Шәкәрім


Құнанбай немересі, асыл қаннан,
Жарық шам, түтіндемей ашық жанған.
Абайдың жан дертімен мең-зең болып,
Түнде ұйқы, күндіз күлкі қашырған жан.

Абайдың отырса ойы, созса – қолы,
Шиыры Шығысқа озған бозша жолы.
Сойқанды содырлардан, сұмнан, қудан,
У-зәрді аз ішпеген ыдыс толы.

Кеңгірбай кер жолынан қашық кеткен,
Рухы пәс Қодардай да пасық тектен.
Асықтық, ақтық, пәктік, әділдікті
Ту еткен жыр-дастанды шашып төккен.

Ұстанған иман жолын таза құлық,
Кәріге қасиет санап мазалылық.
Қаскөйлік, өнерсіздік, қырсыздықты
Өлеңмен аластаған сазалы қып.

Қарны ашып обыр муфти, қазылардан,
Ой өріс, ғылым іздеп қажы барған.
Станбол, Каир кезіп, Европа асып,
Әр тілді пайғамбардан азық алған.

Тарихтың, шежіренің ғұламасы,
Исламның, шариғаттың уламасы.
Данагөй, өнері озық, кеніш ақыл,
Қазақтың Абайдай-ақ ұлы ағасы.

Сенімін сертке ұстаған, иланған да,
Түріктен түпті тапқан, Ираннан да.
Арабша, парсыша да, орысша да,
Ілімді судай ішкен, сыйланған да.

Бұхара, Самарқанды өз санаған,
Уфаны, Қазанды оң көз санаған.
Көршілес Үнді, Тибет, Қытайды да
Көзқарас, пікір түзер тез санаған.

Жоқ оның жоғарғы елі, төменгі елі,
Жоқ және биік шыңнан төмендері.
Тұсынан оза шауып болды абайшыл,
Қоса оған толстойшыл кемеңгері.

Мерт етті қапияда тажал оғы,
Болды оған Қарашоқы қаза жоны.
Алпыс жыл аза тұтып жоқтай алмай,
Аңсады арсы-күрсі қазағы оны.
Жидебай бұл күнде емес аза жоны,
Абайдай қастерлейді қазақ оны.
Кеңесіп ағасымен қасында отыр,
Даңғырап алдан сайрап таза жолы.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

18 − 11 =