Жаз өлеңді бұрқыратып

Өлең жазу
Дегбірім кенет мазаң, кенет тозаң,
Желкеден төнгендей-ақ қамшы созаң.
Жүзімнен ойнаған қан оңып тарап,
Бүркейді орнын жібек шілтер бозаң.

Самарқау, марғау боймен шыбындатпай,
Ұйтқиды құйын сезім бұғып жатпай.
Ізінше табаға сап шыжылдатып,
Түйсік-шоқ шыжғырады қуырдақтай.

Өңірге шөңге қадап тікенектей,
Төзімді тытқылайды шүперектей.
Тақымнан, шаптан кейде сонаша ызың
Сұқты көз сұққылайды бүгелектей.

Бір ысып, бір суынып қан себездеп,
Ұстайды қозып кенет бойда безгек.
Шақша бас шарасыздан шақшияды,
Қой-ойын жусата алмай дітпен көздеп.

Қарыс жер аттатпайды мазаң сәтім,
Кермеде қаңтарылып азанға атым.
Кең адым кергізбейді қырға, жонға,
Арқандап, шідерлеп те жазаңға тым.

* * *
Алдыңда атар таңың, татар дәмің,
Жүре бер деп біл де елмен қатардамын.
Сарғайып тартпасында жата берсін,
Саз бетті сарашыға апарғаның.

Өлеңің кімге дәрі?
Жазғандарың?
Тұрмайды көк тиынға назданғаның.
Отыңды сөнсін дейді бойда жанған,
Суынып қоздағаның, маздағаның.

Жетеді ашу, ызаң, күші неге?!
Жатқанын кім біледі ішіңде не?
Қап түбі қалмасыңды дәлелдей бер,
Өң түгіл өлеңдетіп түсіңде де.

* * *
Жә, ақын!
Жаз өлеңді бұрқыратып.
Үйірлеп, тай-құлынын шұрқыратып.
Дерттіні кеселінен сауықтырып,
Дертсіздің сай сүйегін сырқыратып.

Жаз өлең,
Жаз-жаз өлең жалындатып,
Жел үрлесе, жібектей жалың жатып.
Иісі бұрқыраған үнді шайдай,
Ішетін қою сүтті қалың қатып.

* * *
Қоям ба өлең жазбай, — баспайды деп,
Болып тұр қалта тоқтау бас қайғы деп.
Билеген бұрма билер мүшәйрада
Тимеді даңғазалық бас бәйгі деп.

Газетте ширек етек беруге орын
Қалайда сарапшылар саспайды деп.
Жүз мыңдап жүзі күйгір теңге тілеп,
Көңілді баспагердер жасқайды деп.

Қастерлеп, қасиеттеп сүйіп оқыр
Сиреді, қартайды деп жастайғы лек.
Мұрыны иіс алмас кейбір тобыр
Түсінбей бүктеп отқа тастайды деп.

Көкейін кіріс тескен қазынашы
Есепшот сөз өнерге ашпайды деп.
Жұмсауды жан азыққа шығын көріп,
Өкімет қазынасын шашпайды деп.

* * *
Әй, қайдам!
Бұл өлеңді қоя алмаспын,
Жан дертін жабырқаумен жоя алмаспын.
Абайдай, Шәкәрімдей болмасам да,
Қазақы қанымменен бояуласпын.

Күрсінсем көзімнен жас бұршақтайды,
Дертімен ауырамын ояу бастың,
Жұмырын майламайтын зейнетақы
Бірімін кісәпір қарт жаяуластың.

Анда да, мұнда да емес ақындармен
Сапарлас, көлігі ортақ аялдаспын.
Ағаңды сөге көрме қиянатпен,
Деп сезім есіктерін қаяулы аштың.

Көкейге көкейдегім қонар болса,
Дей алман жер шалғайда баяу бастым.
Сырымды, мұң-шерімді ішке бүкпей,
Жыр етіп ақтарудан аянбаспын.
© Естеу Нүсіпбеков.

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

9 + шесть =