Қанды тасқын (поэма)

ҚАНДЫ ТАСҚЫН

(поэма)

Шиңжаңдық ақын досым,
Такламакан шөлiнде
с
үргінде жүрiп, тасқыннан
қаза тапқан марқұм
Жекібаев Тоқтарханға
ескерткiш.

1.              П Р О Л О Г

Мен бақытты алғам жоқ  қолдан құрап ,
Не жалбарып аспанға зордан сұрап.
Бердi маған оны үшеу:
Адал еңбек,
Ата жұртым — өз елім — қонған тұрақ,
Табынбаған ешкiмге сенiмдерiм —
Жан көгiмде жарқырап жанған шырақ.

Қожамын мен шұғылалы тағдырыма,
Қызу құйдым,
Жарық ап жан нұрыма.
Жас ұрпаққа, дос-жарға, үрiм елге
Шарапаттар шашамын арлы бұла.

Құшып сүйiп қос беттен думанды елiм,
Болдым өрен
Бақытқа буған белiн.
Денсаулықты түзеттi құлан таза
Саф ауамен
Әлпештеп туған жерiм.

Аңқат қанып —
Жанымның шөлдегенi,
Қорғалатып  еcейттi, ел демедi.
Сонда-дағы
Достардың үрiмжiлiк
Тағдырлары қинайды кейде менi.

Соны ойлап:
Жүрегiм қан жылайды,
Кектен оттар қоздайды өткен зайғы.
Қиял-үңгір  кенiнен арқа-арқа
Шықтым тастай арқалап батпан қайғы.

Өттi алдымнан сумаңдап сұмдық сyрет:
Дойыр қара сойылдан ақыл күйреп.
Мазаң үрей қажытқан бейкүнә жас,
Шұбырынды босқындар түйдек-түйдек.

Өттi алдымнан сұр қошқыл қанды тасқын.
Қара құйын аспаны,
Шаңды басқын.
Ысқырынған айдаhар — жұтқыр көмей
Шырылдатқан Шиңжаңның сансыз  халқын…

… Әке, аға ұрпағы тұрғы-тұрғы,
Өңкей өрiм жыр төккен бiздiң құрбы…
Бәрiнiң де үнi өштi… Бұл не сойқан?
Мен жырламай, кiм жырлар бұл бiр  сырды?!

Мұз болады жүрегiм —
Соны ойласам.
Тағалы атпен мұз басам, тоғай басам,
Бiр қарызы мойнымда кететiндей, —
Ескерткiш сап,
Тереңге бойламасам.

2.              ТАРС БАЙЛАНҒАН ТАҒДЫР

Азияның ақ өркеш жонын жапқан,
Байтақ Қытай  батысын алып жатқан.
Yстi күмiс, асты алтын бай өлке бар,
Іздемейтін керегін  ешбiр жаттан.

Алтай, Алай, Гималай бөлiп жатқан,
Қақ ортада Тәңiр Тау шөгiп жатқан.
Жасыл орман жамылып төрт тауы да,
Сай-сайынан өзен, су тулап аққан.

Мыңғырған мал, әр қойнау тұнған егiн,
Мәуілжіген миуа, жемiс   тегiн.
Топырағы мақпалдай туырылған,
Жанға дауа ауасы жапқан көгiн .

Төрт тау қоршап, тiрек боп төрт тараптан,
Шығыстан да Батыстан   оқшаулатқан.
Ерте, орта, ең соңғы заманда да
Оқиға көп өлкені  қан жылатқан.

Бұл өлкеде алуан ой тоғысатын,
Қару ұстап кей-кейде соғысатын.
Сабылып кеп болдыртқан сүметілтіп,
Араб, монғол, қытай мен орыс атын.

Ақ ағылшын асығып аптықса да,
Бергi Еуропа өзеуреп оптықса да.
Асу бермей Гималай, Индуғыштан.
Жете алмады шамасы шаптықса да.

Емiл жетіп, Ертiстi, Iленi өрлеп,
Боғда, Баркөл, ар жағы Құмыл төрлеп.
Орыс көршi үлгердi өлкеге енiп,
Киiммен де Кеңестiк түсiн өңдеп.

Ол Шиңжаңды жұмсады малайындай,
Кейде өбектеп өтiрiк ағайындай.
Есі барды оңаша демдегенмен,
Қытай жаққа кө қысты, жақ айырмай…

Кейде iздеп, ашысып кешендерiн,
Пайдаланды тәуір-ақ  әсем жерiн.
«Оқытамыз» деген боп сылтауратып,
Байқап көрдi ұрлап та көсемдерiн.

Көршi солай өлкеде есiп жүрдi,
Белден басып, байлықты кешiп жүрдi.
Табыстырып, кейде шоқ қағыстырып,
Yлкен ұтыс жолында iс шешiп жүрдi.

Шиңшаң — ондық картада,
Қытай — тұздық.
Қолы жүрді орыстың ойында ызғып.
Көзір тұздық ұстады жымиды да,
Ондықты атып мұртты қарт кетті мызғып…

Батыс пенен Шығысқа көпір өлке,
Қақтығысқа қан жоса нөпір өлке,
Бақ, тәлейін басқаға таптаттырып,
Тарс байлады тағдырын өкінерге…

3.              АЙДАЛУ

Бастау  алып  не сара төркiндi iстер,
Туды жаңа Шиңжаңда серпiлiстер.
Орта тұсы елудiң жасап жатты
Тарих-шахмат бетiнде ер жүрiстер.

Yш дәуiрдi он жылда кештi бастан,
Әрқайсысы әр жеке ғажап дастан.
Сол үш дәуiр тyдырған ұрпақ — бiздер,
Тез өзгергiш замандар  көзiн ашқан .

Дүбірлермен көз ашып біздің ұрпақ,
Алда жүрді ең маңдай лекте шырқап.
Ұлт өнері гүл жарып тың торапта,
Ұлт соқасы тіс салды тереңге ырғап.

