Партия көбейгені кімге пайда?

Партия көбейгені кімге пайда?
Көп күлше көмбештейтін көмбе қайда?
Күлшелі үміткерлер көбейгенмен,
Қауым жұрт қайда мінер, қайсы тайға?

Түгелдей таласары бір-ақ пырақ,
Сөресі — көмбе төрі әлі жырақ.
Ақылды иландырар дәйегі кем,
Айтары ала бәдік, қырық құрақ.

Кеудесі кебек толы ала қаптай —
Көбейді көбік ауыз дала-лақпай.
Көбейді өшті, кекті Оразбайлар,
Тынбаған Абай биді сабалатпай.

Ішмерез ылайлап жүр тұнықтарды,
Шабақты, шортанды да шамалатпай.
Сырт мерез сырын бүгіп тор құрып жүр,
Обырды, шын жемірді қамалатпай.

Партия-партияға жұрт ығысты,
Ізгі, игі ақылдысын ағалатпай.
Көпті аз адастырды даурықпалы,
Салмақты сардар ойды саралатпай.
Келені, үйірді де саясатты,
Береке желі бауын жағалатпай…
© Естеу Нүсіпбеков

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

семнадцать − одиннадцать =