ТҮЛЕК ТҮЛЕТ, ТУҒАН ЖЕР!

Бозторғайың, бөденең —
Қырғиыңның азығы.
Көтерілген көдеден…
Момындығы — жазығы.
Киігің мен елігің —
Тырнақтыңның азығы.

Бөрілігін бөрінің
Мойындамау — жазығы.
Кекілігің, ұларың —
Тұзақшыңның азығы.
Құлқын құрбан қыларын
Білмегені — жазығы.

Орманыңды отайтын —
Өзің өртің, өз отың.
Атын, затын атайтын
Аңғартпайды мезетін.
Құрғататын көліңді —
Өз құйының, өз желің.

Бітейтін сол мөп-мөлдір
Бұлағыңның көздерін.
Әуре-сарсаң жетуге
Жүйрігіңе шабаның.

Аржақтағың өтуге

Жалдар айла-амалын.

Озса бірі сапарда,
Ай маңдайы жарқылдап,
Бірі ілінбей қатарға,
Жол ортада алқынбақ.
Өмір-соқпақ қым-қуыт,
Тағдыр, тәлей әр басқа.

Жүйткіп өтті тым суыт,
Талай түлек марқасқа.
Аяқ басқан алшақтап,
Тұтып иман-тұмарын,
Төккен тердің ар сақтап,
Мәуелеттің шынарын.

Құтайса он тоқтықтан,
Жұтады тоқсан жоқтықтан.
Ашылды аран аптыққан,
Шайпау сөзі шаптыққан…
Төрт түлікпен мыңғырған
Ой-қырыңда әндеттің.
Егінмен көз тұндырған
Айналаңды сәнді еттің.

Жатсынбадың бірін де:
Болды өзегің, негізің.
Іңгәлайтын бір үнде
Кіндігі бір егізің.
Бірін бірі жесе де,
Қарғамайсың жалғыздай.

Жетсе дейсің есеге,
Қатарынан қалғызбай.
Тікенің де иланың
Топырағыңда өнеді.
Құланың да құнаның
Тағдырына көнеді.

Шыңға шырқап біреуі,
Қалықтаса халінше,
Бәйге алады біреуі,
Әр жарыста әлінше.
Бөтен емес біреуі,
Сыйғызасың құшаққа.

Құрбан қойың — біреуі,
Үнсіз дайын пышаққа.
Жан иесі түлегің —
Қан жүгірткен жүрегің.

Сайласа сал білегін,
Толтырады күрегін.

Өзгеге емес дәм-тұзың
Өз төліңе бұйырсын.
Өз ұлың мен өз қызың
Асықты алшы иірсін.
Бар түлегің түлесін,
Жатқа жалтаң қарамай.
Еселесін үлесін,
Алағай да толағай.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

13 − двенадцать =