Cоны келiп бүлдiрдi «Шығыс желi»[1],
Бұл саясат тым жылым жымысқы едi.
Қазан соққан егiндей қалды қyрап,
Бас изесiп бар Шиңжаң ығысты елi.

Ұлттық жол ма? Ол — нағыз феодалдық,
Сақтамаған Қытайға шын адалдық.
Делiндi де, басталды хандық іздеу,
Патша табу сүреңi лаңды даң қып.

Ұйғырдан хан iзделдi, қазақтан хан,
Iздеушiнiң жаны жоқ азаптанған.
Хан қаулады мекеме, мектеп сайын,
Асып түстi ғажаптар ғажаптардан.

Ұйғыр Зия хан екен, қазақ Жағда,
Жоймақ болып Жүңгөнi қыпты уағда.
Бар зиялы солардың құйрығы екен,
Бiрi бауда, қалада, бiрi тауда.

Газеттегi Тоқтархан — соның бiрi,
Ел жиятын маңына сөзi пiрi.
Университетте пiкiрлес Задаханмен,
Студенттен тобы бар iрi-iрi.

Сөздi осылай саптады дазыбаулар[2].
Дазыбаудан кiм дейсiң бажы даулар?!
Кiм қолында екенiн кiм бiлiптi
Шылбыр, тiзгiн, соп қамшы, божы баулар?

Ажыратар кiм дейсiң ақ, қарасын?
Дабыл қосар дабырға бақталасың.
Бұл қалай деп сұрама, сұрай қалсаң,
Сен де сол бiр пәлеге шапталасың.

Солай-солай Тоқтархан кете барды,
Мұндай сұмдық екi жыл етек алды.
Жас сәбиi дүние сап, диктор Зәуре
Үрiмжiде жалғыз бас жеке қалды.

Қала барды «Азына»[3] аандаған,
Қала барды көп жырлар жаза алмаған.
Кетті еріксіз шөліне Такламакан,
Алдан азап қол бұлғап бозаңдаған.

4.              Өстең[4]

Қашқария — оң Шиңжаң — Жетi аймақ.
Жетi Шаhар— ескі аты Жетi Байтақ.
Кәрі Қытай үш ғасыр шеңгелге сап,
Келе жатыр жұта алмай әлі шайнап.

Келсе-дағы сонша жыл тұтқынды боп,
Жұтқынына қадалып, жұтылған жоқ.
Бұлқынса да шыдамай сiрi жаны,
Шеңгелден де шайнаудан құтылған жоқ.

Өлмек емес, өлмейдi шайналудан,
Құтылудан дәмелi ол, жайланудан.
Күйремейді бытырлап сүйектері,
Күн iздейдi құтылар байланудан.

Қанын төкті қанша ұрпақ қан қасап боп,
Көтерiлiп қол бастап мың жасақ боп.
Сонда-дағы тұрғыны таусылған жоқ,
Қырылса да сан ұрпақ туашақ көп.

Қан-қан болып қасқайып Тарым жатыр.
Қашқарияны қақ бөлiп жарып жатыр.
Басын асау алса да, құмға сiңіп,
Қамысында барысын бағып жатыр.

Оң жағасы Тарымның Такламакан,
Жапа шеккен шөлінен ұйғыр акам.
Бас-аяғы жарты айлық керуенге
Зорға шыдар нар түйе, бура, атан.

Аңшы, құсшы болмаса кім барады,
Кезді дейсің кім лағып құм даланы.
Сағым ойнап, аңызақ жел кезетін,
Шошытар сөз тағы бар “жын болады”.

Айтылмайды бостан-бос елде аңыз,
Шығармайды бекер күй бақшы абыз.
“Тікі мекән” — құм асты қала болған,
Жеке жырлар ол өзі дастан нағыз.

Тау жақ төрі сол шөлдің жота-жота,
Секілденген шөккен нар, шөккен бота.
Сай-сайында сексеуіл, жыңғыл, жұлғын,
Сияқтанған ақ бажақ бадам доппа.

Тосын жоспар өңірге ойланылған,
Қада қағып, жалауша байланылған.
Көлденеңнен қырқарлай бөктер бойлай,
Өстең қазу былтыр күз “тойланылған”.

Жұмыс күші — тұтқындар, бекер еңбек,
Қайда айдаса байқұстар кете бермек.
Күнә артылып өмірлік кесілгендер
Осы өңірде айыбын өтеп өлмек.

Жеткізілді содан да қамалғандар,
Бәле, жала бойына жамалғандар.
Оңшыл, ұлтшыл атанып —қараланып,
Қытай үшін қас дұшпан саналғандар.

Бүлікшісі Алтайдың Шердимандар,
Көкірегіне шемен тас шер жиғандар.
Полковнигі Үш Аймақ әскерінің
Дос сүйініп, дұшпаны ыққан жандар.

Пәк сезімді, ұлтжанды жақсы ұрықтар,
Шаяхымет, Задахан, Жақсылықтар,
Тоқтарханмен табысты осы өстеңде,
Асыл әулет ұшқыны ақ сынықтар…

Лагерде үстем саясат қапталдаған,
Апта сайын, күн сайын ақпарланған.
Күндік, айлық нормалар өрлей түсіп,
Кесілді өстең ұзарып басталғаннан.

Әскерлерден бар бастық, мамандар да,
Ауыз бармас бас салып жамандарға.
Қарапайым киіну, тамақтану,
Қулығы мол ішінде амалдарға.

Бiлдiрмейдi оңайша қабақ, рай,
Мінездері момақан жабағыдай.
Тілі тартық,
Шошқа тоң пиғылмен-ақ
Кім-кімге де ызғарлы, сабағыдай.

Көрінеді сырт көзге жайбарақат,
Қоршамайды тор темір, айбара тақ.
Күн қақтаған боз шатыр көше-көше,
Арс-арс етер мұнда жоқ ит арпылдақ.

