ЖЕТІСТІК ТАНЫТҚАН КІТАП

/ Жазушы С. Сәлімбавтың “Қайдан келіп,қайда барамыз?”

кітабы жайында /

Төрт-ақ сөзден сабақтасып құрмаласқан сұраулы сөйлеммен қойылған кітап атының өзі бірден ойға жетеледі. “Қайдан келіп, қайда барамыз?”… Баяндауыштағы “-мыз” тұлғалы ауыспалы шақ етістіктің бірінші жақ көпше жұрнағы  кімдерді білдірмек? Сөйлеуші кімдердің атынан , кімдерге ой арнамақ? Қай кәсіп, қай мамандық нәмінен сөйлемек? Әлде бір буын ұрпақ, әлде ұлт, әлде қандай да бір қоғамдық топ атынан ба?.

Жамыраған қалың сауалыма алғашқы бағыттаманы кітап аннотациясынан алдым. Онда: ”оқырман хикаяттан  адам, жан-жануар, өсімдік атаулы жер бетіне қайдан, қашан, қалай, немен келіп, өсіп-өнгені жайында мағлұмат алады” делінген. Онан кейін де ойдан арылмадым. Сырмінез жазушы құрбымыз қандай ізденістер жасап, қандай табыстарға қол жеткізгенін білуге ынтығып, оқи бастадым.

Кітапқа аты берілген алғашқы хикаят шын мәніндегі повесть екендігімен риза етті. Автордың ең бірінші табысы –  мазмұнға сай жаңа түр, жаңа түрді жүзеге асырар жаңа тәсіл тапқаны. Жаңа түрі – сюжет – бүкіл повестегі барлық ой, пікір Ішкі Сезім, Сыртқы Сезім деп аталатын екі кейіпкердің диалогына құрылған. Тосын тұспалды, сюжеті сұхпатқа құрылған фантазиялық қысқа повесть түрі жасалған. Мұның өзі  Біріншіден , кейпкерді азайтса, екіншіден , өтімді де ұтқыр сауалдаулар,   мүдіріссіз кең құлашты,  өрісті жауаптаулар авторлық баяндау, суреттеу, портреттеу,пейзаж бен өрбімелі оқиғалықтарды іздеттірмеді.  Ғылым қысқылықты – шеберлік  деп танитынындай, бар-жоғы 40 беттен тұратын С. Сәлімбаевтың осы повесі Ішкі Сезім, Сыртқы Сезім екеуінің сұхпаты арқылы-ақ ұлан-асыр мазмұндылықты  қамтыған. Ертегіге бергісіз қиял-ғажайыптарды сөз еткен. Тіршілік атаулы он  миллиард жылдар бұрын Күн жүйесіндегі Фаэтон деп аталған планетада жаратылып, дамып, толып жатқан жарылыстарды, қайта тартылыстарды бастарынан кешіргені, тағыда талай миллиард жылдар бойы табиғат пен тіршілік күйреу, қайта өрлеу өзгерістерінде болғаны жайлы  жорамал, болжамдар, фантазиялар айтады. Олардың кейбірі иландырса, кейбірі дауластырады. Қалай да оқырманын ойға жетелейді.  Ойға жетелеудің  өзін  де  жетістік деп қабаыдаймыз, әрине. Ғарыштық кеңістік, ондағы тіршіліктің қайда, қашан басталғаны жайлы  ғылым, дін,тарих, философияда қалыптасқан таным, түсінік, тұжырымдар бар, С. Сәлімбаев кейіпкерлері солармен де болжам, жорамал, пікір жарыстырады. Сөйтіп, Сағадаттың қиялдан жасаған қос кейіпкері ұшан-теңіз идеяларын оқырманына оңай жеткізуіне қол баладай икемділікпен сәтті қызметтер атқарады, авторға жеңілдік және оңтайлы орай тудырады.

Повестің үшінші жетістігі – Ішкі Сезім мен Сыртқы Сезімнің сұқпаттарындағы жорамал, болжамдар, фантазиялар тұспалдау тосабымен, оспақтау сорпасымен  ашты-тәттісі артық-кемсіз, дәмі тәбет тартып, тіл үйірерліктей татымды тұздықталады. Сайыпқыран қас мергеннің бір оқпен бірнеше қоянды атып түсіргеніндей көңіл хоштығына бөлейді. Бірнеше мысал келтірейін:

“Сайран басқарған Дата мемлекетіне басқа елдер де қосылып, Фаэтон планетасы бойынша бір-ақ мемлекет болды…Ной мен Ант мұхиттарының атын біріктіріп Нойан елі деп аталды… Бірлігі күшті бұл ел тез дамып өркендеді… Елбасы Сайран үлкен өзгерістер жасады…Әскерилерін қысқартып, оларға, қару-жараққа деген қаржыны халық тұрмысын көтеруге жұмсады…Ерлерді  55, әйелдерді  50 жасында демалысқа шығаратын болды.”/14 бет/.

“ Оқымыстылары “Санатрон”, “Денетрон” деген аспаптар ойлап тапты… Олармен кімнің болмасын сана-сезімін, ой-пікірін , денсаулығын, күш қуатын …іс-әрекетін біліп отыратын болды…”/22-23 беттер/.

