Тағдырласым тауларым

Ақ күндік, ақ сақалды қарлы шыңдар!
Ассалаумағалейкүм!
Армысыңдар!
Әр жылғаң арқыратқан ақ жал бұлақ,
Тәрізді ағыл-тегіл алғысымды ал.

Шипалы шөбің, суың, ауаң – дәрім,
Сипаса сергітеді самалдарың.
Қаншама шарласам да шаршы әлемді,
Саған тең жер жаннатын таба алмадым.

Аппақ қыр қиян асу, мұзды тоңдар,
Жасыл ну: түлей тоғай, құж-құж жондар.
Құшырлы құшақтайсың бес тұсымнан:
Теріскей, Күңгей, Іле, Қырғыз, Жоңғар.

Бесігім – бес Алатау!
Тербетесің,
Қастерлі төре тұтып төрлетесің.
Қандырып қан қыздырар қымызыңа,
Құйрық май ұрттатқандай терлетесің.

Асқақсың асу бермес әуел бастан,
Қаланған әр мұзартың мұз бен тастан.
Талай сыр сапырады әйгілі атың:
Делінген «Шоқан асқан», «Абылай асқан».

Қулық жоқ құпияңды жасырғансың,
Айбынды айбатыңды асырғансың.
Ту сырттан көз алартқан кім-кімнің де,
Үрейін, зәре-құтын қашырғансың.
Әзелден құшағы кең құт ұясың,
Сырт көзге қабақ ашпас құпиясың.
Сыздатып желіндерін жеті өзеннің,
Балқашқа бақ-ырыс боп құйыласың.

Қызырлы қорғанымсың шығысымда,
Ұстаттың бар ырқыңды уысымда.
Арандап қойнауыңда құламайды:
Аң – орға, бұғы – аранға, құс – шырғаға.

Сынайсың қарлы аязың қыста қақап,
Кетердей жазда селің сайда тапап.
Сақ, ширақ сыбантасың білегімді,
Таптыртпай аяққа аял – мұрсат сағат.

Ойнатып жалында асау ала қашқан,
Сергек ұйқы өсірдің бала жастан.
Қолайлы: көшсе – жеңіл, қонса – жылы,
Киіз үй мүсіндеттің таза ағаштан.

Жерің аз шарқ ұрып мен шарламаған,
Көлің аз көкжиегін барламаған.
Әйтсе де өз ұлыңмын жете таныр,
Сезімі, сенімі де алдамаған.

Жаралғам топырағыңнан майда мақпал,
Қарағай, қайың өнген, сағалап тал.
Төсіңде томпылдатқам тағасыз да,
Қауіптен тайсақтамай тайғанақта әр.

Өз қойның – өркен жайып өсер жерім,
Көк Тулы тағдырымды шешер жерім.
Жаңылма жазатайым мінезіңнен:
Дамылсыз тұрсын жауып нөсерлерің.

Естеу Нүсіпбеков, Есік қаласы
Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Один ответ к «Тағдырласым тауларым»

  1. «Бесігім – бес Алатау!»Қазақ жері неткен кең шіркін,сол кең байтақ жерімізді сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа шып-шырғасыз жеткізсек гой!
    Ата-баба аманатына қиянат жасамас едік.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

5 × 5 =