Шымыр шыдам
Шақырды бәсекеге Елбасы Елді,
Ақылмен, парасатпен ең кемелді.
Сол сол-ақ іші өртенген бақас топтың
Көздері шарасынан дөңгеленді.
Байбалам айғайменен аттандаған,
Жан-жақтан жапты жала қапталдаған.
Өкпелі әлдекімі мансабына,
Мойнында кінәсі бар батпандаған.
Кейбірі шаужай, шылбыр, атқа талас,
Кейбірі билік пенен таққа талас.
Кейбірі — дүрмекте дүр дүбаралар,
Кейбірі – пиғылы өзге жатқа жанас.
Аз да емес заңды теріс малданғаны,
Аз да емес ақшалыға жалданғаны.
Жамылған қой терісін қасқырдайын,
Аз да емес жын-шайтанға арбалғаны.
Аз емес шүленсіген, пысықсыған,
Тоғайып, көзін жұмып мысықсыған..
Қың демей бәріне де сабыр сақтап ,
Ұстап тұр болат сымдай шымыр Шыдам.