Адыр-адыр айнала ашық дала,
Көрші лагерь көрінбес қашық дала.
Келген-кеткен машина боз шаңдары
Таусылады көз ұшта сусып қана.

Байқалмайды еш күзет бұл маңайдан,
Күзетеді көрінбей әлде қайдан.
Қашамын деп тұтылып Тайлақ батыр,
Кісенмен жүр есіл ер төрт-бес айдан.

Кім-кімге де жасалған өлмес күні,
Кесетілген сырттан хат келместігі.
Өз ара да, артпен де хабар-ошар,
Еш нәрсе ап, еш нәрсе берместігі.

Басты міндет лагерьде — норма орындау,
Еңбек етіп шаршамай, бір қорынбау.
Қауіп пенен қатерден бойын тартпай,
Қол-аяғы сынса да еш тарынбау.

Деген үміт “Тез қайтсам от басына”
Әркімде бар.
От сезім тоқтасын ба?!
Сыпырар күн, шіркін-ай, қашан туар
Сәйгүліктің тұсауын, ноқтасын да.

Кімге қажет бұл өстең?
Неге қажет?
Айтылмайды.
Құпия — кейінгі есеп.
Білетіні тұтқынның: қазу, түзеу,
Су ағарды тегістеу, түйіп, төсеп.

Буылған жоқ су әлі Тарым жақтан,
Ешкім суды көрген жоқ ағындатқан.
Кеше ғана сөз жетті қосты деген,
Өз өстеңін әр лагерь қазып жатқан.

5.              ЛАГЕРЬДЕ

Жұмбақ емес бұл күнде дос та, қас та.
Жанарынан тамбайды жасық жас та.
Тәлкек болған тағдыры
Тарпаң ақын
Сындырғандай қаламын ұрып тасқа.

Қуқыл тартқан боп-боз боп сұрғылт жүзi,
Шүңiрейiптi қоңырқай дөңес көзi.
Әжiм тартып маңдайға жұқа шимай,
Кірбеңденіп азаптан болған мезi

Аптап сорып шырайы қуаңданған,
Қарашығы көмескі тұманданған.
Мазасыздық діріл бар буынында,
Құсалықтан, ызадан мың алданған.

Қуат барда қайрат қып көрер едi,
Мият бар ма?-
Соңынан ерер едi.
Әттең, әттең!
Өкiнiш бойды өртейдi,
Бiр пидәий[5] қол ұшын берер ме едi?!

Айтары көп кеудеде шер боп қатқан,
Қайтарылмай кетпек пе кегі жаттан?
Оралар ма атар таң, шығар күнi,
Айғайға ұран қосар шақ Аттан, Аттан!

Ер тумай ма бабаға, атаға тең!
Бола ламай ма асқар шың жотаға тең?
Жайратылып жат қолдан жайраңдары,
Жатпақ па екен қан жұтып Ата мекен?!

Төгер едi өлеңдi шүмектетiп
Бар-ақ едi кек найза жүректе түк.
Күшейтілді күзеттер қаламға да,
Көн табан қып қолына күрек  бекiп.

Күрегiң не?
Тәйiр-ай, етене дос,
Күрек  ұстап көңiлi тапқан-ды дес.
Мәнi бөлек бұл күнде

Тұтқын  күрек.
Ақын — тұтқын,
Күректен таппайды  ес.

Дос та тұтқын бұл жерде, қас та тұтқын.
Қарт та тұтқын бұл жерде, жас та тұтқын
Нан да тұтқын бұл жерде, су да тұтқын,
Құлқыныңнан өтер зат болса, — жұттың.

Ала таңнан аптығып жер  қазасың,
Қара түнде қалжырап көр қазасың.
Көр  емей не?
Жатының — қара  үңгiрде
Аяқ-қолың сырқырап беймазасың.

Аңызақта қан кеуiп,
Жарды ұрасың,
Шаң борасын, мейлi қыс — қар борасын.
Жарты тонна құм сүйреп қол арбамен,
Мықшыңдаған өгiздей өр барасың.

Дамыл алмай, қысы-жаз жер қазасың,
Өлiп қалса серiгiң —
Көр қазасың.
Сатып алған сақина сау басыңа
Албырт жүріс, аңқау сөз көр жазасын.

Мұндай жерде құйылар өлең қалай?!
Қуғын көрген басыммен өлем қалай?!
Өлмек емен,
Бостандық таңын күтем,
Ауыр азап тартса да денем талай.

Ақын соған бекiнген кiрпiк қақпай,
Ақыл, ойын тас түйiн iшке сақтай.
Ояу көңiл салқын сұс сабырменен.
Күн кешірді ызалы күшке соқпай.

6.              ҰЙҚЫ АЛДЫНДА

Түн жым-жырт.
Тұтқын лагерь — қалың шатыр.
Әрбiрiнде  отыздан адам  жатыр.
Шеткі қатар төрінде бұрыштағы
Мата труси киiнген бiздiң батыр.

Ақын жүрек тағы да тебiрендi,
Күбiр-күбiр отты ойы өлеңге ендi.
Қауiп, аңду бар деудің бәрi ұмыт,
Кеуде кере, жыр толғап қиял өрдi.

Қиял өрдi,
Магнит ми жатқа алды.
Жатқа алды,  ми мөрлеп хаттап алды.
Өрмек жiптей көкірек тоқып  жатты,
Ой жүйірік жадына сақтап алды:

«Өмiр! Сенi өзiмсiнiп,
Жалтақтамай, жат көрмей,
Өктем аттап енiп  ем.
Өгейсiдiң  көзiң тұнып,
Тұмсығымды тасқа ұрдың
Шалсаң нетті өз жөнiмен!

Туылып ем  Толыда,
Тарбағатай баурында,
Киiз туырлық керейден.
Әкем шаруа Жекiбай
Болмаса да ерен бай,
Қалжасына шешемнiң
Сойған екен ақ iсек
Дөнен қойдай серейген…

Құлдыратып құнанды
Ойнадым асау жалында.
Ат жалдатып тереңге,
Шомылдым тұнық ағынға,
Шайқылыққа алдатып,
Адаспадым сағымға.

