Қаламың – суырулы алдаспаның

Тұманбай

(Т. Молдағалиевтің соңғы топ өлеңін оқудан туған ой)

Айтқышсың, айтқышсың-ақ, ақын Тұмаш.
Жүрекке жылы жырмен жақын Тұмаш.
Аптығын басып жампоз жандардың да,
Қашанда деп тұрасың құшағыңды аш.

Мойынсал саған күллі сөз жейтіндер,
Қырғиы қияннан жем көздейтіндер.
Пайда іздеп өнер бағын былғамайтын,
Базарын бақастықтың кезбейтіндер.

Төбеге көтеріп жүр өрім жастар,
Өлеңнің тозағынан қорынбастар.
Жаттап жүр жастығына жастанып ап,
Жоқтатпас, жақсы ақынға орынбастар.

Ай түгіл апта салып іздетпейсің,
Қырманын қызылдатқан күздектейсің.
Кермелеп өрнек тіккен кестеші қыз
Қолындай өлең тоқып біздектейсің.

Жаныңның жадағайын жасырмайсың,
Қашанда тағалы аттай тасырлайсың.
Саяқ жоқ қашып сенен құтылардай,
Адымын құрығыңнан асырмайсың.

Қашанда бабындағы домбырасың,
Қаныңмен қызулы өлең жандырасың.
Шабытқа келтірулі құлақ қүйің,
Мейірін оқырманның қандырасың.

Тілейді тілеуіңді қандастарың,
Сәлемін саудаламас жандастарың.
Қынапқа түспей күн-түн жарқылдасын,
Қаламың – суырулы алдаспаның.

Болғаны қандай ғажап сендей ақын,
Жөңкіген тау ішінде сендей ақын.
Ауылбай ақындардың мен сияқты
Алдынан аспас асу – дөң қоятын.

© Естеу Нүсіпбеков

Сурет Ардақтылар сайтынан алынды

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

пять + 15 =