Мағжан



Мағжан — от, қазағыңның жанған шағы,
Ел көші өртте малтып маңған шағы.
Қорланған арулардың мойнында шоқ —
Үзілген бытыр-бытыр жан моншағы.

Мағжан — от, дауыл үрлеп лапылдаған,
Мағжан -қан, қолқа қуып лақылдаған.
Мағжан — оқ, нысанаға дөп тиетін,
Қас мерген қалт жібермес қапы ұрмаған.

Мағжан — ер, көп-ақ сәті қансыраған,
Қиық көз тегі бірден қан сұраған.
Қылышын Темірланның айға білеп,
Тұранның арғымағын қамшылаған.

Отты алаң болды Мағжан майдандары,
От үрлеп от ішінде сайрандады.
Сөнбес өрт, Күннен туған Гүннің ұлы,
Сүйгені от, Мағжан — Шығыс пайғамбары.
Ұмтылды ол отты отпен сөндірмекке,
Ұмтылды ол отқа ашуын төндірмекке.
Шығыстан кележдатты длаулап жанып,
Ақылды алауына көндірмекке.

Мағжан — күн, ыстық шақпақ шашыратқан,
Мағжан — Жай, жарқ-жұрқ етіп жасын атқан.
Жайрату мақсаты еді қастасқанды,
Өзі де күтті ажал жауы жақтан.

Өлеңде арыстан ол айға атылған,
Жасақты жау жасқанды айбатынан.
Ойы арам азғындаған алжасқандар
Тапталып табанында жайратылған.

Жырлады ол жер тәңірі атынан да,
Тәңірдей еді-ақ өзі затынан да.
Алашқа ақ сөйлеуге жан пида еді-ақ,
Риза қош құрбандыққа татығанға.

Білді ол көзі бірде төрт боларын,
Өзі де отта жанып мерт боларын.
Білді ол тіріліп кеп халқымен бір
Мәңгілік жасауына серт боларын.

Абайдан қашық емес аралығы,
Қан дерткен жүрегінен жаралы-ды.
Тұйғындай тебіні нық, серпіні күш,
Мойны озық, тұстасынан саналы-ды.

Тірілді. Мағжан қайта елін тапты,
Сарыарқа, саумал көлді жерін тапты.
Тойлауда Алматы да, Ақмола да,
Көк туды желбіреткен көрім шақты.

Мағжан — жыр, қызуына жылынды ел,
Қаптаған жанарлардан сылынды шел.
Ұлт қанын тасытатын ұрпақ келді,
Буынын қалтыратпай мығым жүрер.

Борышкер қазақ бүгін Мағжанына,
Көнбейді енді ешкімнің қалжағына.
Мағжандай болса ұрпақ: көш оңалар,
Бақ қонар, Қызыр түнер мал-жанына.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

2 + три =