Ақ бұлағы жанымның

Ақ бұлағы жанымның – сезімдерім бұлқынған,
Ағындарға ак толқын құлаш ұрып ұмтылған.
Ақыл-ойды меңдеткен әлегі асық жыр-тумам,
Аңтарылған алға-артқа аялы жоқ бір тынған.

Мөлдір тұнық тамшысы маңдай терден үзілген,
Мұз бұршақпен шайылып, малта таспен сүзілген.
Сусындатқан бау-бақты, адамзатты құзырмен,
Күлім қаққан көз тартып гүл шығынан, жүзімнен.

Бастаулары қарлы шың Аспантаудан аунайды,
Ағыстары ақ буырыл жал, құйрықтан аумайды.
Самал ескен лебінен жұпар жаңбыр саулайды,
Жиегінде желпілдеп жасыл құрақ қаулайды.

Ақтарыла жазайын қаттаулы жан қатпарын,
Ақтарайын тегістей қоржын, қанар, қаптарын.
Шарлатайын аю жым жасыл орман шатқалын,
Арыстан жал тау селі азулаған жақпарын.

Арманым не ағыным аңқаттарды қандырса,
Шөліркеген кеуілдің көзінде от жандырса?!
Аңсап татқан таңдайда тамсандырып бал тұрса,
Желіп жеткен жерімде желек атып тал тұрса…

Арманым не ағыным алқапта егін жайқартса,
Жорғаға да жүйрікке бәйге алдырып тайпалтса?!
Сары қымыз, шұбаттар шара-шара шүпілдеп,
Күңірентіп күйшілер күмбір-күмбір күй тартса…

Ақ бұлақтап құйсам жыр – талғамыңа тұрар ма-ай?!
Соны ойласам шулайды іш жұтта ашыққан ұлардай…
Толқытса өлең ойыңды: қадірлеймін құдамдай,
Құдай сөзі Құрандай, қасиетті тұмардай…

Сыр шертерде сыпыра тырнақ ішке бүкпейін,
Наламды да назымды түп қопара үптейін.
Талмай іздеп табайын шүңетінің түптерін,
Жылт етерім жұртыма жеткенінше күт дейін…

Сарқылам деп саспайын қарлы тауым барында,
Сылдыр, сыңқыл қосайын сарылдаған сарынға.
Жетпісімде желпілдеп арын қоссам арынға,
Кәрі, жасың таңғалма, құрбым, інім, тарынба.

Өзің қожа, өзің би, діттеп оқы, сарала,
Асылын да жасығын , жұртым, өзің бағала.
Шылбыр-тізгін берсін бе сақи көңіл шамаға?!
Ашытқы қор – қымыран қалса қалар сабада…

Ақ бұлағы жанымның шыңнан алған бастауын,
Арнасымен мұздақтас Мұқағали қасқаның.
Сабыр, тағат тауыстым, өздеріңе жеткенше,
Қабылданар шашудай ақмоншақтан шашканын.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

два + 10 =