«Кешіккен сый» кітабы жайында

Е.Нүсіпбековтің « Кешіккен сый» кітабы жайында

(Өкен ІЛИЯСҰЛЫ, Қ. Сәтбаев атындағы   орта мектептің қазақ тіл-әдебиеті мұғалімі, әдіскер ұстаз.)

Құрметті білікті қауым, қадірлі ұстаздар, білім қуған мөлдір сезім шәкірттер !

Бүгін осы мектепте, осы киелі шаңырақта ұзақ жыл тер төккен, біріміздің ұзтазымыз, біріміздің әріптесіміз, ұстаз, ақын Естеу Нүсіпбеков ағайымыздың өмір жолымен, ақындық әлемімен танысқалы кездесіп отырмыз. Кездесуді алғаш ұйымдастырған Батыр ағамыз Р. Тоқатаев атындағы орта мектеп әкімшілігі аса игі бастама үлгісін көрсеткенін айырықша атай отырып, көңілден шығар сәттілік тілеймін.

« Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе,
Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді»
,- деп Ілияс ақын айтқандай, бүгінгідей жүзбе-жүз кездесу жасамасақ, жанымызда жүрген ақылшы ағамыздың ақындық қыр-сырын қайдан білер едік?! Ағамыздың:

« Көбейтіп таңдарымды көз ілмеген,
Күрестім кенже тәлей кезімменен.
Қасым мен Мұқағали болмасам да,
Ұқсап ой салмақтадым сезімменен»,
— деп төгілген сырлы сезімін қайдан білер едік?! Ақын ағамыздың мұндай жолдарын, мүмкін күнделікті басылымдарды үнемі қадағалап жүргендеріміз білетін де болармыз. Бірақ :

Бәлсінуді білмеппін, бой балауды,
Жақсы білем жасымнан ой қалауды.
Ойын қалап келемін бір ойлының…
…Іздеттірді інжу ой маржан тұнық,
Құмар етті шу асау жүйрік сөзге,
Қуып жүріп салуға қолдан құрық
,-деп жырлаған сырлы сезімін бәріміз бірдей білеміз дей алмасымыз да шындық қой. Мүмкін:

«Ұны мапа ақ бидай астығымның,
Әулетімін ауғын жұрт шашқыныңның.
Ілтипатпен байыптап бағаласаң,
Табыла алм астынан жастығыңның»
,- деп, ақынның өзі ескерткендей, Естеу Сабырбекұлының өмір жолы Қытай жерінен бастау алатынын байқадыңыздар.

Естеу Сабырбекұлы Қытай қазақтары әдебиеті мен ата мекен әдебиетінің  желісін үзбей байланыстыра білген зерттеушілер мен ақындардың бірі, оқу-тәрбие ісімізге еңбегі көп сіңген ұлағатты ұстаз. Естеу ағайдың бүгінде сіздерге ұсынып отырған:

Кең жүрекке мені де сыйдырыңдар,
Жұртым саған арнаған сыйлығым бар.
Сезіміңнің жіптерін еспес бұрын,
Ұршығыңды иіріп ширығып ал»
,- шумағымен басталатын «сый» жинағы, жыр жинағы, « Кешіккен сый» кітабы ақ жаңбыр ақынның өнер өрінің, ақындық өлең өрінің бір белесі деп біліңіздер.

Ақпайды таудан баяу өркешті ағын,
Інішек , ілтипатпен сен қостағын.
Текестің орқаш-орқаш қойнауынан
Жүк тиеп шықты жолға нарқоспағың
,- деп , сонау 60 жылдарда балаң үміттің ауыр жүгін арқалап, өнер-өлеңнің қол бұлғаған сағымды арман-үміт жолына сапарға шыққан бозбала өмірдің бұралаң-бұлтарысты небір арнасынан өтеді. Оны Естеу ақын ой өрнегыне былайша түсіреді :

Атадан қаттап жиған естігенін,
Сезімін тізгіндеген есті де едім.
Өмірдің даңғылына шығармады,
Жолымды жолсыздықтар кесті менің.

Осылай ақын өз өмір өткелдерін, ондағы көргені мен көңілге түйгендерін көңіл көкжиегінен тізіп өткізіп , өтпелі өмірдің де  ақ-қарасын жыр жолына түсіреді. Оны :

Қырманның қызылындай қырлап жидым,
Халқымның шайқап екшеп ен мұрасын,-
деп , өлең жолына әсем, әдемі  түсіреді.

