«Адам күні адамменен» деген сөздің мәні не?
Бір сом беріп, бес сом алар саудагердің әні ме?
Ісі түссе, көлеңкеңдей қасыңнан еш қалмайтын,
Ісі бітсе, із салмайтын жылпостықтың сәні ме?
Сараласам:
Аларманның арзан енші сөзі екен,
Берерменге аузына түспес тым «дефицит» бөзі екен.
Жақсы адамнан бір жақсылық жұқтыру деп мен жүрсем,
Ол далбаса өзімді-өзім алдарқату көзі екен.
Ізденіп жас, ізгі ой тапса өнерліден, данадан,
Жаңа ой туса, өнер туса үлгі алып ағадан;
Адам күні адамменен болады деп ойлаймын,
Адамдықтар, асыл істер жалғас тапса баладан.
Әр кеудеде бәйге атындай ізгі сезім жұлқынса,
Шаң-тозаңнан тазарып жан қызғалдақтай құлпырса.
Жан сыйланса, ар сыйланса ешкім айдап шықпыртпай,
Айнымас дос, туысқандық қолтықтасып нық тұрса —
Адам күні адамменен дәл сонда.
