Естеусіздік

(Өмірбаянның бірінші беті)

1.Мешін жыл ақпанында
Үріккен ел етегін жаппаған шақ,
Арттан да алдан үрей қаптаған шақ.
«Келімсек», «шолақ етек», «қашқын» деген
Ен-таңба үркін елге шаптаған шақ.

Дау-дамай дүрлеп, лаулап қақтаған шақ,
Әр дүмді мың пәле іште қаттаған шақ.
Шаңия, зәңгі, мампаң, ақалақшы
Дөкір сөз, дойыр қамшы саптаған шақ.

Жастары андыздаған кәсіп іздеп,
Кейбірі Суасуды асып іздеп.
Кейбірі бай қалмаққа малай болған
Жүруге төбе көріп жанымыз деп.

Үш ұлы Нүсіпбектің етпей тайқақ,
Маңдай тер, білек күштің нарқын байқап.
Құмды мұз жапқанынша болып кепті,
Көксудің сағасында алтын шайқап.

Толтырсын бір күз қанша кем-кетікті?!
Үш үйдің киімін түзеп өңдетіпті.
Өңдеткен киімдері бар болсын-ау:
Дерті үдеп, Мамырбекті меңдетіпті.

Түзден қыс, үйден үрей қабат қысып,
Кәрі-жас үрпиісіп, қабақ түсіп.
Аяздан қалтыраған бұтадай шоқ,
Бүкеңдеп бүкіл ауыл тұрыпты үсіп.

Мешіннің сұрқай сұқсыр ақпанында,
Ақ түтек жерді тарпып жатқанында,
Сабырбек отауында мен туыппын,
Шолақмыс деген өзен қапталында.

Жас шынар опырылып қыраулаған —
Мамырбек жан үзіпті түн ауғаннан.
Туыс, жар аһ ұрыпты, күңіреніпті,
Көз ісік, жүздер сынық бұлауланған.

Басым боп ұнағаннан ұнамаған,
Кейпіне мен еніппін кінәлі адам.
Жатыппын құндақтаулы отау үйде,
Домалап түскен доптай құламадан.

  1. Азандап атам қойған есімім

Қырық күн жылау-сықтау ұласыпты…
Қыс бабай күңгейді ашып, қыр асыпты.
Азадан сансыраған ауылдасқа
Әжеміз сәбиді естіп сыр ашыпты.

Қайғыдан серпілгендей сәлге естері,
Үлкен үй алдырыпты нәрестені.
Шілделік, Жарыс қазан, Бесік тойы
Әндерін қалқытыпты өңештері.

Нүсіпбек атам маған ат қойыпты,
Қазақы ұғым салтқа шақ қойыпты.
Ойланып көп отырып аз сөзді адам,
Шын халді жұрт алдына нақ қойыпты.

— Естеусіз жас нәресте айлап жатты,
Құндақта қайдан білсін байланбақты?!
Кешірсін жаратушы жалғыз Құдай,
Шілде той ай асса да тойланбапты.

Естеусіз жатты емес пе жас нәресте,
Ешкім де дей алмады баланы есте.
Қайғысы Мамырбектің ес аударып,
Естеусіз жатқан жайы сол емес пе?!

Қам көңіл біз пендесін ұмытпай Хақ,
Беріпті жас шарана үмітті аяп.
Естеусіз берген Алла бұл сәбиді,
Естеусіз аларда да ұмытқай-ақ.

Естеусіз болсын аты немеремнің,
Біреуі болмаса да зор ереннің.
Іздейтін ата жұртын есейгенде,
Қатарда бірі болсын ер өреннің.

Есімді атам қойған азандатып,
Естіпті тау да, ой да, жазаң жатық.
Қабылдап жұрт тарапты Естеусіз деп,
Қалдырмай дастарқанда, қазанда түк.

— Естеусіз, Естеусіз! — деп ел кетіпті,
Жаңғыртып ордалы орман жел жетіпті.
Қар суы тау суына шүйінші айтып,
Текесті тасқын кернеп селдетіпті.

  1. Бір буынын кемітті Толыбай көк

Мектептің босағасын басқан шақта,
Алғаш кеп, айқара есік ашқан шақта,
Қалжыңбас тұңғыш ұстаз Толыбай көк
Жүгіртті есімімді басқа саққа.

