Жерлессің, замандассың, сыйлассың да

Жерлессің, замандассың, сыйлассың да,
Бірісің етене ескі қимастың да.
Тілеулес істер істеп тілеулеске,
Достарың достарыммен миластың да.

Базарлы, бапты ұстап көңіл құсын,
Болса да созысқан күн қолдың ұшын.
Дос-жарды, таныстарды көбейтуде,
Сенің көп бізден дара оқшау тұсың.

Артықтау дабысың да, табысың да,
Жүйрігің бәйге алған ат жарысында.
Жолыңның болғыштығы жұртыңа аян,
Аңызсың ағайынға, абысынға.

Жол ашық, қолдан келсе көк тірейік,
Байлықты, бақытты да көп тілейік.
Басың мен малың өссе жылдан жылға,
Құдайдың жарылқауы ол деп білейік.

Өссек те бір ауданда, бір ауылда,
Сен білдің бақ-дәулеттің бұрауын да.
Сен білдің табысты еңбек ету жолын,
Жоқтан — бар, бардан — байлық құрауын да.

Содан да қуанамын, қол соғамын,
Басқадан асып түсіп мол соғамын.
Ақ жүрек әмірінен тайқып кетер,
Қиянат, қулық көрсем, — томсарамын.

Бастысы — ділмар, шешен тұрғыласым,
Сен де ерен сөз ұғатын сұңғыласың.
Қақ жарып шаршы топта жеке-дара,
Көсіліп көкпаршыдай суырыласың.

Сол бетпен келдің алпыс асқарына,
Көңілдің бұлт үйірмей аспанына.
Боталы, баталы да ата болдың,
Үлгі етіп ұсынғандай жастарыма.

Әділжан, толып-ақ тұр оң мен солың,
Жетеді не нәрсеге созсаң қолың.
Кемелді, қадірі зор азаматсың,
Сайрар із сезер жұртқа салған жолың.

Желдей ес жетпіс, сексен, тоқсанда да,
Қазы же, қымыз сапыр саба-саба.
Қажы бар, мектеп салғыз, мешіт тұрғыз,
Көре алмас іші тарға сал да жапа.

Көтерер қалтаң сенің пейіл жетсе,
Лайықсыз азаматқа кейін кетсе.
Әкең Көдек ақынның, Естеудің де
Бастыртқын өлеңдерін, зердеңді екше.

© Естеу Нүсіпбеков  1996 ж.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

десять + девятнадцать =