

Шомылмай кеттім суыңа,
Толқыныңа сүңгімей.
Адасып тоғай нуыңа,
Құмына кірмей бір дүлей.

Дәм тартса, келем кешікпей,
Шомылтар суың, асықпа,
Тербеле бер бесіктей,
Сағына аңсап қашықта.

Шар айнадай Зайсан көл:
Ақ мөлдірсің, тұнықсың.
Деші: «Жиі келсең кел:»
Ақ ниетсің — ұлықсың.

Жиі келіп жүрейін
Өлең арнап өзіңе.
Жиен ертіп жүрейін
Көзі ұқсайтын көзіңе.

Ақ толқыны үн қатып,
Жарқыл атып жататын.
Ақ жүзіндей ниетін
Жарқыратып жататын.
7
Қабылқай ата шежіре
Байтақ жатқан дария еді.
Алтай, Зайсан жерінен
Сирек туған кәрия еді.

Ұсқыны кіші болғанмен,
Шәрипа әже дәу еді.
Шатырлап жанған қамыстай,
Отты сөзге нау еді.

Жомартбаевтан оқыған
Хамза аға білгір жезде еді.
Көкірегі жыр тоқыған
Бағасы ерек өзге еді.

Бабай қызы Бәтима апай
Көнелердің көзі еді.
Ата жолын ұстаған
Сұңғыланың өзі еді.
8
Хабиболла бір момын,
Майталманы еңбектің.
Көтерер еді маңқиып,
Жуан жағы дөңбектің.

Дүние салды бәрі де,
Қарттар сиреп қалырты.
Орта буын өзі де,
Боз бастанып қалыпты.

Кеңес аға қасқа бас,
Самайын борға малған ба:
Ат, қамшыны баспа бас
Таяққа айырбас салған ба:

Мыжырайған мынау шал
Шаймардан ба; Құдай-ау:
Жылдар зулап, осы хал,
Дейтін кім бар былай-ау:

Жас қартаймақ, қарт қайтпақ-
Табиғат заңы, шошытпас:
Жаумасын деп тілейік,
Жер жастантар жосын тас.
9
Зайсан жаққа тойға келсең,
Әр жайды да ойлап кел.
Зайсан көлдің тылсымындай
Тереңдерге бойлап кел.

Әр жайды да ойлай білсең,
Жанға жию жиясың.
Әр тереңге бойлай білсең,
Бойға қуат құясың.

© Естеу Нүсіпбеков

Сурет http://www.adventa.kz сайтынан алынды

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

три + 2 =