— Естеу-сіз — қойған аты бұл атаңның,
Естеулі болғаныңды ұнатамын.
— «лі» қоспай, «сіз» буынын қысқартайын,
Кемімес сол буыннан сірә атағың.

Деді де: «сізді» жазбай «Естеу» деді,
— Шәкіртке керек-ақ қой бөспеу, — деді.
— Асықпа, Сіз боласың есейгенде,
Атағың шыққанда ерен кештеу, — деді.

— Ып-ықшам, Естеу десек және әсем,
Тіпті де Естеусізден емес бәсең.
Атыңа көрік беріп өзгерткенге,
Алғысын айтар қайта атаң, әжең.

Бұл іске дау айтпады қасымда әкем,
Қолтықтап кеткендей ой басын бөтен.
Мені де, әкемді де, бүкіл жұртты
Төкеңнің мысы басты жасынға тең.

Кез болып дуалы ауыз ұстасына,
Осылай Естеу болдым тұстасыма.
Ата-анам Естеусіз деп үйде атады,
Келсем де естиярлық іс басына.

Естеумін, естеулімін ес білгелі,
Қолыма қалам тұтып дес кіргелі.
Ризамын тұңғыш ұстаз Толыбайға,
Есімім жаңармаса, ескірмеді.

  1. Сенімді есім

Ғажап сол: енді ойласам егілемін,
Қақырап қабырғамнан сөгілемін.
Тұңғиық түсініксіз қиялдардың
Тым тылсым арбасына жегілемін.

Байыз сап алымына, салымына,
Жанымның көп үңілем налуына.
Болған ба атам қойған атым қабыл,
Естеусіз, ескерусіз қалуыма?!

Дақпыртты демесем де болдым ноян,
Өлеңде жарқын, айқын жолым баян.
Қай қырсық бақ құсымды байлап тұтқан,
Көгінде қалықтатпай еліме аян!

Неге мен естеусізбін расында?
Кім дайын сандығынан сыр ашуға?
Естеулі болмауыма себеп қандай?
Естеусіз тағдыр неге ұласуда?

Неге мен ақындықтан естеусізбін?
Неге мен ұстаздықтан естеусізбін?
Неге мен арғы бетке естеусізбін?
Неге мен бергі бетке естеусізбін?

Неге мен халық үшін естеусізбін?
Неге мен тарих үшін естеусізбін?
Неге мен өнер үшін естеусізбін?
Неге мен өлең үшін естеусізбін?

Кей-кейде соны ойлап егілемін,
Қақырап қабырғамнан сөгілемін.
Арық, аш болдырыңқы қиялдармен,
Арса-арса ескі арбаға жегілемін.

Жанымды естеусіздік мазалайды,
Түңілтіп үмітсіздік жазалайды.
Сенім-нар таса жоннан тайраңдап кеп,
Жұртта жүк тастамас қып тазалайды.

Сенсем де қаларыма Естеу болып,
Мезгілім қастерлетер кештеу болып.
Өкінем шалғай қоныс жүргеніме,
Көп еңбек кеткеніне ештеу болып.

Шекірітті, Ақсу – құт мекен

(Өмірбаянның екінші беті)
1. Ырғын ырызық

Қалмақ жағы бәсейтіп қабансуды,
Есе тиер қашқынға заман туды.
Басына үй, баурына қазан орнап,
Албанның да әйелі аман туды.

Тозық, жыртық көңілді бүтіндерге,
Жетер байлық қайда бар шіркін жерге?!
Құлжадағы Кеңестің консулдығы
Араласып жер кесті үркінді елге.

Ағаяз бен Ақсудың арасынан,
Құйқалы қыр, көк жазық даласынан,
Қашқын қазақ, орысқа мекен тиді,
Шығарған зор нәтиже таласынан.

Қазық қағып,
Азайтып таласуды,
Мәлі салды жағалай Қарасуды.
Шамасынша шөп шауып, егін айдап,
Бейқұт ғұмыр кешірді жарасулы.

Кейде бекер секілді безектеген,
Жақын екен келетін кезек деген.
Желіндері жер сызды сиырының,
Қайтқанында өрістен өзекпенен.

Тұнған тоғай, өзен, тау-жыныс орман,
Тегін, ырғын ырызық, ырыс орман.
Жыл ішінде ағаш үй саңғыратты,
Тіл табысып балтамен ұғыса алған.

