КІСІЛІК ПЕН КІШІЛІК ЖАЙЛЫ ҮШ ӨЛЕҢ

1
Ақ ділді адаспасам түсініктен:
Кішілік бір кіндіктен кісілікпен.
Айырсам кісілікті кішіліктен,
Діт түсік тастайтындай ісініп дем.

Ісініп, тастатпайын дітке түсік,
Адамдық ар салмағы жүктен күсіп.
Арман не қой асықтың бірі болсам,
Тұратын алшыдан да, шіктен түсіп.

Деміме демікпейін, ісінбейін,
Сөзіме тон пішейін ісім бейім.
Пілдей зіл батпан салмақ тартпасам да,
Сүбеме сәйкес шықсын ішім дейін.

Кеми ме кісілігім кішіргеннен,
Қартқа әзір қазанда асын ішіргеннен.
Түсе ме бет моншағы мәртебемнің,
Көмбеде піскен нанды түсіргеннен.

Құдайым айырмасын кісіліктен,
Жүрдім көп, жүрсем де әлі кішіріп мен.
Не шара есем кетсе есірікте:
Шекемді жүрген жай көп ісіріп мен…

2
Ер салсам кішілікке күн-күн сайын,
Елеусіз кім-кімге де менің жайым.
Жақыным жатырқайды, жат танымай,
Еңсемді зілдей басып қайғы-уайым.

Кісілік иеленсем жалдан тұтып,
Пәстікті, бақастықты жалған тұтып.
Қызғаныш қызыл иті қамалайды,
Қорқаулық қарақшысы жардан күтіп.

Күні жоқ кісіліктің кішіліксіз,
Күні жоқ кішіліктің кісіліксіз.
Адам кем түгендеген төрт тұсын да,
Қу тірлік сонысымен түсініксіз.

3
Әкем ен салған еншім — кішілігім,
Халқымнан мініс атым — кісілігім,
Екеуін теңшеп жексем бір күймеге,
Қалқиям адам болып кішігірім.

Қауіп кем, ерсілік кем — енші мінсем.
Қауіп көп, ерсі де көп — мініс мінсем.
Тізгіні қол талдырар мінісімнің,
Көп үркіп — жүрек ырқы тыныш жүрсем.

Ондайда кейде тартам жаяулатып,
Қаңтарып қос атты да, баяулатып.
Алайда мініс, енші ада күні
Шошимын түс көргендей ояу жатып.
© Естеу Нүсіпбеков

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

13 − одиннадцать =