Мешіттегі мінәжат

Мешітің құтты болсын, мұсылмандар ,
Құлшылық үйін жасап ұсынғандар !
Парызды ада етудің жолын ізде,
Таубадан жаңылмастық тұсыңды аңғар.

Берік бол исламыңның әміріне,
Жат діннің төзе көрме жәбіріне.
Қаза етпе, уақтында оқы бес намазды,
Құлақ түр азаныңның әр үніне.

Қаптаған андыз-андыз әрбір жақтан,
Аздырғыш әзәзілден қатты сақтан.
Дініңді, мешітіңді қасиетте,
Адаспа асылыңнан енді тапқан.

Құтқарғын адасқанды қулық тордан,
Ордасы уағызыңның мешіт – қорған.
Осында сауабы артып намазыңның,
Осында оқыр құтпа имам молдаң.

Осында қуат алып таупиқ, таспиқ,
Көңілден тазарады кірлі ластық.
Осында Алла сөзін жүрек жұптап,
Осында ұмытылмақ өштік, қастық.

Осында жылу алып жан әлемің,
Аластар алдамшы елес сұм әлегін.
Қабыл боп жалбарғаның жалғыз Хаққа ,
Осында жарқыратпақ санаң көгін.

Жаныңа жақындатып жәмиғатты,
Осында ұғынбақсың шариғатты.
Пәнилік, бақилыққа көзің жетіп,
Осында шын танисың жалғыз Хақты.

Болған соң ең асылың – баста миың,
Алланы ауызға алмау болар қиын.
Алла хақ, Алла біреу, Алла ұлы,
Ең әуел ардақтайық Алла сыйын.

Сұрайды ақының да, Алла, сенен,
Күнәмді кешегөр деп өткен менен;
Парыз көп мойынымда өтелмеген,
Және де аз емес-ақ әттегенім…

Кешірсін, жаратушым, күнәмізді,
Қабыл қып мінәжатты таубамызды.
Пәниде, бақида да жарылқасын,
Мұхаммет үмбеті етіп мына бізді.

Әмиин !..

Естеу Нүсіпбеков, 2003 жыл

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

3 × три =