Мүләйiмсу не керек,
Малай боп та көрмедiм.
Қора торып түн қатып,
Ұрыға да ермедiм.
Күреске шықсам бел буып,
Намысты қолдан бермедiм.

Арық буып, су байлап,
Құла таңдар атырдым.
Егін орып, шөп шауып,
Бұғанамды қатырдым.
Үлкендерге еліктеп,
Қырманда астық сапырдым.

Мүшелімде Доскенов
Маңдайынан қып-қызыл
Бес жұлдызды көргенмiн.
Толы полкiн құрғанда,
Аттарына әскердiң
Қайың шана толтырып
Жем, шөп тасып бергенмiн.

Тарихымды, ұлтымды
Таныдым орта мектепте.
Тектеп пәндер негiзiн,
Гүл көңiлмен көктеп те…
Тең құрбыдан қалыспай,
Өлең жазып өктеп те…

Соның өзi мiн  болды-ау
Қарала
уға ісімді,
Тұншықтыра шектеп те.
Айғай шулы тобырдың
Мақсатына жетпекке.
Ақ арымды жәбірлеп,
Қорлығы әбден өтпекке.

Сасық көкек шүлдірлеп,
Ш
ақырып атын көкiмекте.
Қасқырға қойды теліген,
Бар ма әділдік өкіметте?
Гоминданның чунгенімен
Ұлтшыл деген жаламенен
Соры қалың маңдайда
Бiздей  кедей   жетiмек
те.

Мен болайын ең соңғы.
Опық саусақ шайнаған.
Зығырданы запырандай қайнаған.
Жерлесiмдi, О, Тағдыр,
Мияты жоқ жетiм етпе.
Дауыл  боп соқ  лаулатып,
Кектiң  отын көкiрект
Мен болайын ең соңғы
Ақ таң күтiп алданған,
Айдахарға жалманған.
Жерлесiмдi, О, Тағдыр,
Жан жұрттыққа етпе.
Қан ойнаған жүздерiн
Күл беттенген жер етпе!…
Жат жұрттықты өр етпе!»

Дене талды.
Қиялды ұйқы жеңдi.
Ақын меңзең мызғыды, ұйқы жеңдi.
Мақта шапан жастығы басыңдағы
Демiн бүркеп жасырды, күрсiнгендi.

Жима төсек, тер сiңген сұр матрас
Сипалады денесін бейне атылас.
Мызғып кеткен ақынды ұйқысынан
Оятуға шыдасын қай қатыбас?!

Түктi кеуде далиып ашық қалды.
Оң тiзесi  төсектен асып қалды.
Сырттан аңдып баспаққан сумаң көз де
Есігінен шатырдың қашықтанды.

Тұтқын  түгел ұйықтады қатып  талып,
Қорылдау жоқ.
Біз оны қате ұқпалық.
Жайшылықта
Ащы тер, арам етпен
Біз жүреміз тоқтықтан сатып алып.

7.              ТАЙЛАҚ БАТЫРМЕН  ОҢАШАДА

— Мұңды кеуде мен бе екем бұл  өлкеде?!
Ұқсамаған  замандас бiр еркеге.
Ұрпақпын ба мезгiлсiз  дүние кешкен,
Шынында да туысым ертерек пе?

Жоқ, замандас!

Мен ерте  туғаным жоқ.
Әлi бекем белiмдi  буғаным жоқ.
Мен де, мендей буынса бар жерлесiм,
Бақытты күн бiрге ойнар думаным көп.

Неге менде теңдiк жоқ, бостандық жоқ?
Бостандығымды кiм жұтты қастандық боп?
Өзiң не қып сүргiнде сусап жүрсiң?
Неден өзiң қағып ең астамдық шот?

Салдырлаған сирақта кiсенiң  не?
Жүрсiң бе сен жат  жерде — кici елiнде?
Партизанмен Толыға келмеп  пе едiң?
Менiң бала он үш жас мүшелiмде.

Азаткерiм сен деп мен бiлмеп  пе едiм?
Бала боп полкiңде алты ай жүрмеп пе едiм?
Азаттықтың ақ туын қолда ұстап
Алтайға да бiр барып кiрмеп пе едiм?

Уәли болдың сен кейiн- аймақ бастық.
Деушi едi жұрт өзiңдi «Тайлақ  бастық»
Жинап едiң жаныңа өңкей жасты,
Оқығанды ақылдас, табақтас қып.

Соның көбi бұл күнде бiз секiлдi,
Жүректерi тас кесек мұз секiлдi.
Полктерi «бүлiкшi», өзi «сатқын»
Бармақ шайнап, опық жер Сiз секiлдi.

Арам шөптей отап ек алпауытты,
Мойнынан ап шаруаның тар хамытты.
Демократия ұранын көтерiп ек
Асыл ойлар, не шара, қар қауыпты.

Байқайсыз ба?
Тұтқын  боп бала да жүр.
Тұтқынсызы шөп шауып далада  жүр.
Жат жұрттықтар  Кулиден қаптап келiп,
Қайран көркем бiз өскен қалада жүр.

Мiнбесiнен оқушы ек бiздер дана ой.
Күмбiрлеген қор болды қайран сарай!
Желкiлдеген боз бала, желеңдi ару
Тараушы едi би билеп тайраңдап-ай!..

Қайда сол бiр  жас кiлең қалың ақын?!
Қайда сол бiр қас сүрең жалынды  ақын?!
Табылар ма қалған жан естен танбай
Запыран жұтқан бiздерден хал ұғатын?!

Бар ма қалған жан сақтап кеудесiнде?
Корлау, жәбiр көрсе де, өнгесiн де.
Жылан жұтқан адамдай боп жүр ме екен
Тапталған ар түн түнек ел көшiнде?

