Ахмет

Бағына бере салған Бір Жасаған,
Риза, қазақ тілі риза саған.
Басыңа қалай сыйған сонша дүние?
Әулие адамдайсың мың жасаған.

Құл сөзден шоқай тартып, таяқ тұтқан,
Жасадың ер терминдер жүрек жұтқан.
Ғылымның айбарлы азу атаулары
Бұраңдап балтырыңды болды Құтпан.

Жыртық тон, жұлым шапан жұрнақтарға
Пара-пар салмақ бердің мың батпанға.
Жан салып өлген сөзге, жұтындырып,
Жұмсадың әр пәнге еніп үн қатқанға.

Тұп-тұлдыр жетім сөз де сені сүйді,
Тәжім қып келініңдей басын иді.
От басы күңшіліктен босап шығып,
Қолыңнан европаша киім киді.

Әр ұғым алды баға тұрғыланып,
Түлейден зәбір көрмей ұрғыланып.
Таза тіл тапты қию қайың ердей,
Көк темір шегелемей бұрғыланып.
Тоқитын сөзден өрнек хас шеберсің,
Тың соқпақ салған сара, асқан ерсің.
Сөз тану, өнер тану іліміне
Отау үй тұңғыш тіккен Бас шеберсің.

Қос ғылым ие тапты шын қарымды,
Тарпынтып тағалаулы тұлпар мінді.
Көкейде, құлақта да жаңғырығып,
Саңқылдап даусың қалды сұңқар үнді.

Сәулеттеп жайнатып тұр тысыңды ішің,
Қастерлеп қасиет тұтпас кісімбісің?!
Ереже, қисындарды тозбастай қып,
Табиғи тастан ойған мүсіншісің.

Аз емес десті күнің, отты кезің,
Талайдың өңменінен өтті көзің.
Бір өзі білген жанға не тұрады,
Айтыста Бакудегі айтқан сөзің.

Сан дәлел санап бердің бас-басына,
Төтедің қарсы қалың қастасыңа.
Жазуын жәдитшенің жалғыз қорғап,
Айналдың барша түрік қасқасына.

Бағына бере салған Бір Жасаған,
Риза, қазақ тілі риза саған.
Басыңа, қалай сыйған сонша дарын?!
О, Алла, әулиесің мың жасаған.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

восемь − 5 =