Атам туралы ой толғау

«Ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға» деп жыр төккен ақын Абайдың жыр жолдарын өмірлік ұстанымы еткен, атам Естеу Нүсіпбековтің тек ұстаздық, ақындық, азаматтық болмысында ғана көрініс тапқан жоқ. Өз отбасын тәрбиелеуде де ғұмырлық кредосы болды десем артық айтқан болмас едім.

Ұл-қыздарын, немерелерін ана тілін де тәрбиелеп, қазақи болмыс рухында жетілдіре білген сұңғыла, көреген тәрбиеші. Ақырын жүріп-ақ өмірден өз орнын, бағасын, жалғасын тапқан ақын дегім келеді. Адамға тән, ақынға жарасымды биік парасатымен әрбір өлең жолдарын үйлесімді суреттеу арқылы жеріне жеткізе білген.
Егер де мен мүсінші болсам, атамның ақындық тұлғасын тасқа, мәңгілік рухының биіктігін, жан дүниесінен нұр саулап тұрғанын, ардақтап өткен саф поэзиясының қадір-қасиетін айшықтап көшірер ем. Егер де мен ақын болсам, артында өшпес із қалдырған, “тереңге тереңдеген терең” туралы поэма жазар едім. Егер де мен суретші болсам, азаматтың кіршіксіз таза табиғатын дәл сызар едім.
«Кештім бастан сан қыспақ, сан зобалаң»,- деп атамның өзі айтпақшы, екі ұлы державаның (Кытай мемлекетімен, Совет одағын айтып отырмын) қитұрқы саясатын, аумалы-төкпелі кезеңін, атамекеннен босып арғы бетке өтуі, одан ол жақтың «төмендету» науқанына тап болып, советтік құжаты аркылы бергі бетке, туған топырағына оралуы. Атамекенде де, Қызыл империяның нағыз қызып тұрған шағына тап болып, барлық істе ақырын жүріп анық басуға, сабырлы болуға, әрбір істің ақырын күтуге бейімделген. Себебі мен өзім сол мінездерінің куәсі болдым. Ол кісі «жеті өлшеп, бір кесетін», сабырлылығының шегі болмайтын, біреуге ақыл айтар болса, сол адамның орнына өзін қойып барып соңғы шешімін айтатын. Марқұм атам қайтыс болған кезде ел-жұрт «ақылшым-ау»,- деп жоқтап жылады. Тағы бір жайт: бір жетпіске келіп қалған қария кісі: «бір ай тұра тұрмадың ба? Енді мен не істеймін, кімнен көмек, кімнен ақыл сұраймын»,- деп еңіреп жылап тұр екен. Сосын ел аяғы басылған кезде мамамнан сұрадым. Осындайда, осындай мана бір апа осылай дауыс етіп отырды,- дедім. Сол кезде енем,” ол апа бізге жекжат болып келеді, баласы кездейсоқ бір жалақордың кесірінен «істі» болып қалған, соған атаң беделін салып, көмектесіп жүр еді,тағдыр дегенді қойсайшы өзі аяқ астынан бақилық болып кетті де, ал іс аяқсыз қалды. Өздері Кытайдан келген оралман кісілер орысша білмейді, мүмкін сен бітірерсің, атаңның аруағы риза болар, әрі ана қарияның батасын аларсың” деді. Дегенмен де іс бітті, себебі біткелі тұрған іс екен. Айтайын дегенім, атам қолынан келсе біреулердің қыжалатына жәрдем беруге даяр тұратын. Ақты ақ, қараны қара деп әділ төрелігін айтатын.Сол себепті де елге сыйлы, тума-туыс, құда-жекжат арасында өте қадірлі болды.

Адам қандай да бір азаматты бағалаған кезде ең алдымен оның қоғам алдындағы атқарған қызметі, елге сіңірген еңбегі ең басты өлшем болмақ. Артында қалған ұрпағының тәрбиелі, саналы, өнегелі, сауатты азамат болып қалыптасуына төккен терінің зая кетпегендігінің, атам көзі тірісінде куә болып кетті. Атамның жетпіс үш жыл ғұмырында, басынан кешкен ірілі-ұсақты оқиғалар бізге, ұрпақтарына ұлағат. “Білгенімнен білмесім көп” деп атам небір басынан өткен тарихты әңгімелеп беріп отыратын. Кейде тындап, кейде пендешілік байыбына бармай тыңдамай кететінбіз. Қарап отырсақ, бізге сабақ болсын деп айтады екен ғой. “Мен аласапыранда туған ұрпақпын”, деп күрсінетін. Ол кісіден үйренеріміз көп болатын,санамыз жетіп іліп қалғандарымыз кәдеге жарап жатыр. Ұзақ сапар шеккен, ыстық суыққа қатар төзген жан-жары, сүйікті досы, бес бірдей бауыр еті балаларының анасы енемді, ғұмырының аяғына дейін “Зияда ханум” деп төбесіне көтере сыйлап өтті. Әрбір балаларының ерекшелігін жеке-жеке өлең жолдарына арқау етіп кетті. Ақырын жүріп анық басуға, ешкімнің ала жібін аттамауға, кісінің ақысын жемеуге өз бойындағы қасиеті, іс әрекеті арқылы үйретіп, тәрбиелеп кетті. Болмысы биік, қасиеті қуатты адам өмірінің соңына дейін Алла берген, туа біткен мінезі серік болып қалмақ

Ата, Сіздің ұлтыңыз, тіліңіз, ұрпағыңыз үшін шырылдаған шыбын жаныңызға, небір сын сағатта рухыныз бен сағыңызды сындырмай биік ұстаған тік қалпыңызға тағзым етемін! Алланың рахымында, пайғамбарымыздың шапағатында, жаныңыз жәннәтта болсын!

Рахова Мұқсина Естеукеліні  2010. 27.07

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

5 ответов к «Атам туралы ой толғау»

  1. өтінемін маған аталар сөзі тәрбие көзі деген керек

  2. аталар сөзін білмеген сорлы. Жеті атасын білмеген жетесіз.

  3. өтінем маған қариялар сөзі ақылдың көзі деген шығарма керек еді!!!өтінем бугүн керек

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

17 − три =