Хамаңа

Шабытын шарқ ұрғызды Хамаң ақын,

Жайраң көз жарылқады жамағатын.
Шығандап шықты алға, кейін тастап,
Сан жүйрік ақындарды шаба алатын.

Тұғырын ақындықтың биіктетті,
Дастанды, лириканы үйіп-төкті.
Иіріп оңқай асық сақасындай,
Сегіз қыр, сексен сырлы сүйікті етті.

Кен тасы қатпар-қатпар, алсаң қазып,
Асылы-ой желіңе алтын қазық.
Кеніші кенелтеді қазынаға,
Шарпиды шаршы әлемді қойсаң жазып.

Сусында сусынынан жаныңа азық,
Құры ауыз қалма қапы қаның азып.
Семірсең, шыпшиды тер милығынан,
Тұрғанда аңқат кеуіп, ішің сазып.

Хамаңның сексен сеңгір асқан шағы,
Қымызы сабасында тасқан шағы.
Қандырсаң сусыныңды, кесесінде
Жақұттай жарқылдайды тас моншағы.

Тармақтар лықа толы ойға тарпаң,
Бойынан буырқанған қозады арқаң.
«Мені де оқиды-ау»,- деп осы қасқаң,
Қаламда бола алмайсың алқам-салқам.

Секілді сезілгенмен көк құрағы,
Шумақтар астарында от тұрады:
«Қалмағын токқа оралып текке өртеніп,
Байқап бас аяғыңды»,- деп тұрады.

Ғаламат бардай бомба жарылатын,
Немесе бардай бір қоз қарылатын…
Әйтеуір Хамаң мысы басқан сәтте
Бар менің басар жерім тарылатын…

Оданы кеткен Хамаң беттен осып.
Бұқтырды сол айбыны алдан тосып.
«Ары жүр есігімнен»,- демес пе деп,
Отырмын бұл жолы да іштей шошып…

© Естеу Нүсіпбеков

Сурет http://www.kino-teatr.ru/ сайтынан алынды

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Один ответ к «Хамаңа»

  1. Сәлеметсіз бе, сайтыңыз жақсы екен. Хамит Ерғали фонды тапсырысы бойынша Хамит Ерғалидің сайтын аштық. Достар сайты деген жерге біздің сайтқа сілтеме қоя аласыз ба? http://www.hamit.kz
    рахмет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

4 + 16 =