Жақсы сөз жан семіртер, сергітер де.

Жақсы сөз жан семіртер, сергітер де,
Көңілді шүйгітер де өр күтерге.
Тұс-тұстан құлындатып, шұрқыратып,
Жібек жал сайгүлік ой өрбітер де.

Жақсы сөз – жан сусыны шөл қанатын,
Ой мен тән қуат алып толғанатын.
Шабытқа қайратпенен қомдататын
Қымқаптай саудыр-саудыр зор қанатын.

Жақсы сөз – жарым ырыс сағынатын,
Қиыннан қиюласып табылатын.
Қымбат ол, аяулы ол әулиедей,
Тек жүрек әміріне бағынатын.

Жақсы сөз айта алады Жақсы ғана,
Әр Жақсы – Алты Алашқа бақ сыбаға.
Жақсы сөз тыңдау үшін әр Жақсыға
Болудан арланбаймын атшы бала.

Жақсы сөз – көпшік қойып мақтау емес,
Әдептен, ұяттан да аттау емес.
Жылуын жүрегіңнің ақ жарылған
Шым бүркеп, ішке бүгіп сақтау емес.

Жақсы сөз – аққу сезім балапаны,
Ып-ыстық ізгі ұғымның алақаны.
Көңілден көлеңкені қуып шығар –
Нұр шашар шұғылалы дала таңы.

Жақсы сөз – сара көңіл аңғарғаны,
Сүйсініп, мейірленіп таңғалғаны.
Емдейді ол жұлынды да жүйкені де,
Жота, жон жадыратып бал бармағы.

Жақсы сөз із түсірсе зердеде ояу,
Қай-қашан көңілге дәз салмас қаяу.
Құлағын көп бұраймын зейілімнің,
Қалма деп парасаттан қара жаяу.

© Естеу Нүсіпбеков

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

2 ответа к «Жақсы сөз жан семіртер, сергітер де.»

  1. Жақсы сөз жанға қуат береді қашанда.Жақсы сөзді,жақсы істі тек жана таза жақсы ғана айта алады, жасай алады. Жамандар бұын қайдан түсінсін.

  2. Жақсы сөз – жарым ырыс сағынатын,
    Қиыннан қиюласып табылатын.
    Қымбат ол, аяулы ол әулиедей,
    Тек жүрек әміріне бағынатын.

    Жақсы сөз айта алады Жақсы ғана,
    Әр Жақсы – Алты Алашқа бақ сыбаға…

    Бұл жолдар қазір тура папам туралы ғой. Баршамызға, әрқайсымызға жеке айтатын Жақсы сөзі, жылы сөзі жанға дауа еді. Сағындым, папа, сол сөздеріңді. Бүгінгі туған күніңіз құтты болсын! Шіркін, бәрі арман, амал жоқ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

восемнадцать − 8 =