Ержанның емтиханы жайындағы үш өлең

Емтиханға кіріп кеткенде

Бәйге күткен атбегідей алаңдап,
Елең қағып жалт қараймын жолына.
Судыр-сыбдыр…
Судыр- сыбдыр алаң,бақ,
Адам тасқын сүнгиді адам тобына.

Қайнаған жұрт.
Ағылған жұрт лек те лек.
Оқшау-оқшау тұрған топтар бір бөлек.
Тағат таусып, уақыт сылбыр жүргендей,
Өгіз аяң марғау ғана дөңгелеп.

Мен отырмын секілденіп тас мүсін,
Нысаналап университет басқышын.
Көңіл күпті.
Дүрсілдейді жүрегім –
Бел астында бұлғаңдаған түлкі үшін
Бүркітшідей көкке ұшырған жас құсын.

Көңіл күпті.
Тізгін жұлқып тықыршиды тағатым.
Марғау жылжып сылбыр уақыт сағатым.
Болды емтихан төрт сағаты төрт жылдай,
Ұлды көрмей сезім-құнан емес байыз табатын.

Жақсы сөз – жан азығы

Жұрт ағылды.
Шығып жатыр не саңлақ,
Білім қорғап, намыс қорғап, ар қорғап.
Бала жігіт, бала қыз,
Біреулері бозарып, біреулері гүл жайнап.
Жанап келіп
Қолын алды біреулердің әкесі.
Біреулерді беттен сүйді тәтесі
-Көбі оңай, шықты төрті,- деп жатыр,-
Бір есептің бар ма деймін қатесі…

Менің әлі лүпілдеп тұр жүрегім.
Өзгерген де болар сірә реңім.
Ержан ба деп,
Ержан болмай қалған әрбір өреннің
Дидарына бір қарап,
Лебізіне құлағымды түремін.
Ержанды іздеп,
Жалтақтаймын әр жасқа.
Балбұл жанған әр баладан алар әсер әр басқа.
«Әлде бірі бірге оқыған Ержанмен
Кластасы, сабақтасы болмас па!?»

Ой жетекте.
Орта бойлы қыз бала:
-Ержан түгел шешті есепті, — деді, — аға.
Бойды ысытты,
Ойды ысытты жан азығы жақсы сөз,
Естігендер қол қысысты,
Салды мені додаға.

Көп кешікпей Ержан келді қызарып.
Қынжылыстан, қиналыстан жүзі арып.
Арқа қақтым,
Тұрмын іштей қымсынып,
Оңашаға шыға деді:
-Үшінші есеп-қиын есеп ыза қып…

Сездірді іші бір қапының болғанын.
Тіс жармадым.
Болмайды ғой қазбалауға ол маңын.
Жаным ашып, сездірмедім реніш,
Ол да аңғарды әкесінің толғамын.
-Арлы, ұятты математик кез болса,
Егер онда қиянатсыз көз болса,
Төрт қояды жұмысыма, әйтпесе… –
Деді-дағы, аз кідіріп, сөз қоса…

-Ауызшада бес аламын, ал бүгін
Кілтипанын тексеремін әлгінің… –
Деп тапсырды маған үйге қайтуды,
Мойнымда ауыр
Зіл батпан боп кетебарды бар жүгім.

Ақталған сенім

Ауызшада бар сенімдер ақталды:
Ержан бүгін дипломатын-ой сандығын ақтарды.
Әділ баға берген , сенген жұмысқа
Адал, арлы математик,
Қиянатсыз  ғалымды айтып мақтанды.

Сәтті шыққан билетті айтып шаттанды.
Қолын қысқан деканды айтып мақтанды.
Тоғыздық балл жинағанға шаттанды.
Күндіз-түні жас жанын қинағанға шаттанды.

Он жыл алған білімін де ақтағанға қуанды.
Әке-шеше бет беделін сатпағанға қуанды.
Ұстаздың да әкенің сенімдері ақталды.
Дей алмаймын Ержан айтпай еш нәрсені ап қалды.
Білімді мен білімсіздің аралары шақталды,
Комиссия ғалымдарға сенім, наным ақталды.

1981 жыл.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Один ответ к «Ержанның емтиханы жайындағы үш өлең»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

4 + восемь =