Әлихан

Арғы тегің өрбиді қара көктен,
Қарқаралы хан тұтқан асыл тектен.
Қилы қиян: қыр — аңду, қала — күзет,
Жолың тайғақ- тас кешу басып өткен.

Қанатымен су себер қарлығаштай,
Халыққа жол іздеп ең бала жастай.
Таптың жолды, жол бөгер қырсықты да,
Самұрығы шүйілген мүсін тастай.

Қаһар төгіп алдыңнан сол мүсін тас,
Тепсінді тым биіктен қол ұсынбас.
Борбай борша, ет арса талатуға,
Итін қосты соңыңа құтырған бас.

Сонда да сен сол зорға жарбаң ұрмай,
Ақылыңа жүгіндің алданылмай.
Ақ жүзіңді сақтадың, абыройыңды,
Аталы елдің сөз тұтқан саңлағындай.

Қорғаушысы сен болдың жерінің де,
Көзқарақты иесі елінің де.
Думада сен дедің тік: қазақ жері
Тиіс емес қазынаға берілуге.

Сөзге шешен жан болдың аққан жорға,
Ел сақасы сен болдың жаққан қолға.
Маңайыңа үйрілді нелер жайсаң,
Тайсалмастан бір болар түссе де орға.

Аға болдың алашқа жол нұсқаған,
Нақ болжадың тар кезді не қысталаң.
Сабақ етіп үйреттің айналаңа,
Қайсы айлаға көшуді қол қысқа адам.

Көсемсөз бен мақала борап жатқан,
Желді болды қаламың борандатқан.
Жасандырдың не сұлу ару сөзді,
Қос иінін қос өрім қолаң жапқан.

Алға ұмтылдың ер қайрат ірілікпен,
Аш бүйірден төнсе де турылып сең.
Сүңги білдің шортандай су түбіне,
Құлаш керіп бір тылсым тұңғиықпен.
Сайрап жатыр іздерің басқан сара,
Ұшан теңіз ісің көп сала-сала.
Болды-ау ғажап ғанибет алашыңа,
Қосылғаның тіріліп дара сана.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

восемнадцать + девять =