Үмiтiмдi үзбеймiн серiктерден,
Солар — менiң сенiмiме көрiк берген,
Құсалықтан қан жұтқан бiз өлмеспiз.
Кектi жандар қан шашып ерiк көрген.

8.   Д И А Л О Г

ТЕМЕКІ  ТАРТА ТІЛДЕСУ

— Тоқтархан-ау, болдың ба «табаң» қанып?
Датқа, отқа көседiң ағаңды анық.
Бәрi де рас, ақ ойлар қараланды,
Қара бояу күйеден ағармадық.

Менi қойшы, аты айдай  Тайлақпын ғой,
Сүт бетiне ұйыйтын қаймақпын ғой.
Туын Шығыс Түркстан тiк тұрғызған
Ай жұлдызды Ақ Жалау — Үш Аймақпын ғой.

Жол-жөнiмiз басқа едi, арманымыз.
Аз болмады шайнаған бармағымыз,
Айдаһарға обылса бер жағымыз,
Самұрық шеңгелi едi — аржағымыз.

Жалған едi бiздерге «сенгендерi»,
Шырға едi мәнсап қып бергендерi.
Жалған едi бiздiң де «сенгенiмiз»—
Осы болды ағаңнын өлген жерi.

— Сiздiң жырдан бiздiң жыр кем соқпайды,
Өз әлiнше әр кеуде кен сақтайды.
Арман, үмiт арпасын пiспей орған
Бұл iнiң де шикiлей келсаптайды.

Бiлместiк көп Сiз бен бiз ойламаған,
Сұмдықтар көп сырына бойламаған.
Сұм қyлық көп жымысқы торлар құрған
Мың түрлi орға жасырып қоймалаған.

Мерт болсаңыз Сiз сенбей — арбасумен,
Мерт болдық бiз сенгiштiк — жар басумен.
Толар ма орны?
Әй толмас, толмас-толмас,
Тарымда құм, қырық қыс қар басумен.

— Тоқтархан жан, торықпа, таң бар атар.
Торығу-у, у тарап қанға қатар.
Қан уланса не болдық? Өлемiз ғой,
Шиңжаңды кiм, бiзден соң аттандатар?!

— Аттандайтын кiм қалды Шиңжаңыңда?
Ұйғұрың ба, қазақ па, дұңғаның ба?
Қара құрттай қаптаған хансулардың
Он миллионнан артқанын тыңдадың ба?

— Қарсы жақты бiлмеймiз, аңғарып қал.
Зарлауында Бежиннiң жаңалық бар.
Екi алып айқасса, арасында
Шиңжаң үшiн бiр тыныс аралық бар.

— Түсiнбейсiң, шынында, көп заттарын,
«Солтүстiктен қауiп көп» деп жатқанын.
Шығыс Күнiн дәрiптеу аңғартпай ма?
Бiр пәленiң уайымын жеп жатқанын.

— Бiзге пайда екi алып өшiккенi,
Өштiк, қастық ұлғайып кешiккенi.
Алданбайтын боп өсер келер ұрпақ:
Белде жүрген және де бесiктегi.

— Несi пайда екi алып алысқаннан?
Кем түсе ме жолбарыс арыстаннан?
Екi арада мерт болар Шиңжаң шыбын,
Шиңжаң қашан бейжай боп қалыс қалған?

— Соғыспайды-ау, екi алып соғыспайды,
Жүңгөлiктер, соғысса,- шоқ ұстайды.
Азат Шығыс Түркістан орнар едi,
Ондай күнге бұл Тайлақ тоғыспайды.

— Ол күн қайда? Қиялды доғарайық.
Шатырға жүр, ұйқыға домалайық.
Темекі де таусылды ертең сорар
Көк  түтiннiң бiр ебiн жобалайық.

9.

ТАСҚЫН

Дабыл қақты, дүрлікті лагерь тұтас.
Көп жан зорға жастықтан көтерді бас.
Бірін-бiрi түрткiлеп оятты да,
Абыр-сабыр киiнуге қойды ықылас.

Білмейді ешкім, әлі сыр айтылған жоқ.
Айтпаса да артқа ешкім қайтынған жоқ.
Ылдым-жылдым жиналар жерге жетті
Сіңген дағды ешкім жүк артынған жоқ.

Не бар дейсің жүк дейтін, артынатын,
Бүктеп түйнеп уақыт ап тартынатын.
Көрпе, шапан, матрас кенеп мата —
Кептеп ішін сабанға толтыратын.

Сырма шапан бойында көп жарастық:
Жұмыс киімі, қыста — тон, жазда — жастық.
Жима төсек, қысқы етік және тұмақ,
Қырынатын бұйымдар сақал, шаштық.

Басқа нәрсе тұтқынға жоласын ба?
Өлсе, табу тәс болар моласын да.
Қала тұрды шатырда төсек, орын
Кетті бәрі дабылдың додасында?

О, ғажайып! Түн жарық бозаң аппақ.
Аспан сүттей ұйып тұр созалақтап.
Сәуле шашып алтын Ай төбеде тұр,
Маңқиған маң даланы ожар ақтап.

Болғаны анық бір сұмдық өcтең жақта,
Жатса керек сойқан сап осы шақта.
Әскерлер мен бастықтар түгел жымып,
Шау дүй, да дүй 5 лап қойып жосқан жоқ па?

Жетті бәрі өстеңге таңданыспен,
Таңданулар туғызар қамданыспен.
Жұрт таңданса кездейсоқ құбылысқа,
Тұрғандар да байқалды шамданыспен.

Әркімде де бұл сәтте көз жүгірді.
— Қайдан келген?
— Тасқын ғой?..
Сөз жүгірді.
Қара шұбар айдаhар қаhар төгіп,
Боз далаға боз өңін бұзу кірді.

Айдаhардай бүктеліп айбынданып,
Жолбарыстай атылып айдынданып,
Сұмдық сойқан жасары айқындалды,
Қара түлей кеп қапты жойқынданып.