2. Қызыр ауды Қарасу, Ақсу жаққа

Қарасуда тізілген мәлі болды,
Мәлі салар албанның әлі болды.
Жобасымен кеңестік мамандардың
Қоныстану басталды бәрі де оңды.

Оңай өнер — там соғу білектіге,
Білек күшін аямас жүректіге.
Қоржын үйлер тұрғызды әр шаңырақ,
Ұстай біліп кетпенді, күректі де.

Тоған қазды Ақсудан қырқалатып,
Жон қуалай сай-сайға су таратып.
Шабындығын шүйлетті жоңышқаға,
Майса кілем жайғызып гүл ала түк.

Арпа, бидай өсірді жайқалдырып,
Қарыс сабақ иілтіп найқалдырып.
Бәйге баптап, жастары жақсы ат мінді,
Қарттары аста жорғасын тайпалдырып.

Зығырды да өсірді, қышаны да,
Жуасының көз булап тұшымына.
Күнжарасын жем етті құнары мол,
Соғымына, борлаған қысырына.

Қызыр ауды албанға, ырыс ауды,
Жайлады жаз Ойжайлау, ұлы тауды.
Төлін төгіп қой, ешкі егіздетіп,
Жылқы, сиыр ұмытты қысырауды.

Қызыр ауды, Ақсуға албан ауды,
Жазы-қысы ұмытты мал қамауды.
Иен жатты төрт түлік тойынды да,
Ұры-қары ұмытты шалмалауды.

Албан сүті бетіне қаймақ тұрды,
Құлын, тайы үйірде ойнақ құрды.
Қорлық бұлты түріліп азғана жыл,
Азаттықтың әр жайын ойлаттырды.

3. Ойжайлауда

Арық-тұрақ маусымда қоңданады,
Қыстан күйлі тай, құнан жонданады.
Тентекқарасу сазы, Ақсу бойы,
Жазығына шыжандай ел қонады.

Қоныс шүйгін, шөп соны, жайылым кең.
Бастасқа әркім қарайды мейіріммен.
Желі майлап әлінше әр шаңырақ,
Беріседі — ерулік пейілімен.

Жігіт-желең науқаннан қолы босап,
Үйі алдынан қазады орып ошақ.
Ағытылып сәскеде саулық қосақ,
Қазанда құрт қайнайды қою тосап,

Аша, қазық асынған бақан, сырық,
Көтереді бөз дорба қатық сүзіп.
Шыпталарда сықпа құрт, сары ірімшік,
Өре ағашты төрт діңгек кергі түзіп.

Қарт жайдары, бала мәз, қабақ жайраң,
Қай ауылға барсаң да сауық-сайран.
Желі-желі бие бау, үйезде мал,
Жылтылдайды құндыз түк құлын-тайдан.

Арыздасып, қоштасып қыздар шүйлеп,
Той жарлаушы жортады түйдек-түйдек.
Ашамайын, ат жалын үкілеген,
Жарысады сүндетші кілең түйнек.

  1. Ескі мәлі — шекіртті

Ескі мәлі —Шекіртті, дүнгені көп,
Ділі қатты халық ол дініне көк.
Үйлері кем қазақтан қыз, жиенсіз,
Ат байлайды көп төркін күніне кеп.

Кәрі, жасы — еңбектің шөгелдері,
Көкөністің шетінен шеберлері.
Қысы-жазы тынбайды, жер өңдейді,
Қаз, үйрекке қайысып бөген, көлі.

Пияздары тоқпақтай жұмырылған,
Картоптары аяқтай туырылған.
Сәбіздері жайындай суырылған,
Тіл үйірер дәмді асы қуырылған.

Зиян бар ма көп күйеу, көп жиеннен,
Нағашы деп, қайын деп бек сүйенген.
Береді шай өзіңе, атыңа жем,
Шана, арбадан түсіріп шөп тиелген.

Ауысады сол дүңген құрал, сайман,
Ортақтасып егін сап жақсы жайдан.
Бөліседі өсімін малының да,
Тәлімінен қазақтың қашсын қайдан.

Жиен дүңген үйренді перілікті,
Жылқы жанды, атқұмар серілікті.
Көкпар тартып, қыз қуып, өлең айтып,
Қамшы, жүген қазақша өріліпті.

  1. Көш шығатын қиядан

Болатұғын тік қабақ қатпар-қатпар,
Қарасудың басында жасыл жақпар.
Шымдауытты майса шөп бүлдіргенді,
Үйір-үйір тобылғы, арша мен тал.

