Өліарадан өліара өмірім менің


Өліарадан өілара — өмір жолым.
Бес ауысты тірлікте оңым-солым.
Балалығым әу баста ойнап өтті,
Шала біліп Шиңшисай алты жолын.
Өмірдің бұл өліара – алғашқысы.

Ненің кіші парық қып, ненің шоңын ,
Ой – күрекпен қопардым ғылым тоңын.
Боз бала шақ Құлжада ауыс кидім
Мусылмандық, кеңестік ұлттың тонын.
Тарих бойлап таныдым , түрікшілдік,
Керуендеткен ат жалы, түйе қомын.
«Пантүркист» деп айдарлап қырғын салған
Уаңжиңның да қатыгез көрдім қолын.
Айлы Шығыс Түркістан, Үш Аймақ та
Аты өшіп бітірді ақыр соңын.
Қоздап, тұтап, көміліп бықсып жанды
Аспан Тау шегіршіні – іште шоғым …
Өмірдің бұл өліара – екіншісі.

Ерлік іздеп есейіп, ақын болдым.
Саясатқа бір қадам жақын болдым.
Батыс, Шығыс тоғысқан Үрімжіде
Зиялы ой жинаған шағын болдым.

Шәкірт болып Жәрдемдей ағаларға,
Екі оқулық шығардым балаларға.
Жан айнасы жыр жинақ «Арман» ұшты,
Қымыз шабыт тасыды сабаларда.

Заманға да қоғамға бар ма байлау?
Алқам – салқам жүргенде жаға жайлау,
«Ревизияшыл- ұлтшылсың» деген құйын
Соқты содыр, солақай шадыр шайпау.

Ел іздеген күн туды бас аманда,
Тура келді қызметтен босағанға.
Сұлтандығын тастадым басқа жұрттың,
Сау қалсын деп арқа, бас жосадан да.
Өмірдің бұл өліара – үшіншісі.

Алшаң аттар шағымда мақтанышты,
Деген қырсық «қытайлық» ат жабысты.
Шайқақ қағар , шарқ ұрар шабыт түгіл,
Жүрек суып, қарысып жақ қабысты.

Жаным бақтым, алыста жер таныдым,
Екінші сорт күн кештім, ел таныдым.
Өз тұяғы тұлпардың өзіне ем,
Зор медетім — өз елім ұлтанымын.

Арыз –шағым, зәбірге шыдап бақтым,
Салқын күңгірт көңілге шырақ жақтым.
Құлағымды тарс бітеп, көзді жұмып,
Өлеңімді жас сығып бұлақтаттым.

Сонда да еш жақпадым не далаға,
Өлең жарық   көрсетер не қалаға.
Пікірлесер кем болды, жан түсінер,
Күңірендім  от басы үйде ғана.

Шаруада да іс болмай оңға басқан,
Аласарды бір маған заңғар аспан.
Жаралғандай мен үшін еттен емес,
Жүрек біткен сұп-суық  қара тастан.
Өліараның маған бұл- төртіншісі.

Зайырлы елім қайырлы ел бола ма деп,
Орта қабым ырысқа тола ма деп,
Күндіз үміт, кеш күдік кезек бағып.
Салады сан сарсаң ой санаға әлек.

Естігеннен өзгеше көзбен көрген,
Сендіретін шешен көп сөзбен желген.
Сатушыға алушы күдігі көп,
Қалтасында ұстайды бір –бір безбен.
Еркегі де әйелі бездең –бездең.

Атымыз зор – азатпыз, кеуде қақсақ.
Бәйге ешкімге бермейміз, салтаң шапсақ.
Орта қазан – байлығы ортаяр ма,
Ағыл- тегіл, көл-көсір пайда тапсақ?

Шұбырған жұрт жұмыссыз телмең қаққан,
Базардағы барлық зат басқа жақтан.
Сумақайлар аз емес суық қолды,
Қапшығыңды, қалтаңды сырттан баққан.

Көше сайын қайыршы қолын жайған,
Қауға сақал, қауға бас келген қайдан?
Арқалықта жазу жат, маңдайшада,
Мағынасын ұқпайсың болып қайран.

Көңілін ешкім өмірде жасқамаған,
Нелер мықты ақындар қасқалаған.
Менен ары зарлап жүр зауқы ақсап,
Күннен қалып көп кітап қоспалаған.

Кеуде кернеп күндіз – түн төкпелеткен,
Жырда арман бар ма екен көпке жеткен?!
Әй, білмеймін, қорқамын өліаралар
Жіберер деп өткізіп өткелектен.
Дәуірдің бұл өліара – бесіншісі.

Кітабымды бастырам қайда барып?
Отырғам жоқ, әу, елім, жайға налып.
Маған баға беруге  асықпағын,
Атыңнан түс, оқып шық, ойланалық!

Естеу Нүсіпбеков, 1997ж.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Один ответ к «Өліарадан өліара өмірім менің»

  1. Маған баға беруге асықпағын,
    Атыңнан түс, оқып шық, ойланалық!
    деп ақын Естеу Сабырбекұлы айтпақшы, оқырман қауым, атамның әрбір өлеңін оқығанда,өмір туралы терең ойға еріксіз берілесің.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

10 − два =