Соғып жатыр тау сеңі өстеңді ұйпап,
Түздің тарпаң, жайранын таспен жұйпап.
Ұңғыл-шұңғыл еңісті тінтіп тауып,
Ылдилауда аяусыз етпей қипақ.

Таудан құлап тарғыл сең тасқын кепті,
Түлей толқын тілсіз жау асқын кепті.
Өстеңіңді кестең қып тұншықтырып,
Өркеш- өркеш қара дәу басқын кепті.

Бір толқыны ұқсайды арыстанға,
Қара ілбіспен шайнасып алысқанға.
Бір толқыны ұқсайды жынын шашып,
Бура қуып бураны — жарысқанға.

Бір толқыны борандай қаңбақ атқан,
Машинадай біреуі шаңға батқан.
Шашылады ал бірі қирап-қирап,
Лақтырылған қайықтай жар қабақтан.

Бір толқыны жыландай иреңдейді,
Бірі ақсақ киіктей киреңдейді.
Бір толқыны шаш жайған албастыдай
Тілі симай аузына сүйреңдейді.

Жауса керек нөсер құйып керіш тауда.
Жайран, бөкен, киікке өріс тауда.
Сай-саладан сый жинап, бет түзепті
Тарым жұтар қамысты қорыстарға.

Осы жайды бар адам оймен жорып,
Болған тұста жұрт ойын сөзбен бөліп.
Сөйлеп кетті бір бастық әлденеден,
Қолын сілтеп, ербеңдеп, жарға төніп.

Көптің соры — сұм басшы ақылы олақ.
Қысыл-таяң кезеңде ойлар шолақ.
— Жырғызбайық өстеңді, бұзғызбайық,
Қол ұстасып адамдар, алдын орап.

— Денемізбен бөгейік жырған жерді,
Тығындайық тасқын су орған жерді.
Әр шаудүйден пидаий біреу шықсын,
Жағаны да сақтаймыз тұрған бергі.

Ербеңдеткен бастықты атақ па екен?
Делқұлы есеп болмаса шатақ па екен?
О тарапын әлі ешкім болжамады,
Жұрт еңсесін басты зіл матақ көген.

Жұрт маталды. ­нсіз тұр басқа бастық.
Әр үнсіздік — ол қостау, баспа-бастық.
Мүмкін өзге бар шығар тіс жармастар,
Тудырғысы келмейтін бос таластық.

Әскерден де табылды есерсоқтар,
Іштен ойғыш ыңғуар кесер шоттар.
Үшеу шықты үш дүйден басы тақыр
Ырғай таяқ тәрізді қатқан шоқпар.

— Пидайымыз, бөгейміз суды,— деді.
Бастық айтты:
— Бастама туды,— деді.
— Күнәліден,  кәне, кім өзін ақтар?
Жанпидаға кім белін буды?,- деді.

Әр түйсікке жүгірді ала мысық.
Әр түске еніп құбылып, әдемі ұшып.
Көз байлағыш, арбағыш ақ сайтандай,
Бірде мысық бола қап, бірде күшік…

Кім елпілдер мұндайда ала қызып?
Кім тұлпардай жұлқынар қараны үзіп?
Тұла бойда қан тасып, буырқантып,
Тұтар саусақ сайтаннан қара жүзік…

Ол ақын ғой, батыр ғой алда кетер.
Нар тәуекел — серігі түпке жетер.
Алға шықты қасқайып Тоқтар батыр,
Қорқытар ма ақынды қауіп-қатер?!

Алға шықты Тоқтархан, шоқтай тұрқы.
Көз алдынан көлбеңдеп  үміт-түлкі.
Жалғыз қайдан жіберсін ақын ұлын,
Соңынан топ тізілді ұйқы-тұйқы.

Соңы неге соғарын ойлады ма?
Шұғыл байлам сырына бойлады ма?
Қан қызулық елiртіп ес тандырып,
Байлады ақыл, көз алдын торлады да.

Жанпиданың қатары ұлғаюда,
Лагерь бастық ұсынған ыңғайында.
Бірін жеңді пенделік бірін үрей…
Жетіп жатпай істің шын шымбайына.

Бақылап тұр әр дүйді бастық біткен,
Жүздеріне масайрау мастық біткен.
Езуінен тістері арсияды,
Арылғандай ырайдан қастық күткен.

Ойлады олар жұртты оннан топтағанды,
Қуыстарға су орған тоқтағанды.
Оннан-оннан қол-аяқ шалыстырып,
Дөңгелентіп бөгеуді об тоғанды.

Сұмдық туды күтпеген: осы шақта.
Жар құлады омырылып өстең жаққа.
Алып үңгір ашылды сай табаннан,
Кең аңғарға аңқиып ашып қақпа.

Алдағы жанпидалар жармен кетті.
Су сүңгуір үш тақыр әскер де епті.
Ұран тастап сөйлеген шешенге де
Тілегені ақ болып пәрмен жетті.

Сең аунады, сұмдық-ай, жар аунады —
Бүкіл тұтқын тік тұрған жарты аумағы.
Жапырылды қалған жұрт жонға қарай,
Әркім іздеп тіршілік — жан сауғаны.

Пана жерге бет түзеп әркім тапқан,
Қойдай қашты қоралы қасқыр шапқан.
“А, Құдайлап, Аллалап” мұсылмандар,
Мұңғыл, хансу бұрхұндап құнжың қаққан.

10.

ЖАНПИДА

Қайран ақын, балалық арылмаған,
Өлең оқып топ жарып дарылдаған.
Суды жұмсақ, топырақ — майда деумен
Аңқау күйі қауіп серт қабылдаған.

Үлгертпеді Сел түлей пидалыққа.
Тал да, тас та таптырмай ұстарлыққа.
Басып тұрған жерімен, топты жұртпен
Бара жатты жұтылып бір Алыпқа.

Тасқын мен жар тоғысты, құшаққа алды.
Өрт денесі мұз суға құшақталды.
Тұншықтырған тасқын іші не жоқ дейсің.
Тасқа, ағашқа, мүйізге пышақталды.