Сол беткеймен шұбырып көш өрлейтін,
Көшті бастап жолшы ата көсемдейтін.
Жігіт-желең самдағай саспай, жылдам,
Ауған жүкті түзетіп есендейтін.

Ширайтұғын бос белбеу бошалаңдар,
Бұрауы мен бел жібі босағандар.
Көзге осында түсетін күйгелек пен
Бақырауық ешкідей бошалаңдар.

Сыналатын желбегей, желеңді де,
Жайшылықта жайдары еренді де.
Сылқымы да, әр үйдің мырзасы да,
Ардың-күрдің келеңсіз, келеңді де.

Көш шығатын қиядан шақырымдап,
Әупіріммен жол ұтып ақырындап.
Көк тепсеңге көш арты жиылғанда,
Қарт пен дімкәс көмекке шақырынбақ…

  1. Торы айғырдың үйірі

Ата еншісі Торы айғыр жалдас еді,
Ат қумайтын үйірден мал басы еді.
Өңмеңдесе өзге айғыр, қодаңдаса,
Шоқтығы оның шайналып қан жоса еді.

Сабаз, сырбаз, саябыр меңзеп сауға,
Ең бірінші тоқтайтын желі бауға.
Атам жалын тарайтын, ол шұлғитын,
Ишарамен айтысып «есен-сау ма».

Үйір ана Бозбие еміреніп,
Шұлғып ол да тоқтайтын мейір еміп.
Атам да боз кекілін сол қолымен,
Кідіріссіз тарайтын тебіреніп.

Екі мықты желіде байыздаса,
Секем, үрку болмайтын өзгеде аса.
Тиектеліп ноқтамен бүкіл құлын,
Жүгенделіп қалатын аттар қоса.

Жуас айғыр үйірі жуас нәсіл,
Жүрісті де, желісті өңкей асыл.
Құнан, дөнен бөлініп саяқсымас,
Бірге өлуге дайын-ды түссе жасын.

…«Кіндігі асыл, құт бауыр қай қырынан,
Қашағаны жоқ үйір — айғырынан».
Мәтелдей маң айтылып, әулет қуып,
Қайталайды тау-тастан жаңғырық ән.

  1. Бастауымен Толыбай ағамыздың

Құдай оңдап, жарылқап құлшынысын,
Ақ нұр жарық аптады күн шығысын.
Оңға басып мәлі ісі іркіліссіз,
Арқау жібін иірді ұршығы шын.

Мектеп, мешіт ашылды ортасынан,
Кеуде қасқа өндіршек қолқасынан.
Алды-артты парықтап саралады,
Сары майдай айырған тортасынан.

Кірпіш құйды әр түтін жүзден, мыңнан,
Асар жасап жігіттер өтті сыннан.
Қос атпен де салт атпен қарағайлар,
Жеткізуден жері жоқ ешбір тынған.

Ешкімге ешкім жасамай тізгін қақпай,
Шеберлері көсіліп тілді тақтай.
Қасек қиды терезе, есікке де,
Өнерлісі үйінде қарап жатпай.

Айбат шегіп алғаш та қатуланған,
Ақырында ақылмен татуланған…
Бастауымен Толыбай ағамыздың
Мектеп тұрды бір жылда шатырланған.

Дәлізі бар төрт бөлме саңғыраған,
Атты кісі енгендей даңғыраған.
Есік ашты, төрт ұстаз құшақ ашты,
Дайындауға көзі ашық даңғыл адам.

  1. Сабырбек имам

Парыз, қарыз өтейтін ақы қылмай,
Ғұламалық үйретті жақынындай.
Әбдірейім дамолла Шекірттіде
Емтихан ап оқытты жарты жылдай.

Содан Сәбең мәліде болды имам,
Мешітіне тақуа елін жиған.
Оразасын, намазын қаза етпей,
Дін насихат жолына жанын қиған.

Кітапты көп жинады арғы-бергі,
Оқуға ақыл, ойының бәрін бөлді.
Қазы, мүфти, кәланнан аймақтағы,
Білімдарлық бекіткен алды белгі.

Білді мәннің жоғын еш таласуда,
Жұрт жұмылды дін танып тарасуға.
Пайғамбарлар тарихын таратуда,
Қамшы салым алға озды Қарасуда.

