Заман

«Мына заман қай заман, қай-қай заман?»
Империя күйреген дай-дай заман.
Тәуелсіздік жол іздеп сай-сайлаған,
Даусы өктем заман бұл айқайлаған.

Ұлт жандылар жүргенде жүген іздеп,
Ақ қойларын боз дөңге шай-шайлаған.
Боз бестілі бұрынғы пысық хатшы
Іліп кеткен билікті қайқаймадан.

Ұлыстатып наурызды «ойқойлаған»,
Ас түгендеп, ту тігіп той тойлаған,
Алдап соққан заман бұл аңғырттарды,
Жалп еткізген талма жер талтаймадан.

Диктаторлық заман бұл атойлаған,
Қасиетті Ақ үйде от ойнаған.
Қырқыстырған ұлттарды ұлттарменен,
Заң қысса да тәртібі қатаймаған.

Одыраңдап орыстың президенті,
Басқаларды қас жауы жат ойлаған.
Соғысқа айдап бейкүнә әскерлерін,
Күндіз-түні басы оның сақаймаған.

Мына заман қай заман? Қысқан заман.
Қар бораған ақ қаңтар қыстан жаман.
Азғындатты көп басты, арамдатты,
Адастырып, азғыртып мыстан заман.

Нашақор қып, арақкеш, маскүнем қып,
Өз ұлыңды өзіңе дұшпандаған.
Қырық кезге иманың көтерілер,
Қара негр қызыңды құшқанда аман.

Ерініңді төрт елі қақпақ жауып,
Өшіреді үніңді мыстандаған.
Кедейшілік аш бөрі анталаса,
Қысқаны емей немене қыстан жаман?!

Мына заман қай заман? Қатқан заман.
Қырсығына момын жұрт батқан заман.
Аз санды ұлтқа алтын таң атқан заман.
Сөз бостандық алқа қып таққан заман.

Ұлан-байтақ қырларда, қалада да,
Ұлттың үні дес алып шапқан заман.
Тізгінсіздер, ойсыздар бетпен кетіп,
Тұс-тұсына бағытсыз лаққан заман.

Мақсаттылар, ашық көз ғылымдылар
Асыл кеннің көмбесін ашқан заман.
Ұзақ-ұзақ алысты көзі шалған
Сезімділер селтеңнен қашқан заман.

Ие болып жер, суға шаруалар,
Қора толы меншігін баққан заман.
Саудагерлер кем бұйым жылтыңдатып,
Көрсе қызар қалтасын қаққан заман.

Бар байлық, ақша су боп, көзін тапқан
Сейфіне пысықтың аққан заман.
Есебі күш, дүниенің ығын білген
Кәсіпшіге майқұйрық батпан заман.

Мына заман қай заман? Ұшқан заман.
Айлы да айсыз аспанды құшқан заман.
Елдің сәні кіре ме, елене ме?
Ұшақ пенен самғауыр ұстанбаған.

Қоқаңдайтын қолында бар қарумен,
Ту сыртында ел аз ба сұстанбаған?
Болғаны жөн сай жабдық заманыңа,
Жараспайды десең де тұштаңдаған.

Мына заман қай заман? Бұла заман.
Шу асауды еріннен шұралаған.
Ер қайратың болса егер, жүгендейсің.
Ер тоқым сап мінерлік құла заман.

Төрт аяғын мұздай қып тағалаған,
Таймай өтер жалама, құламадан.
Жортарманы жол табар мықтылықпен,
Тең ұстаса тізгінін бұлан адам.

Қыранды да жыландай жігіт алар,
Тас қиялы құзардан құламаған.
Жолды қайдан табады, жөнді қайдан,
Жанашырдан, ғылымнан сұрамаған.

Жүк бөлісер қиянда көсемге де
Аса керек жол жалғар ұлан адам.
Ақыл серік, жол серік — ұстар шырақ,
Қардай борап жауып тұр сұрақ оған.

Айқай, қиқу аз емес уралаған,
Сөз тыңдайық бір көсем, бір ағадан.
Тайсай көрме жолыңнан сыналаған,
Командаңды құрай бер құрамадан.
Төрт тұстан да тәлім ап, тарт ілгері,
Тағалат та тұяқты тұралаған.

© Естеу Нүсіпбеков

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Один ответ к «Заман»

  1. Айқай, қиқу аз емес уралаған,
    Сөз тыңдайық бір көсем, бір ағадан.
    Тайсай көрме жолыңнан сыналаған,
    Командаңды құрай бер құрамадан.
    Төрт тұстан да тәлім ап, тарт ілгері,
    Тағалат та тұяқты тұралаған.-деп атам марқұм, Естеу Нүсіпбеков жырлап кеткендей, бүкіл Алаш болып, дауыс берген Елбасымызға «төртеу түгел болып, төбедегіне алатын» бірлік пен ынтымақты тілеп, тарт ілгері Нұраға дегім келеді

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

17 − 3 =