Ойлапты ақын су — көл деп шомылатын.
Топырақ жұмсақ шапан деп жамылатын.
Ойламапты тас, бұтақ тәнін жыртып,
Мұндай қату жауыз деп омыратын.

Ауыздан да, мұрыннан, құлақтан да
Су соққылап, ұқсады құм атқанға.
Тұңғиықта тұншығып бара жатты,
Мұрса бермей тамшы жас бұлатқанға.

Бара жатты тіршілік шыр айналып,
Ән сала ма, күле ме, жылай ма анық?
Жымия ма қара қыз еш көрмеген?
Зәуре қайда? Зәуресі былай қалып…

Анасы ма басына ақ байлаған?
Әкесі ме белдеуге ат байлаған?
Ұлы ма екен нәресте шырылдаған?
Әлі жүзін көрмеген, ат қоймаған…

Онан әрі дүние қара түнек.
Алыс емес ат арыр ара түнеп…
Білінбеді соңғы дем — ышқынысы.
Қара түнек. Тып-тыныш қара түнек…

Мұны халық кездейсоқ опат дейді,
Су мен жердің соғысы апат дейді.
Тірі қалған тасқыннан адамдарды
Қайта туған анадан шақат дейді.

Кімдер тірі қалды одан, тұтқындардан?
Қаншасы өтті аш өңеш жұтқындардан?
Оған да есеп жасады қожайындар
Кейін-ақ кеше түнгі зытқулардан.

“Кетті селге делінді елу адам”.
Қауіпті — артық есеп беру одан.
“Отыз тұтқын өліпті індет жетіп,
Безгек және түйнектен іш бураған”.

Әскер, маман тізімі дәл жасалды,
Жанпидалар тізімі дәл жасалды.
Ең ғажабы — он тұтқын ақтау алды
Ақ сарайға енгендей мың жасаулы.

Ойлап тұрсаң тіршілік шолақ екен.
Сол шолаққа адамзат қонақ екен.
Бір ерлікпен бостандық алам деген
Жанпида да сол күнгі он-ақ екен.

Соның бірі — Тоқтархан ақтау алған,
Өлгеннен соң мадақ сөз, мақтау алған.
Қараға орап суретін іліп қойып,
Түсірмеген биікте тақталардан.

Тұрды ілініп суреті тақтада айлап,
Жаттады атын бар тұтқын, жаттады аймақ.
Өлең арнап Задахан, Шаяхметтер,
Күй шығарды күңірентіп батыр Тайлақ.

11.

ІЗДЕУ

Түйелі де қашырлы, су артылған,
Кетпен, күрек көтеріп шуатылған,
Қол келеді сайлармен тасқын шайған,
Жыңғыл, жұлғын, сексеуіл қиратылған.

Сай-салада өріп жүр қаптап адам,
Ұңғыл-шұңғыл қалдырмай тоқтамаған.
Кей сексеуіл түбінен табылады
Күп боп іскен, дөңкиген соқталы жан.

Жүзіне оның мың үңіл, танымайсың.
Қолқа қапқан иісін сонылайсың.
Білгісі кеп жүрген кім бар дейсің,
Ұйғыры ма, қазағы, ханы қайсын.

Кей жұлғынға шырмалған жуан жайран,
Бір саны мен айрылған сыңар қолдан.
Мылжа-мылжа шығады бастар, қолдар
Төбешік боп үйілген құм қыйраннан.

Жүк машина, самосвал ыбыр-жыбыр.
Жапан түзде жосып жүр салып дүбір.
Біреуіне тиілсе адам тәні,
Аңдар жатыр бірінде етпей қыбыр.

Тау тасқынды ел біліп апат дейді,
Апат болса адам, аң опат кейпі.
Сол апат ізін кезген құзғын құстар
Сай-саладан өлексе тапап жейді.

Үйілген жер тазқара, құмай, құзғын
Таудай ет пен көлдей шық өлексе ызғын.
Тап болады дәл сонда тарсыл-тұрсыл,
Тоқтар орын танкіге сол жер қызғын.

Иттей тойып, тыңқиған қорасында
Ши бөрі де, қарсақ та — бәрі осында.
Тоқшылықтан желеді бортаң- бортаң,
Аш болса олар маңына жоласын ба?

Мылтықтылар соны аңдып аулап та жүр.
Машиналы шенділер заулап та жүр.
Жарыса атып кейбірі автоматпен,
Бір-бірінен көк қасқыр даулап та жүр.

Жаяу — шаршап, көлікті — мәз болып жүр.
Қасқыр, қарсақ атылған аз болып жүр.
Көліктінің жаяумен ісі қанша?
Біреуге қыс, біреуге жаз болып жүр.

Жаяулар жер қазады, өлік жинап,
Табан күйер ыстықта жанын қинап.
Көліктіде қару бар, оқ-дәрі мол,
Өкімет пен Партия берген сыйлап.

Алдан шықса жыртқыштар іздеп таппас,
От қаруды бас та бас ауыз жаппас.
Үш қарсақты үстіне жаба салсаң,
Сені көкке ұшырмас қайсы қақпас.

Осылайша біреулер дүрілдеп жүр.
Ал біреулер тым жалтаң, дірілдеп жүр.
Кей жаяудың көлкілдеп беттері ісіп,
Былшықтанған көздері іріңдеп жүр.

Тік ұшақпен кеп түсті төрт-бес жайсаң,
Бiреу ғана ішінде ірі, бойшаң.
Ыңғылы оңашалық аңсайтындай,
Сөйлемейді, тыңдайды, сол-ау ойшаң.

Ақ халатты, ақ құба соқталы бар,
Ауыз байлау киілген ноқталы бар.
Командирге қысқа айтты бұйрық сөзін,
Сол секілді кесімі, тоқтауы зор.