Мектепте де оқытты діннен сабақ,
Қызға да ұлға көрсетіп бірдей қабақ.
Тыйым салар бозаға, араққа да,
Қатарынан қарт, жастың құрды санат.

Құран Шәріп аударды Әлімбектер,
Бала молда атанды Әлібектер.
Сауытақын, Уәш те діндар болып,
Әр шәкірттен мол жиды мәліметті ел.

Жер баспады дәретсіз, шүкірліксіз,
Әдеп ұстап тіс жарды күпірліксіз.
Бір Алладан басқаға табынуға
Болмайтынын жарлады бүкір-бүксіз.

Туды әйтсе де Тәңірге шек келтірмек,
Жындандырып жынды су көк мөлтілдек.
Заман туды адамды азғындатар,
Дінді апиын деп танып шеттендірмек.

Келді билік көк езу ақылы арық,
Көк текеше көз сүзді бақырауық.
Төңкерістің қас жауы қатарына,
Қосақталды молда, имам, тақуалық.

Абыройы айпара жақын, жатқа,
Сәбең молда тап болды сол апатқа.
Ете алмады еш опа еш шәкірті,
Не баласы қол созған болашаққа.

Шариғатқа ақ адал, санасы сең,
Мешіт, мектеп шектелген арасымен.
Пайғамбардың туына бата беріп,
Оққа ұшты «пан-ислам» жаласымен.

  1. 9. Алмабек бай

«Адай» деген аты бар Алмабек бай,
Алды айдынды кісі-тін, көңілі жай.
Кермесінен кетпей ат, қайнайтұғын
Самаурында, шәйнекте сарқылдап шай.

Аға-інісі айбынды және өктем,
Балалары бейбастық, көкжал шеттен.
Арбалары жабдықты, соқасы сай,
Аты жарау, тағалы қостап жеккен.

Егіндері алсынды өсіп жеткен,
Майысады масағы желге еппен.
Сәуір дымы дегдімей жерін жыртып,
Тұқымын да өзгеден бұрын сепкен.

Шабындығы шұрайлы шөп ұйысқан,
Майсасына шық-моншақ шомылысқан.
Қырманы да қырқаның қыр жонында,
Еседі жел ылғида оңы тұстан.

Жайлауы да бөлекше, қонысы да,
Байыздайды төрт түлік сонысына.
Құйрықтарын қойлары көтере алмай,
Қысырағы жұнттай жоны шыға.

Болмаса да қастерлеп аяғаны,
Жылқысының жұп-жұмыр жаялары.
Жарыстыра қаздитып, сырты орланған,
Алып жатыр әлем жер маялары.

Тәлейі әлде тағдыры тасыттырған,
Алуға айды аспаннан асықтырған.
Қызыр түнеп, бақ қонған құтты ұяның
Дәуірі еді қарыштап басып тұрған.

Төлі егіздеп қосылып түлігіне,
Қанат біткен жүйірік күлігіне.
Асыл бұйым, қымбат тас құйылады,
Алты қанат үй толы мүлігіне.

Сонда да әркім бұл байды алқамайды,
Тосын жұмбақ көп жайды қалқалайды.
Күдік, секем қосақтап «Адайға» әкеп,
Жұтып қойып сөз соңын шалқалайды.

Айдалғандар аз емес үш мәліден,
Көрсетілген сұқ саусақ ұштарымен.
Сыбырлайды әр-әркім «Адайда» деп
Сол саусақты жасырған нұсқалы жең.

10. Жуандар

Өңкей бір өңкигендер, дөңкигендер,
Қампиып қарындары теңкигендер.
Насыбай толы ерін
Оңды-солды
Тісінен түкіретін сөңкигендер.

Қазақта малды жандар, пұлды жандар,
Шыбындап ұлық көрсе шұлғығандар.
«Түзетем даңзадағы сандарды» деп,
Әр үйден қой, құлынды қылғығандар.

Оңаша шықса жұрттан
Қарқылдаған,
Бірінен бірі үдеп қарқындаған.
Айтқанда кімге қамшы ойнатқанын
Қарқылы, барқылы да сарқылмаған.

Біздіңше естен жұтап тозған жандар,
Өзінше қатарынан озған жандар.
Шопаңшы құжырадан жүнжүн жұтып,
Құтырып қаны бойда қозған жандар.

Жүз түтін, мың түтіннен қарайтындар,
Күреден бұйрық алып тарайтындар.
Жүгенсіз қылықтарын қозғамауға,
Ұлыққа сый мен тарту санайтындар.

