Аспантау бойлап келемін

Хантәңірі

АСПАНТАУ БОЙЛАП КЕЛЕМІН
1
Аспантау бойлап келемін.
Буырыл жалын атымның
Ай сәулесіне шомылтам.
Көкшулан ашық аспанға
Қиян қиял тоғытам.
Әулие Тау – Аспан Тау
Ата мекен тұрағым.
Араласам бұл тауды,
Елеңдейді құлағым. –
Жай жасыны- жаным да,
Шақпақтары – шырағым.
Осы тауда ер жеттік,
Осы тауда тұрағым.
Жүген салып үйреттім
Осы таудың, пырағын.
Тұсауымды тау кесті,
Тасы жұмсақ, жығылсам,
Анам екен Аспан Тау,
Есейгенде ұғынсам.

2
Аспантау бойлап келемін.
Асқар асып аспанда
Ақиықтар қалқиды.
Қайыстырып қапталда
Қарағай, қиың аңқиды.
Аспантаудан қарасам,
Ашылады тынысым.
Алқаптарда шөп, астық
Шалқып тасып ырысым.
Айқыш-айқыш сайлардан
Ағынды өзен андыздап,
Әр жылғадан, қойнаудан
Бастау бастап бал мұздақ,
Сеңгір-сеңгір жар тастан
Секіріп сел тулайды.

Сыңсыған ну орманнан
Аң, құс құйғып зулайды.
Қарағай да, шынар да
Өз желінен құлайды,
Қырғауыл да, ұлар да
Өз құсынан жылайды.
Қанша қырғын тапса да,
Ешқайда ауып кетпейді,
Тал, шілігі беткейде
Жыл құрғатпай көктейді…
Бәріне мен куәмін,
Атпен бөкең желемін.
Аптаптьі да суықты
Тағдырымнан көремін.
Кеше ғана туғам жоқ,
Мен- ертеден ертемін.
Тарих шаңы көп көмген,
Күл бүркеген бөртемін.
Әрнеге де көндігіп,
Азайған асау селтеңім.

3
Аспантау бойлап келемін.
Шатқалында құздардың
Ғашық етіп қыздарын.
Ақ сәукеле шыңдарды,
Кара мақпал нуларды,
Аралай жортып, жаңғыртып,
Ғашық ән сап келемін.

Елеңдетіп жіберем
Қос құлағы тас бітеу
Әулие Тау кереңін,-
Самалындай сол таудың
Ескектесе өлеңім.

4
Аспантау бойлап келемін,
Тарпаң тау ерте ширатқан,
Ерте тарттым ат жалын.
Сақ атанғам салт атты,
Білгем жылқы баптауын.
Семіздің терін алуды,
Арықтың шыр сақтауын.
Ауыздық шайнар асаудың
Шашасынан шаппауын…

Қорғадым ата тұрағын
Өзі боп қайсар қас сақтың.
Үйсін елін құрадым,
Қорған соқтым, тас шаптым.
Шошақ қалпақ Елжау би-
Менің тіке өз атам.
Хан қызына Бежиндік
Аспантаудан айдатқан
Қалың малға мың жылқы,
Қасиеттеп бас етіп
Боз бие мен боз атан.

Батыстан да Шығыстан
Керуен ақса арылмай,
Мініске де сойысқа
Дарқан болдым тарылмай.
Күре тамыр – Жібек жол,
Қалама да, далама.
Жасау-жабдық әкелді ол,
Өнер-білім балама.
Бері-бері беріде
Қазақ болып қалдым да,
Тісін қақтым озбырдың.
Қожасы боп боз қырдың,
Торғауытты тоздырдым.
Ойран қылып ойратты,
Шүршітті атқа таптаттым.
Аңғал, аңқау күн кешіп,
Жорға, жүйрік баптадым.
Мыңғыртып жонда қой бақтым,
Тері иледім, жүн бастым.
Көкпар тарттым, қыз қудым,
Жырау тыңдап, мұңдастым.

Таң атырып елеңмен,
Көк шалғынға бөленген
Жылқы жидым құраулап
Жайлауда таң елеңмен.

5
Аспантау бойлап келемін.
Елеңдейді құлағым…
Құлағымда жыр ағын.
Соның жайын сұрағын…

Ата таудың баурында
Сұмдық аз ба болмаған…
Саудагердің қолында
Қалтылдайды қадақтар.

Елестейді сай-сайдан
Сусылдаған садақтар. .
Сарындайды сарсаң күй,
Босқан, қашқан зобалаң.

Жеті ағайын жұт жайлап,
Мал қырылған топалаң.
Аштық опқан ақ сөңке,
Өртелген ауыл обадан…

Елестейді ерлердің
Суалыңқы жүздері.
Түнде көшкен елдердің
Шұбырынды іздері…

Әулие Тау – Аспан Тау,
Менің мекен тұрағым.
Әулие Тау желімен
Сарындайды сан ағын.

Арындайды мың ағын,
Елеңдейді құлағым.
Жаңғырады жар тастар,
Шаңылдайды қырандар.

Құлдырайды құнандар… .
Үйде – кино, түзде – доп,
Баққаны ойын балалар.
Құлын, тайдай тыраңдар.
© Естеу Нүсіпбеков

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Один ответ к «Аспантау бойлап келемін»

  1. Сусап отыр ем, аяулы ата шөлім бір қанды. Алдыңыз өзіңізге құт, артыңыз бала-шағаңызға құт болсын! Өлмес өлеңдеріңіз ғой Сіздің есімізде мәңгілік сақталғаныңыз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

4 × 2 =