“Елбасы боламын деушілер де осы аспаптардың сынағынан өтеді. Санатрон сынынан өтушінің пиғылын, шама-шарқын, ниетін , ой өрісін, денсаулығын, адамгершілігін, қабілетін барша жұрт теледидар арқылы көріп, біліп отыратын болды”./ 23 бет/.

“…Мемлекет қызметіндегі азаматтың бәрі үш жылда Санатрон сынағынан өтуге тиіс. Ел қамын, жер қамын ойламай , жасырын түрде өзінің немесе жақындарының қамын ойлап кетсе, …онысын да Санатрон алқалы топқа әйгілеп береді..”/24-бет/.

“Налдан, Қалдан деген елсіз екі аймақ бар. ..Айыпты жан әуелі Налданға үш жылға айдалады…Олар ол жерде жұмыс істеп күнін көреді. ..Оңалмаса, Қалдан аймағына жөнелтіледі. Құнарсыз құмда күн кешіреді. ..Өзі өндірген өнімі өзіне бірде жетсе, бірде жетпейді…Номерленген айыпкерлердің оңалған, оңалмағаны да Санатронмен бақыланады…Онда да оңалмаса, астаукөлікпен Сұржұлдыз /Жер/  плпнетасына әкеліп тасталынады…”/26-бет/.

Мұндай мысал көп. Бәрін  тізсем, сөз дәмі қашады. Осыдан да байқадыңыздар . Мәтіннің әрқайсы –  жай , жадағай жұмбақтаулар  емес, “Қызым, саған айтам, Келінім, сен тыңда” мақамындағы тебіреністі, тенденциялы,  оспақты тұспалдаулар.  Бәрі де – айтары көп жазушының оқырманға  Ішкі Сезім кейіпкері аузымен  жеткізген асыл армандары мен тың тілеулі үміттері. Бұл да жетістік.

Жаңа түр мен алымды да шалымды әдіс-амалдардың  тартымды үлгілері арқылы әріптесіміз табанды ізденісінің осындай сәтті жетістіктерін әйгіледі. Замандас, ауылдас қаламдасымыз шығармашылығындағы аталған табыстарды әдеби қауым мен қалың оқырман да оңынан таниды, қуанады деп сенемін.

Кітаптағы “Кішіпейілділік”, “Кешірімділіктің жемісі”, “Кешірімсіздіктің кесірі”, “Жан күйзелісі мен тебіренісі” әңгімелері  де төрт мүшесі түгел, әсерлі, жеңіл оқылатын көркем туындылар. Бұларда атақты Кеңес Одағының Батыры Рақымжан Тоқатаевтай ағамыздың нағыз адамдық асыл қасиеттері кішіпейілділік тұғырына, немере, шөберелер өсіріп, айналасына аса абыройлы болған қос қарт: Қайырғали мен Әсемжан әжелер арасындағы сыйластық пен жоғары беделдің түп тірегі өзара түсіністіктің, кешірімділікрің тұғырына орныққаны… нанымды да сырлы ашылады. Өте тағлымды  тәрбиелер береді…

Құрбымыздың табыс, жетістіктерін санамалап ,жақсылығын айтып, мерейін тасытуды мақсат еткен көлеңкесіз көңілімізбен енді бірер кемшілік, олқылығы жайын да ескертпе айқанымыз орындыдай. Сағадатымыздың өзі адамзат жетілуін де, өркендеуін де ,көркеюін де өнерге телиді. Өнерсіз өркендеу, өнерсіз жаңару жоқ дегенді жиі айтады. Олай болса, көзге көрінгеннің, кездейсоқ кездескеннің бәрін тәптіштейтін қарадүрсін очеркистік таза көркем әдебиет болып бағаланбайды. Алдыңғы кітаптарында көп орын алатын осы кемшілік сөзге өзек болған жаңа кітабында да ұшырасады.Сағадат ең әуелі осы қарабайырлықпен қоштасу керек.

С. Сәлімбаев – он неше кітаптың авторы, мол тәжірибе иесі, тынымсыз көп жазатын, төселген жазушы. Қаржыға байланысты, әрине. Кітаптары аз таралыммен шығады. Содан да болар қалың оқырманғ ел көлемінде танымал емес. Мұның екінші бір себебі де бар – Сағадат мерзімдік басылым – газет, журналдарда шығуға мән бермейді. Бүкіл әлемдік тәжірибеде қай қаламгер болса да, газет-журнал арқылы кең танылған. Газет-журнал қаламгерді оқырманға   танымал етумен қоса, тез ширатып шынықтырады да. Автор кез келген туындысы туралы пікір мен бағалауды , жазғанының кімге несімен ұнап, кімге несімен ұнамағанын қолма-қол біліп, сезіп отырады.  Сағадат, міне, осыған да зор көңіл бөлгені жөн.

Жазары да, табары да мол әріптесімізді жетістіктерімен құттықтап, жетер биік, алар асуларының көп болуына тілектестік білдіремін.

Естеу НҮСІПБЕКОВ, ақын, ардагер ұстаз,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

3 × 3 =