Ақын Е.Нүсіпбековтің шығармашылығы.

Естеу, Рақымжан Тоқатаев, Тоққожа Оразбеков

Ақынның алғашқы жинағы 1957 жылы Шиңжаңның Жастар баспасынан «Арман» деген атпен шыққан. Онда кітап атын иеленген өлең былай аяқталады:

…Шіркін, Арман, көз ұшынан қылаңдап,
Жеттім десем, алыстайсың бұлаңдап.
Қуа беру сені неткен тамаша!
Жеткізбеші, жеткізбеші сылаңдап…

Арман алыстарға жетелейді. Оны қуып жеттім, ұстадым деу ағаттық. Естеу ақын да мұнда арман- өлмейтін, өшпейтін сағыныш болғанда ғана шын арман,  арман алдамайды деген ой түйеді. Ақынның бұл ұстаным, байламға келгеніне де жарты ғасыр өтіпті.

Ұстаз және ақын Естеу Нүсіпбеков—өте еңбекқор жан. Өмірдің өрінде де, ылдиында да, қиясында да, асқарында да ол өзін аса қарапайым, сабырлы ұстап келді. Ұлы Жаратушы бойына дарыған талантын табандатқан қажыры мен қайратының арқасында жетілдірді. Биікке көтерілді. Мен білетін Естеу ағамыз биікке шықтым деп әспенсімейді, төменде қалдым, еңбегім ескерілмеді деп жігерсізденбейді. Қандай жағдайда да байсалдылығынан танбайды. Ол дос, туысқа адал және мейірімді. Тіпті қасына да қастық жасамайды. Адамгершілігі биік. Осы қасиеттері қаламынан туған туындыларында да толық көрініс табады.

Ақынның 2001 жылы «Елорда» баспасынан жарық көрген көлемді де қомақты «Кешіккен сый» жинағы қырық жыл бойы жазған өлең, дастандарының таңдамалысы дерлік. Кітап 5 бөлімнен тұрады. Олар былай аталады: «Аспантау бойлап келемін», «Халқыммен ханмын, төремін», «Алашты жырлап беремін», «Антына адал өлеңім» және «Тарихтан маржан теремін». Ерекше ой көзімен оқыған адам, өлең сүйер, өнер сүйер қауым әр бөлімнің атынан-ақ көп дүние аңғарады. Онан кейін байқайтынымыз – жинақта шығармалардың хронологиялық әрі тақырыптық жүйелерді сақтап орналасқандығы.

Бұл кітап жайында ең алғашқы рецензияны Халықаралық Журналистика Университетінің професоры, белгілі ақын Марат Ысқақ жазған. Ол аудандық «Еңбекшіқазақ» газетінің 2002 жылғы 25 қаңтардағы санында былай дейді:

«Бұдан бұрын да екі-үш кітабы жарық көрген ақынның аталмыш еңбегінде қаламы әбден ұшталып, төселген қаламгер дәрежесіне көтерілгенін аңғару қиын емес. Кітаптағы қай өлеңді оқысаң да, одан атамекенге деген сүйіспеншілік, қандастарды аңсау, алаш арыстарды ардақтау, жан-сезім пәктігі, ұлтжандылық, ана тіліміз, мұсылманшылық дініміз, туған жер табиғаты көл-көсір жырға қосылады да бірімен бірі тығыз байланысқан көркем кестеге айналып отырады. Бұған қоса айтарым: жинақ мемлекетіміздің он жылдық мерейтойына бағыштаған ақынның шығармашылық есебі іспетті. Соған орай туындыны ондағы бөлімдерге сәйкес топтап қараған жөн».

Сыншы ғалым мұнан ары қарай әр бөлімнің мазмұны мен көркемдк қасиеттерін талдайды.

Ал кітап авторы, ақын атамыз Естеу Нүсіпбеков жинақтық жарық көру тарихын былай баяндайды:

—              Біріңғай шығармашылықпен зейнеткерлікке шыққан 1995 жылдан кейін айналыстым. Мұғалімдік машақатпен жазамын деп жаза алмаған, бастап қойып аяқтай алмаған дүниелерімнің көбін қайтадан өңдедім және толық аяқтадым. Жаңа шығармаларды да осы кезде өндірте жаздым. Көлемі 28 баспа табақ кітабымды әуелінде «Жалын» баспасына, онан кейін «Санат» баспасына ұсындым. Олардан еш нәтиже болмады. 1998 жылы «Елорда» баспасына жібердім. Екі жылдан кейін олардан басатын болғандығы туралы хабар жетті. Астанаға бардым. Баспа редакторлары жинақты 10 баспа табақтан асырмай қысқартуымды ұсынды. Келістім. Бірінші бәліміне 60-70 жылдары жазғандарымды, екінші бөлімге қазақ халқы, оның ардақтылары жайындағы өлеңдерімді, үшінші бөлімге Алаш ақ иықтары, тіл, дін тақырыбындағы, төртінші бөлімге егемендігіміздің 10 жылдығы жайындағы өлең-толғауларымды, бесінші бөлімге 2 поэмамды топтастырдым. Сөйтіп, бұл кітап 40 жылғы еңбегімнің таңдамалысы іспетті жарық көрді.

Аталған кітап туралы 2002 жылы 27 сәуірде «Жетісу» газетінде жазылған аса талантты прозашы әрі сыншы Жанат Ахмадидің «Өлең жазбай қоям ба баспайды деп» аталатын көлемді шолуында кітап «…тұтастай кәделі еңбек дүниеге келгенін айтуға тиіспіз…» деп бағаланады. Біз де осы пікірді қуаттаймыз.

Әр түрлі баспалардың қоржынында қарт ақынның «Ақбұлағы жанымның», «Бес дастан» аталатын жинақтары кезек күтуде екен. Жаңадан жазғандары мен жазатындары да аз емес. Қалың оқырманның қатарында сол дүниелердің де кешікпей жарық көруін асыға күтеміз.

Атамыз әлі де шабытын шалқытып отыр:

Жеттім жақсы заманға еңсем биік,
Шабыт құсым шарқ ұрып, белсендіріп.
Көбеңдемей көк дөнен көсіледі,
Жетпісімде желігіп ершен жүріп,- деп тебіренеді бұл күнде.

Әлі де көп жемісті еңбек етеріне біз сенеміз.

ОРАЗБЕКОВ Тоққожа, оқыту ісінің үздігі, әдебиет
зерттеуші, қарт ұстаз

Ұқсас материалдар: 1. Естеу Нүсіпбековтің «Кешіккен сый» кітабы жайында
2.  Атам туралы ой толғау

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

14 − двенадцать =