Жоғарыда келтірілген үзінді шумақтардан-ақ өзіміз зерделеп отырған Есағамыз да, өзіне ұстаз тұтқан ұлы ақын, қазақ поэзиясының ақ иығы Мұқағали сөзімен айтсақ, «Күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып…» , мақпалдай майда тілмен өрнектеп халқына жеткізіп жүрген, жеткізе білген ақынның бірі.

«Жаз. Дала. Бетегелі үйдің қасы,
Көк буырыл желкілдейді шидің басы.
Жантайған сар жоңышқа  құшақ жайып,
Құлын кекіл сусиды жусан шашы. »

Немесе:

Атыңнан айналайын, атамекен!
Кіндік қан сенде төккен атам, әкем.
Тал бойым, табиғатым саған мансұқ,
Тер төгіп, от қойныңды Отан етем,-
деген  жолдардан  қазақы қара өлеңнің уызын ұйытып,  ақ сүтінің қаймағын дірілдетпейтін жыр жорғасын қамшылап, туған жер, атамекенге перзенттік сезімін, ақындық сезімін білдіреді. Мұндай жүрек қылын шертетін, сезімнің сым пернесін басатын өлең шумақтар ақын жырында көп-ақ.

Оны туған  даласын көксеп, Отанын аңсап, бауыр туғанын  сағыныш, соның бүгіні мен ертеңіне алаңдап:

Ақ түнекте
Көбік қар асатқызып,
Ат құйғытып,
Әр тастан қасат бұзып,
Қатар шыққан қазақтың алыптары
Өткел, көпір тастапты   жасатқызып,-
деп , мынау   тәуелсіз елінің кең даласының кең тынысын білдіретіндей етіп сыршыл бейнелеген сал күрең  жыр сыйын көлденең тартқан «Кешіккен сый» кітабының  үйлесім –ұйқаспен, әдемі үндестікпен отаулап топтағанын атау бөлімдері айғақтап тұрғандай.  Көңіл сап қарасаңыздар, кітап: «Аспантау бойлап келемін», «Халқыммен ханмын, төремін», «Алашты жырлап беремін», «Антына адал өлеңім», «Тарихтан маржан теремін» топтамаларынан тұрады.

Тақырыптардың өзі халықтық жатық тілімен, қазақы әуенмен, Жетісудың  өзіне тән үнімен,  оның аспан  тауларынан  бастау алатын сылдыр бұлағының тұнық сыңғырындай  естілмей ме ?!

Кітаптың бұл бөлімдеріне  «Еңбекшіқазақ»  газетінде ақын Марат Ысқақ санамалай талдау жасап, әр бөлімдегі айтылған ойды әдемі саралап көрсетеді.

Кітапты парақтап аша қалсаң, Есікең  поэзиясында туған жерді жырлау, атамекенге сағыныш, оған құрмет т.б. тақырыптар Балқашқа асыққан Іледей әр тұсында әсем ой-толғауымен жағасынан сусындатып, арнасын кеңейтіп шымырлап кете барады.

Мысалы, туған тілге деген перзенттік жанашырлық:

Тілдің  туын  ұстайын биіктетіп,
Жырын жырлап, әнін сап сүйікті етіп.
Оқ қағар боп қорғайын қауіп төнсе,
От шарпыса, өтінде күйіп кетіп.

Тіл – халықтың тірлігінің тірлігі.
Қанын, тәнін бұзбай ұстар бірлігі.
Тіл – халықтың жанын көрер айнасы,
Ардай таза аппақ шаңқан күндігі,—
деп, ақын жүрегінде бір бұлқынса;  еліне деген ұлтжандылық, алаштың ардақтыларына, ұлтының ұлыларына деген ақындық арнауында:

Жерің аман, о баба, елің аман,
Сен қорғаған өзенің, көлің аман.
Көк тұлпарың тұяғы дүсірлеткен
Өркеш-өркеш жон, жота, белің аман,-
деген жыр шумақ төгіледі.

