Міржақып

Азаттық айғайшасы аттандаған,
Аттанға аттан қосар шақ таңдаған.
Ақ алмас семсер тілмен тоттанбаған,
Төкпей сыр, аршымай іш тоқталмаған.

«Серкені» тарс жапқанда торықпаған,
Құрсаудан, кісеннен де қорықпаған.
«Қазаққа» міне шауып ақ пырақтай,
Даланы дабылдата жорықтаған.

Ұйқысын шайдай ашқан нәумез кездің,
Сарбазы жалынды ойдың, жаугер сөздің,
Садағын қадалдырған өңменіне
Патшалық Ресейдей дәу кербездің.

От атар — «Оян қазақ!» қару берген,
Меңдеткен дерттен жазар дару берген.
Іздеткен ерлік, елдік, дінді, жерді,
Шамшырақ үлгі алуды қарулы елден.

Бақытсыз Жамалдарға бақ іздеген,
Қара сөз қамшыгері нағыз деген.
Жоқшысы тарихтың да, халықтың да,
Жол айрық саралаған нақ ізбенен.

Ақаңа Жақаң болған дегдар сабаз,
Айбар хат ақ патшаға жазған уағаз.
Ұйымдық отты істе де қол күйдірген,
Жан тыншу таба қоймай жазғанға мәз.

«Қалғанша жаңғыз жаңқам мен сенікі»,
Деген ұл: алау жағар жөн сенікі.
Деген ұл: жеңіп шығу, теңдік алу —
Тек қана өр қайратты еңсенікі.

«Жас төлің болу үшін көгенде мол,
Қасқырға қой бақтырма» деген де сол.
Әр сөзі қазағына ұран болған,
Алдынан даңғыратып сайратып жол.

Ұстаз қып Потанинді дана кеуде,
Ол дайын тұрды әр кез аға деуге.
Қабан би, қазыдан да қашты аулақ,
Құныққан сөзін пұлдап пара жеуге.

Елдік жол іздесең кір Міржақыпқа,
Нұсқаған сұқ саусақ ол бұл бақытқа.
Түймедей де түйедей өкпесі көп,
Туысқа ұстап берген бір уақытта.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

три + 13 =