Жүсіпбек


Семейден семинарист шыққан Екеу,
Шығысша, Батысша да ұққан Екеу.
Бажылдақ айтыстарға басу айтып,
Сыбаға тартып жүрді мықтап өтеу.

Бұл Екеу қай Екеу деп жұрт аңырған,
Қосалқы егіз бе деп бір тамырдан.
Немесе әлде кім деп ат бүркенген,
Әркім де төгілді асып көп сабырдан.
Бар жайды қыр қазағы кейін білді,
Білген топ айлаңқастап бейім жүрді.
Қос тарлан сол Екеудің аты-жөнін
Мағлұмдап тамға басты ғылым күллі.

Біреуі болды Екеудің Мұхтар алып,
Көсілді күшін бойға нықтап алып.
Жүсіпбек — екіншісі ерте сөнген,
Мерт болған сұрқай күнде сұқта қалып.

Қуырып жер апшысын мая желіс,
Алдынан Жүсекеңнің таяды өріс.
Әр жанр биігіне ақ үй тігіп,
Көз тартты жайлы жайлау сая қоныс.

Мұң жүгін біреу емес мыңға жүктеп,
Ақынды ақын көзбен тыңнан жіктеп,
Мағжанды барлай шығып шыңға тік кеп,
Орнатты жеміс ағаш сынға тіктеп.

Өмірді жайып салып алдымызға,
Қандырды қара сөзбен бал қымызға.
Қым-қиғаш қызу ғұмыр тапты бояу,
Үлескен соқа, көлік жарлымызға.

Ақ танау Ақ айдауы: атқан, қырған…
Қанды қол, қапия өлім қызыл қырман.
Шетелге бет түзеген өңкей бұзық,
Шетінен кәззап ұры сұм ант ұрған.

Жіктелген жақ-жақ болып дос пен қасқа,
Соғылған тағдыр қуып тәлкек тасқа.
«Ақбілек», «Қартқожадай» тік өркешті
Нар тұлға қос романды жекті қосқа.

Ойлап па аңғал-саңғал жүргенде сау,
Деп те бір жағаға қол салады жау.
Торғайда жұт жылғы ашқа, мал таратып,
Кездейсоқ сатып та алды жалалы дау.

Сапары желмаяның желде үзілді,
Қырыққа жетер-жетпес белде үзілді.
Үзіліп орта жолдан желу, жорту,
Қамшының сабындай-ақ қалды үзінді.

Жүсекең жүгіртілді сансыз саққа,
Қырқылды жеміс мәуе салар шақта.
Беймезгіл отқа өртелді сақа, құлжа,
Тиді есе тобық пенен толарсаққа.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

14 − шесть =