Қыр елін солар билеп, қанайтындар,
Мал-жанды тек өзіндік балайтындар.
Ие боп қыр қазағын қойдай айдап,
Ауданға, жемеңгерге жанайтындар.

«Жаңбыр бір, терек екі жауар» деген,
«Емшекті қол иніне сауар» деген.
Жауатын, сауатын да солар ғана,
Жетеді солармен де тауар деген.

  1. Азап пен тозақ

Не сабаз сансырады Сөз дертінен,
Ту сырттан нұсқап атар Көз дертінен.
Түрмеде сан түңілді тағдырынан,
Ауыр кеп өзге дерті өз дертінен.

Біле алмай кімнің досын, кімнің қасын,
Артқанын кімнің жүгін, кімнің қосын.
Тұңғиық таңғалатын сыз еденде,
Жабырқап жапа-жалғыз төгіп жасын.

Қинайтын тосын кінә, тосын сұрақ,
Қитұрқы зымияндық қырық құрақ.
Бойыңды аулақ ұстап, жүрген жырақ,
Саясат сайқал-ақ қой, бар ма тұрақ?!

Сан мың жан құрбан болды кінәсіз-ақ,
Сан мың жан ауру тапты, тәнде сызат.
Таңжарық бұл тарихты қанмен жазды,
Төкті де ойлы, көркем дастан ұзақ.

Көз ашты қорлық, зорлық, қиянаттар,
Көрсетіп ұрпаққа жол қияға аттар.
Азап пен тозағында үркінді елдің
Сабақ көп ой шегелеп, тиянақтар.

Әке тағдыры

(Өмірбаянның үшінші беті)
1

(Шатыда шекарада тұрған атты әскерлерді 1950 жылы 10- тамызда Қытай коммунистерінің билігіне қарсы көтеріліске бастап шыққан Ыдырыс, Мамырхан деген қос капитанның эскадронына Орта Шекірттіде жолыққанда, оларға берген Сабырбек имамның батасы)
О, Құдайым!
Қолдай гөр
Атқа қонған ерлерді.
Туын Шығыс Түркістан
Тік көтерген ең бергі.

Дін исламның Ақ Туы
Жастарыма аманат.
Қарыштасын қадамы,
Естімейік жаманат.

Қазақ, қырғыз, ұйғырлар
Бостандығын қорғасын.
Сібе, солон, мұңғыл да
Қатарынан қалмасын.

…Өлсе — шейіт, қалса — қазы,
Қырандарым ерлесін.
Жүрек жұтқан өрендер
Намысты қолдан бермесін.

Рахымы зор Алла
Жолдарыңды оңдасын.
Бостандықты таптаушы
Екі өмірде оңбасын.

2. Молдакемнің монологі

(Сабырбек имамның атуға кесілгенін естігендегі толғанысы)

Үйім де, мектебім де, мешітім де

Қалады бас иесіз осы түнде.
Үнімді, зікірімді, азанымды
Күңіреніп зар болар жұрт есітуге.

Шала ұлық кесті жолын кешірімнің,
Үмітін кесті ұяң жесірімнің.
Үмітін кесті жалғыз Баянымның,
Сенімін жойды және бес ұлымның.

— Хұқығың жоқ, — деді, — дін үгіттеуге…
Жер шұқып, қалды қарап үміт жерге.
Жабысты қырсық болып берген батам,
Көтерген ислам туын жігіттерге.

Қандады қызылменен қағазымды…
Жатқызды дұшпандыққа уағызымды.
Арынға, Ақанға айтып үкімдерін,
Оқыдым өз жаназа намазымды.

Мен ертең қоштасамын пәнименен,
Аспаны нұр сәулелі Нән Үйменен.
Момақан жарыммен де, жеңгеммен де
От жағып, бала бағып, нан илеген.

Мен ертең қоштасамын елімменен,
Жүйрік, жорға мінген жерімменен.
Тілеуі Текесімнің қабыл екен,
Қойнына кіндігімнен желімдеген.

Аға-іні қоштасамын бауырыммен,
Қос қолын ұсынатын тәуіріммен.
Құрметтеп әулиедей ақ сәлдеммен,
Аймалап алқалаған дәуіріммен.

Мен таңда қоштасамын тауымменен,
Қыс қармен, жаз жуынған жауынменен.
Бір сөзде: абзал болды құтылғаным —
Бір жусап, бірге өрмей табынменен.