Ұшып кетті шұғыл топ, кідірмеді.
Бір-біріне бастықтар күбірледі.
Жиіледі Жапон марка машинаның
Ары-бері сөз тасып жүгіргені.

Сонан соң-ақ тарсылдап темір азу
Жер қазғыштар бастады орлар қазу.
Борша мүскіл, өлексе, өлік жинау
Қыза түсті әр жаяуда болмай қажу.

Киімді де киімсіз тұлып болған
Денелер мен боршалар аяқ, қолдан,
Самосвалға тиелген күйі әкеліп,
Орын алды қазылған терең ордан.

Өлекселер төгілді екінші орға,
Иіс мүңкіп, шыдарлық адам зорға.
Ауыз-мұрнын қаптады барлық адам,
Жейделерден жыртылып бозаң дорба.

Үстерінен күрекпен құм тасталды.
Оның мәні — жабулы сырды ашпады.
“Ауру тарау қаупінің алды алынды”,-
Жалғанменен ауысты шын астарлы.

Тарым суын осы жақ оуып жатқан.
Қамысты боз қопасын барыс баққан.
Қалың қорыс жан-жағы құмды дала,
Шөл кесерткi мекен қып дамыл тапқан.

Соған жетіп іс тынды, жер тазарды.
Ауру алып қашатын жел тазарды.
Ешкімнің де денесі танылған жоқ.
Қалды сонда Тоқтархан ер базарлы.

Қалды сонда Тоқтархан тахатталмай,
Саясатта ол кезгі жақатталмай.
Тоқтарханға, басқа да мұсылманға
Құран қатым жасаңыз уақытты алмай.

12.

Э П И Л О Г

Бұл әңгіме көп өтті ой електен.
Қалып еді үзіліп мың әлекпен.
Аяқтадым пайғамбар жасына кеп,
Қолым тиген жазымда шыж кебектен.

Ажал алғыш кімге де айтпай келер.
Уақыт шіркін алдамшы аттай желер.
Алды — қызық, тірліктің арты — өкініш.
Қызығын да, шыжығын сатпай берер.

Сатпай алды Тоқтархан азапты да.
Жәбірлеген, қорлаған мазақты да.
Ажалды да, ақыры ақталуды,
Тірі кешкен басынан тозақты да.

Кездейсоқ деп кім айтар мұның бәрі.
Болған істер — Естеудің айтқандары.
Ырастайды әр елде тірі жүрген
Сол сүргіннің аман-сау қайтқандары.

Ұшыраған саясат жаласына,
Ырастайды кәрісі, баласы да.
Аймағына айналған атом сынау —
Лобнордың полигон даласы да.

Тұтқын қазған сол өстең бұл заманда
Тарым суын сусыннан бұлдаған ба?
Құм жұтқызбай, жетелеп шөлге әкеліп,
Нәр береді тірлік қып тынбағанға.

Жапан түзде қала бар қайнап жатқан,
Ми қайнатқан аспаны баяғы аспан.
Бірақ ауа былғанған, топырақ іріп,
Радияциямен жан шошыр залалданған.

Ашық өстең ауысып құбырлармен
Жарақталған жаңаша бұйымдармен.
Полигонда әскерлер құндақталған,
Жай бұқара не табар бұғынғанмен?!

Бақыт тапқан адам аз ол елде де,
Қоғамы тұр жүн тастап көбеңдене.
Қайғы, құса күреске бастар болар —
Ширыққанда ойлар көп көгенделе.

Тас таразы — уақыт бәріне де,
Таңба салар беттің қан, әріне де.
Тоздырар да уақыт, оздырар да,
Жүзер қанша мұхитта кәрі кеме?!

Озбас, тозбас өмір жоқ әркімде де,
Сыбаға, сый бұйырған әр күнге де.
Келтіреді кезегін күрес заңы.
Талай күшті жыртылмақ тәлімдеме.

Құдайсынған Сталин, Мао да өлді.
СССР-дің тағдырын әлем көрді.
Уақыт ісі бәрі де, бұл күндері
Талай көсем шарлап жүр талай елді.

Қанды қасап, кешсе де қайғылы азап,
Ояу ұйғыр күрессін, ояу қазақ.
Тоқтарханын табады, Ялкунжанын,
Ақ Күн — Шығыс Түркістан болғанда азат.

1969 жылы жазылып,

үзіліп қалғаннан

1994 жылы 22 шілдеде

аяқталды.

Есік қаласы.

Түсініктер

1.Шығыс желі — саяси-термин. Шығыс халықтарының азаттығын, Батыспен теңдігін, Шығыс, әсіресе Жуңго — Ұлы Хан үстемдігін меңзейтін идеология.

2.Дазыбау — Жуңгода дәстүрге айналған, ірі әріптермен қолдан жазып көшеге іліп қойылатын қабырға газет.

3.Өстең — канал, бас арық.

4.Пидаий — өз еркімен шығатын жанкешті ер.

5.Дадүй — үлкен отряд, шаудүй — кіші отряд.


[1] Шығыс желі — саяси термин. Шығыстықтардың Батыстықтарға қарсылығын, әсіресе ұлы хандық үстемдікті уағыздайтын идеология.

[2] Дазыбау — Қытайда дәстүрге айналған, ірі әріптермен қолдан жазылып, бүркеншек атпен көшеге, аулаға  іліп қойылатын қабырға газетінің бір түрі.

[3] Азына — Тоқтархан Жекібаевтің дастанының аты.

[4] Өстең — ұйғырша атау, бас арық, канал

[5] — өз еркімен шығатын жанкешті ер

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Один ответ к «Қанды тасқын (поэма)»

  1. Тар жол, тайғақ кешуден өткен өмірі, тіршілік үшін ұмтылысы, сол қырғыннан аман келуі,көрер жарығының барынан екен. Оқып отырсаң ертегі сияқты, бірақ әкеміздің басынан өткен зобалаңның бір үзіндісі іспетті.Мұқсина Естеукеліні.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

шестнадцать − восемь =