Қадірлейік бар ісін қасиеттеп

(Елбасының Жолдауынан туған ой)

Көш өрлету оңай ма, — көлікке күш.
Мың ауысып, миласар өң менен түс.
Көк доңғалақ қайда бар ылғи өрге
Тосқауылсыз, бөгетсіз дөңгелегіш?!

Қайрат, қажыр ақылға иін артпай,
Алдан сенім арқан сап сүйреп тартпай,
Қақпатасқа қақтықсақ, жүк аудартсақ,
Бойдан дәрмен қашпай ма шаршап қарттай?!

Тарғалаң із, тайғақ жол, құлама құз,
Кезікпей ме сәт сайын көкала мұз?!
Қыңыр, қисық, қырсықтан, тіл алмастан
Арылмасақ, қайтіп те оңаламыз?!

Болу үшін көш түзу, көлік аман,
Талас туса арада — ол да жаман.
Қалап алған көшбасшың болса дана,
Ол — игілік, бақыт қой, басқа панаң.

Көлік сайлы, күйлі ме шайлайтындай?
Тағалы ма түгел ат таймайтындай?
Өмілдірік мықты ма құйысқан мен
Қос қанжыға бөктергі байлайтындай?

Мәселе еді — осылар шешім күткен,
Ақылы асық, ер, сабаз есім күткен.
Тәуекелге тіркелді тұтастайын,
Сол тәуекел ап шықты кесірліктен.

Түгенделді кемдіктер, сайланды көш,
Босатпадық тізгінді, үзеңгіні еш.
Елбасымыз бастады ұлы көшті,
Сенімінен Алты Алаш алды да дес.

Өттік талай қиялы қиын жолдан,
Бола білді Нұр-екем есті қорған.
Ақылы асық, мойны озық боп танылды,
Қатарынан қасқайып қалың тарлан.

Артта қалды бел-белес, қиыр соқпақ,
Соңда қалды көп көрші қорғалақтап.
Шықтық жайнап жаңару кезеңіне,
Тізгінді еркін босаттық тартқан сақтап.

Өрлетті Елді, Елбасы өтті сыннан,
Өткізді аман от шарпыр өрт тұсынан.
Өткізді аман ішті-тыс өрекпіген
Сұрқияның сұмпайы соққысынан.

Айдыны кең ақылы кемерленген,
Парасаты жетілген, кемелденген.
Бәсекемен, бейбітшіл татулықпен
Баса озуды күтеді өнерлі елден.

Дана ұл болды зор іске бел байлаған,
Мойындады Алты Алаш, бүкіл ғалам.
Қадірлейік бар ісін қасиеттеп,
Пендешілік арылып күнәлардан.
© Естеу Нүсіпбеков

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

16 + 18 =