Құранда дін тарату парыз болса,
Ең әуел ол имамдық қарыз болса…
«Жау» болдым «төңкеріске» дәл сол үшін,
Дінсізге тірек екен арыз болса.

Жазыпты туыс арыз, шағым айтып,
Қыздарын оқытқанды шабына айтып…
Көр кеуде надан тобыр айтаққа ерген,
Молданың қалсын депті-ау сағы қайтып…

Даурыққан заман мына тоң-торыспен,
Зерделеп санассын ба оң-теріспен?!
Ақ, қара — бәрі бір бәс есерлерге,
Дін жолын талқандады «төңкеріспен».
Дінсізде, шала ұлықта мақсат басқа,
Анттасқан мансап атын ақсатпасқа.
Асыра сілтемесе, өсе ала ма?!
Әбді не момын жұртты қақсатпасқа?!

Мұнафиқ қара жүрек, қаны бұзық,
Жапты өңкей жамандықты жанын үзіп.
Пантүркист, панисламист, контр, ұлтшыл
Деген зор айыптардың астын сызып…

Ділімді дін исламға ұсынғанмын,
Әлхамда әлімсақтан мұсылманмын.
Арналған құлшылығым Жалғыз Хаққа,
Кеудемнен күпірлікті ысырғанмын.

Ешкім де демес босқа қуыстандың,
Жау кесті сұқтауымен туысқанның.
Бір сөзде: өкінбеймін бұл өлімге,
Шалындым құрбанына дін исламның.

Тапсам сәт, өткізбеппін оқымастан:
Жадымда «Кербаланың шөлі» дастан.
Емеспін алғашқы да, ақырғы да,
Жан кешкен дін жолынан айнымастан.

Туар-ақ дін қуарлар менен асқан,
Арымай айналаға нұрын шашқан.
Жағар-ақ әр жүрекке ислам шамын,
Сөнбес күн куә болар, мынау аспан.

Көз алдым бұлдырайды қарауытқан,
Қазағым арылмады балалықтан.
Ала ауыз — алты бақан, айғай-аттан,
Данагөй Абай айтқан алалықтан.

…Нақты күн көтерілді Ыдырыстар,
Межеге жеткен соң не кідіріс бар?!
Құртқанда Құлжа құртты қаруы сай,
Сөз бұзды қорқақтар мен ыбылыстар.

Сөз бұзды жұлдыздықтар, қашқарлықтар,
Сертте нық тұрмаста не ұғыныс бар?!
Тәулікке жетпей шерік басып қалды,
Кіргізді іріткісін жымысқылар.
Басталды қашып-пысу — бой жасыру…
Көпірлер күзетілді, бұрылыстар.
Тоз-тозы шығып кетті пидайының,
Қалмады көтеріліс туын ұстар…

…Дөкейлер бұғып қалды тасаланып,
Алғашта ызыңдаған масаланып.
Сатылды дүңген, ұйғыр опасызы,
«Зор Қытай бірлігіне» қашаланып…

…Мені де сол алалық алып жеді,
Түбіне діндесімнің жетер жегі.
Жат жұрттық жайнаңдап мәз жауластырып,
Көріктей иінінен лебін үрлеп.

Болмап ем еш қызыққа аса қарық,
Аллаға, адамға да жүзім жарық.
Куәгер қандастарым алар ақтап,
Бұрыс іс істемедім тасаланып.

Алысқа әлсіз үнім жетері хақ.
Ұққан құл құран оқып өтері хақ.
Тірлігім қайткенде де қысқа болды,
Деуші едім бес мүшелге жетемін-ақ!..

Үзілдім төрт мүшелдің жетеуінде,
Солақай саясаттың өтеуінде.
Амал не? Бір жасарлық Бешейімді
Соңғы рет сүйе алмадым кетерімде!..

© Естеу Нүсіпбеков

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

2 ответа к «Естеусіздік»

  1. Естеумін, естеулімін ес білгелі,
    Қолыма қалам тұтып дес кіргелі.
    Ризамын тұңғыш ұстаз Толыбайға,
    Есімім жаңармаса, ескірмеді.
    Папа, есіміңізді тасқа басып, атыңызды ғаламға танытып жатыр балаларыңыз. Жаныңыз жаннатта болсын! Рухыңыз бала-шағаларыңызға риза болсын!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

2 × пять =