Жетпіске жеткендеймін жер түбінен – 2

Жетпіске жеткендеймін жер түбінен – 2

Жетпіске жеткендеймін жер түбінен,
Ғұмырдың меңдетпей тек дерті кілең.
Қызығын, шыжығын да тең татыппын,
Аман қап талай апат, мертігуден.

Желге ұшпай, жер де құшпай дедектеппін,
Дауылды заманалар екпінімен.
Міністі, жетекті де үйірлеппін,
Еншілеп екі ененің төркінінен.

Жетпіске жеткендеймін жер түбінен,
Жер тіреп талай тұрып мертігуден.
Болсам да отырса — опақ, тұрса — сопақ,
Жұлқудан жыртылмаппын, тәркілеуден.

Ойы ортақ, ниеті ортақ, ақ тілеулі
Ақ бата жаудырыппын әр күні елден.
Салыппын суретті де сөзбен зерлеп,
Тұп-тұнық Аспантаудың көркімен тең.

Көз ұшы: жолдың қилы кезеңдері,
Көпірлі, көпірсіз де өзендері.
Көлікті, көліксіз де көсіліппін,
Ізіме басып өшпес безең белгі.

Ту сырттан, бет алдан да аз болмапты,
Сұқ қадап сұрқылтайдың кезенгені.
Қалай да жадтан өшпей келеді әлі,
Тер төгіп шөлде ернімнің кезергені.

Аз емес озған құрбым, құрбыласым,
Тым ширақ сілтеп есіп тың құлашын,
Баспаға, сарашыға ес жидырмай,
Жыл сайын томдап жиған жыр мұрасын.

Аз емес озбағаны, тозбағаны,
Мойынын жетпес өрге созбағаны.
Аз емес өксіп өткен өр таланттар,
Құшағын айқара ашпай өз заманы.

Сиреді су жорғамен ағылғандар,
Арам ет, ащы терден арылғандар.
Асығы алшы тұрып өлең сөзде,
Маңдайы кере қарыс жарылғандар.

Сиреді сырлас тұстас, мұңдас құрдас,
Сөз ұстап, сөз жеуге әбден бағынғандар.
Ұмытпай ұлықтайтын, қастер тұтып,
Сиреді Естеуіне ағылғандар.

Жетпіске жеткендеймін сонау жақтан,
Аста атын қызылтанау талауратқан.
Қар қатқан қара ішіктің жағасынан
Қақтырып мұздық қырау сабаулатқан.

Қызыл жал қырманда астық сапырғанда,
Айырлап сабан жайып алау жаққан.
Сиырға аста-төктік іш кептірсе,
Тоғайда қоян аңдып қабан жатқан.

Жеткенім рас па осы жетпіс жасқа?!
Жол жүріп, жорық кешіп неше басқа.
Бозаң бас, боз сақалды болғандығым —
Алған көп батадан ба бала жаста!

Бұл жетпіс несі мұрат құр қол жетсем,
Өлеңім танылмаса алты алашқа?!
Жырларым жол түзетіп жүректерге,
Шынымен атым тасқа жазылмас па?!

Жетпіске жетіппін-ау ту алыстан,
Біреу боп бір атадан жырақ ұшқан.
Марқайды бар туысым, бауырларым,
Ағалап алдымда ойнап қуаныштан.

Аруағы тебіренді имамның да,
Хақ дін деп Құран тұтып құрақ ұшқан.
Тілеулес құда, теңтұс қолын соқты,
Бәйгеде бір озуды құп алысқан.

Жетіппін жетпіске де жабы, жадау,
Дос сиреп әр жерде бір қадау-қадау.
Сумақай жалғаншыдан, жарбақайдан,
Қарымта көп сыбағам — қайтпай бодау.

Жетіппін талай қумен тайталасып,
Еркінсіп емен есік айқара ашып.
Аз емес бармақ тістеп, санын соққан,
Қапысыз кеткеніме қайқаң асып.

Жетіппін сонау сұрқай сұр заманнан,
Айтқаны ауыз жаппай бұрмаланған.
Алаштың ақыл-есті арыстары
Жанына сая таппай қудаланған.

Ақ мылтық шыққан талай қаныпезер,
Ауызбен аю ұрып, бура аларман.
Жебір мен обыр обып қазынаны,
Қоғамда көзден ұшқан туралар жан.
2003 жыл, © Естеу Нүсіпбеков

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

двадцать + 1 =