КӨДЕК АҚЫН ЕЛЕСIМЕН ТIЛДЕСУ

Ассалау-мағалаукүм, ақын Көке,
Көрген күн, көшірмеші жақын Көке.
Еліңнің сен жүрегін жаулай білдің,
Тамызып тілдің майын татымды ете.
Iрікпей ішкі ызаңды, кегің қайрап,
Тулаттың есең кеткен жатыңды өте.
Састырсаң Сасан аулын арғы бетте,
Егілттің бергі бетті хатың жете.
Ұрпақтан ұрпақ жаттап өлеңіңді,
Жалғасты болашақпен атың төте.
Бүгінде, егемендік алған тұста,
Ерекше қастерленді затың жеке.

Зобалаң заман еді ол қанжылаған,
Таптырмас даладан жол даңғыраған.
Естінің кісен кессе қол-аяғын,
Ессіз көз сығырайтқан қанжығадан.
Ет, сүйек салықтарын өтей алмай,
Қандас аз тау мен тасты қанғымаған.
Өлік аз ой мен қырда аш үзіліп,
Басына қарға, құзғын саңғымаған.
Қуғыннан тасаланып тығылам деп,
Құз жардан көлік ауып сан құлаған.
Торына тонаушының түспей өткен,
Iлуде біреу ғана даңғыл адам.

Аз еді айла тауып ерлегендер,
Қорлауға әсте ырқын бермегендер.
Бел буды мінер аты астында бар,
Жат жұртты сауғалауға ермегендер.
Көбіне ыстық еді ата мекен,
Төсінде ат ойнатып төрлеген ер.
Құбыжық екенін де сезінетін,
Шеніне жуық жолап көрмеген жер.
Жан күйттеп біреу кетіп, біреу қалып,
Осылай қақ жарылды ел менен ел.

Төте жол табылсын ба үріккенге?!
Қорықсаң: қос көрінер дүрліккенде.
Қаматын қарсы алдыңнан қатерің көп,
Сорламай соқпағың тап жүріп көр де.
Жолшың кім, қорғаушың кім — естиярың,
Күн бұрын кірмеу үшін суық көрге.
Қарулы шекарашы сақ күзетші,
Қалмақ бар ар жағында, жуық келме.
Қалт кетіп қырылғандар аз емес-ау,
Шошаңдап саяқ шығып суыт белге.
Шабылған, тоналғандар толып жатыр,
Қызай жоқ қорғалатар жақын жерде.

Қазағы ең қарапайым қырдың құба,
Жабысын мінген қалап жырдың бұла.
Артыңда қала берді бұлалығың,
Жабудай сауырыңнан сырғыды да.
Ауызы айдаїардың салымды екен,
Бітеудей жұтып қойды қылғыды да.
Алдамшы қиял екен босқа дақпырт,
Тұрмыстың жетем деуің ырғынына.
Жанына пана таппай, малыңа өріс,
Жігіттер түсті Қытай құлдығына.
Тапқаны құтаймайды қорасына,
Зорлық пен төзе алмады ұрлығына.

Өзіңсің соның бірі, ақын Көке,
Арманы, аңсағаны жақын Көке.
Опынып өкінгені бастан асқан,
Өртенген өзегі отқа, ғапыл Көке.
Қалдырдың қу далада тарпаң, торсаң
Жаныңа жолатпаған жатыңды өте.
Ризасың өлеңіңе ел таптырған,
Бал тілмен жасай білген татымды ете.
Куәміз бүгін біздер бәріне де,
Қасқайып болащаққа тарттың төте.
Орнадың тас тұғырға жайылмаңда,
Халқыңа қастерленіп затың жеке.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

семнадцать − пятнадцать =