Ақ шуақты жап-жарық

Ақ шуақты жап-жарық жан сарайым,
Жыр маздатты қанша жыл, қаншама айым?!
Деміктірмей иіннен, солықтатпай,
Арқалатты зіл батпан қаншама уайым.
Көз ашқаннан лақтыртып, ұмыттырды,
Деген ойды : пұл тауып, мал санайын.
«Өлең отын жағайын, шаршамайын,
Ой отынын тасиын аршадайын»
Дегізді де белімді бүкірледі,
Адал, ақ жүз ағартты ар самайын.
Адалдығы — өлеңім өзі куә
Және өлеңім оқыған барша ағайын.
Ақ шуақты жырларым – жан сарайым,
Жан сарайда бүр жарған талша қайың.
Желкілдеген желек жыр талшадайын,
Таусар тағы көзімнің қанша майын?
Қинайтыны сол мені – беу, оқырман,
Арқалаймын алда әлі қанша уайым?

Естеу Нүсіпбеков, Есік қаласы.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

2 ответа к «Ақ шуақты жап-жарық»

  1. «Қалмаспын қап түбінде біз секілді,
    Орын табам отырған қыз секілді.
    Күнінде күндердің бір шығар өлең,
    Тұс-тұстан миуа төккен күз секілді». Иа,Ата, Сіздің дұғаңыз қабыл болып, жарық көрген өлең-жырларыңыз күзгі қырманға төгілген астық секілді ғаламтор арқылы оқырмандарыңызға жол тартуда. Тілегіңіз не деген қабыл еді! Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын,аяулы Ата!

  2. «Арқалаймын алда әлі қанша уайым?» деп атам тебіренгеніндей, алдымызда не күтіп тұрғанын жаратушы жалғыз АЛЛА біледі. Аль-Ахирун дегеннен басқа не айтамыз. Ешкімге күнім түспейді деп кеудесін керген адам қатты қателеседі, бірақ менсіз күнін көре алмайды деп кердеңдеуші адам да одан бетер қате жасайды.Алла бізді дегбірден айырмағай, сабыр, тахат бергей. Қабір азабынан сақтасын, қияметте орныңыз жұмақ болсын, асыл Ата!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

два + три =