Бәсеке — іс емес-ақ шошынғандай,
Әйтеуір айта салған тосын далбай.
Зейінмен үйренген жөн зерделеуді,
Замана, ағым қандай, жосын қандай…
Бәсеке – бой әзірлеу күрестерге,
Бәсеке – ой әзірлеу үлестерге.
Бәсеке – буындарды берік тұту,
Талдырмау тізені де тірестерде.
Бәсеке – зор ұмтылыс жырақтарға,
Бәсеке – күш әзірлеу мұраттарға.
Бәсеке – қуаттану, шуақтану,
Ғылымда ие болу ұлы аттарға.
Бәсеке – іштей түлеп жан тазарту,
Бәсеке – ұлтжан, елжан қан тазарту.
Дені сау, көзі қара, миы зерек,
Жиырма миллионға жан саны арту…
Кім дайын бәсекеге – жарыстарға?
Кім самғап аршындайды алыстарға?
Кім қайсар қарсы жүзер ағыстарға?
Кім озып қара үзеді шабыстарда?
© Естеу Нүсіпбеков