Жас шағыңда бойыңа
Қанша жисаң асылды,
Кемдік, тарлық көрмейсің,
Қарғысаң да ғасырды.
Қартайса тән қартаяр,
Жан дүние қартаймас.
Намыс, ұят қолтықтап,
Ақылынан ар таймас.
Парасатты ғұмырға
Сексен, тоқсан – теңжіптей,
Адамгерлік арбасын
Доғармайды жол бітпей.
Үлкен өнер – қартаю,
Жанын, тәнін таза ұстау.
Келін, бала, кемпірмен,
Көршімен күл қағыспау.
Қартайса да асыл қарт,
Адамдығын қартайтпас.
Күмбірлеген күй – шанақ
Кеудесі ішін ортайтпас.
Қартайса да қарт асыл,
Нәгізінен жаңылмас.
Ондай асыл өмірде
Онша жиі табылмас.