Ал бірде:

«Абайлаңдар, ауыл бұл Абайы бар,
Ата сақал, ақ буырыл самайы бар.
Көз жетпейтін кең шалқар айдынынан,
Айбынынан қаймығар анайылар, —
деп ағылады.

Ақ көңіл адал дос, бірге өскен құрбыға деген қимастық сезім ақ жаңбыр арнау өлең боп былай төгіледі:

Жақсыны да жаманды
Бастан қатар өткердік.
Мың құбылған заманда
Бірге ұнатып, жек көрдік.
Түс секілді бәрі де,
Елу жылдық дос болдық.
Түс секілді бәрі де,
Көңіл жықпай қош болдық

Немесе

Үнің қалып құлақта,
Ізің қалып жырақта,
Айтыстың күрең қасқасы,
Сауда да жүрген таспасы,
Заманымның серісі,
Қыз, келіншек перісі
Тілеужан, сенен айырылдым.
Кең өрісім тарылды,
Жүрегім шоққа қарылды—
деген түйдектермен дос қайғысына езіледі.Қазақы қарапайым жоқтаудың үні жүрегіңді сыздатады.

Ал арғы беттегі, Қытайдағы халықтың басынан өткен шырғалаң тарих, тағдыр-талайы мынадай күйініш шермен төгіледі:

Өтті алдымнан сұр қошқыл қанды тасқын,
Қара құйын аспаны, шаңды басқын.
Ысқырынған айдаһар – жұтқыр көмей,
Шырылдатқан Шыңжаңның сансыз халқын,
– деп, «Қанды тасқын» поэмасында тағдыры әділетсіз өмірдің тасқын тасы талқан еткен ел азаматтарына қабырғасы сөгіледі.

« Үзілген жолдарыңа , қарақтарым,
Үзілген жанарымды сабақтадым» ,
— дегендей, осылай өмірдің ұзақ бұралаң жолдарын ой тізбегінен өткізген ақын мың құбылған әлемдік өмірдің ащы шындығын ширатқан жіптей сабақтайды.

Күлмең қағып алдайды сайқал заман,
Сайқалдығы жай көзге байқалмаған.
Күштілерге бүкшеңдеп құнжың қақса,
Күшсіздерге ысқырып қайқаңдаған.

Сұрқай заман сынаптай ылпылдап тұр,
Ұстараның жүзіндей қылпылдап тұр.
Қаулап өрсе қалада қарақшылық,
Қырда анталап қасқырлар қылқылдап тұр.

… Самғау, ызғу заманның күтетіні,
Қалып қойып жүрмейік қиқарланып.
Ілесе алмай заманға қапы қалма,
Не жөнің бар сан соғып опынарға.
Сан соққаннан кенде емес ата-бабаң,
Енді сенің қақың жоқ тоқырарға,-
деп алаңдап ұрпағының назарын аударса,

Тұрса да қинап біраз базар нарық,
Алдында өркенді елдер жүзім жарық.
Төрінде жетпіс елдің жазыламын
ҚАЗАҚСТАН деген ат ірі әріп.
Әлемдік өркениет – алып ағыс,
Өтіне кеме салдым қалмай қалыс,
— деген жолдарда қазіргі тәуелсіздік , оның жетістігін шаттана жырлайды.

Түйіндей айтқанда, ақынның жыр кітабы, егемендіктің 10 жылдығына сый кітабы жалғасын тауып, өзі жырлағандай:

Жә, ақын !
Жаз өлеңді бұрқыратып.
Үйірлеп, тай-құлынын шұрқыратып.
Дерттіні кеселінен сауықтырып,
Дертсіздің сай сүйегін сырқыратып,
— дейміз.

Оқырманын ұлтжандылық сезімге бөлеп, ата мекенін қадірлейтін адами тұғырға көтере берсін дейміз. Ұстаз, ақын ағамыз жыр биігінен көріне берсін. Мына жалпақ дүниені, шын өмірді жырлаған шығармаларын қалың оқырман асыға күтсін. Зор денсаулық тілеймін.

Өкен ІЛИЯСҰЛЫ, Қ. Сәтбаев атындағы   орта
мектептің қазақ тіл-әдебиеті мұғалімі,
әдіскер ұстаз.
2001 жыл,

Ұқсас материалдар: Ақын Е.Нүсіпбековтің шығармашылығы
Атам туралы ой толғау

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

пять + четыре =