Қазақ көші

Қазақтың мың жанып, мың өшкені көп,
Тар кезең, қилы заман кешкені көп.
Малға өріс, жанға сая табам ба деп,
Ауғын боп ата жұрттан көшкені көп.
Зынданнан қашып шығып, кісен ашып,
Тасқа ұрып, қолдан бұғау шешкені көп.

«Келімсек», «қашқын» деген атқа қалып,
Көп өксіп, қорлық, нала көскені көп.
Шоғына тас көмірдің күйгені көп,
Тас төбе, оба орнатып үйгені көп.
Салтымен ақыл — ауыс, білім — жұғыс
Үйреніп, көңіліне түйгені көп.
Тез қасында жатқызбай қисық ағаш
Заң салтынан басқаның игені көп.
Ішін емес, бейімдеп сыртқы кейпін,
Әр тұста әркімнен де кигені көп.

Тарих көп, тарих көп қой ашылмаған.
Қай сайда қазақ жүгі шашылмаған?!
Көштерін аңыраған андыз-андыз
Қай асу бар басынан асырмаған?!

Алтайда, Гималайда, Гобиде де
Жабы жылқы тұяғы тасырлаған.
Қоймасы, құпиясы көп тарих бұл
Шұбырынды жолы ұзақ ғасырлаған.
Қол қайда түмен-түмен Түменге өткен?
Сібірдің, сары аюын сүмеңдеткен.
Аңғал жұрт аңғармапты тажалдарды
Өрмелеп Обь өзенін сумен жеткен.

Қара қорым құлан жал жылқы қайда,
Қайысқан үйірлері тоғай-нумен?
Жер жұтты, жел жұтты ма, кім біледі?
Естілер дүбір, дүрсіл қайсы шумен?
Маң күмбез, Маңғыстауда қорған аз ба?
Әулие, ақылы кен зорлар аз ба?
Сәулетті сарай опқан, керуен опқан,
Аузындай айдаһардың орлар аз ба?
Ақын мен қыран мінез батырларды
Қор қылған қапияда торлар аз ба?

Қарақұм мен Қызылқұм, Ауған кетіп,
Кавказ асып кесілген жолдар аз ба?
Еділді, Ақ Жайықты, Ішкі Орданы
Қайысқан қайсы-қайсы күш қорғады?
Тау мен су аты қайда, заты қайда?
Қайсы оның іс болғаны, түс болғаны?
Батырдың, не бір іске татырдың да
Аз ба екен еңбек, тері еш болғаны?
От садақ бұлқыныстың, жұлқыныстың
Аз ба екен іште өлген іш толғағы?!

Таусасың түптен сарқып қайсыбірін?!
Тарс бүркеп жатқан жыл көп зайғы сырын.
Не білгір, жырға дүлдүл жүйріктер де
Тайқақтап кей шындықтан кетті қырын.
Мақтау мен даттау ғана борататын
Көбейді дүмше ғалым шылдыпырым.
Қалпағын аспанға атты жат тілділер
Бел алса жалған ғылым жырым-жырым

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

7 ответов к «Қазақ көші»

  1. Қазақ көшін басынан өткізген жан ғане жаза алар

  2. Иманың жолдас болсын, Алтын құдам! Бүгін мінеки,баламыз Ержан жасаған жаңалығын көріп, суретіңе қарап өзіңмен тілдесіп, сырласқандай боп отырмын. Шартарапқа толқындай тулап жетіп жатқан өлең жырларың, ахиреттегі есеп кітабыңның бетіне жазылсын. «Қазақ көші» т.б. жыр жолдарыңды оқып, өткен өмірді бір шолып шықтым. Біздің өмір жолымызда сүрінуден, түргелуден тұратын өмір көші ғой! Бала-шаға, ұрпағымыз өмір көшінде сүрінбесін! Ержанның жасаған еңбегі жемісті болып, ардақты әкесіне жасаған ескерткіші өмірлі болсын, алды даңғыл жол болсын! Алматы облысы, Қарғалы кенті Рахова Мария Ганиқызы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

пять × 3 =