Жебеушім

Аллах тағала
Бойға күш, ойға қуат ес беретін,
Састырмай сабырыма сес беретін,
Кез келген көлігіне мінсем, түссем,
Дем берер жебеушім бар дес беретін.

Сақтады Ол таудың селі тасқыннан да,
Дүрліккен дүрбелеңді басқыннан да.
Сақтады Ол арашалап ауыр дерттен,
Жібермей құрықтауға, асқынғанға.

Сақтады Ол әзәзілдік азғырудан,
Бейкүнә безілдетпей жазғырудан.
Сақтады Ол құлқын қуып құнығудан,
Көл сәні көк ала үйрек, қаз қырудан.

Сақтады ол арды арзанға сатудан да,
Сақтады Ол қан бұзар у татудан да.
Бездірді марғаулықтан бойкүйездік,
Төсекте түске дейін жатудан да.

Демеп жүр сол Жебеушім қос қолтықтан,
Жөн-жосық, бағыт нұсқап жолға шықсам.
Сәт сайын үңілемін өзіме-өзім,
Бойымда бар ма екен деп бірер нұқсан.
© Естеу Нүсіпбеков.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

4 × 2 =