Жетпіске жеткендеймін жер түбінен

Жетпіске жеткендеймін жер түбінен,
Зеңітіп ой-ғұмырдың дерті кілең.
Шыға алмай шыңына өлең шаршаудамын,
Ақ тұнық аңқат қанбай мөлтілінен.

Алдымнан аз шықпады әуре-сарсаң,
Қиямет қылкөпірі — қайда барсам.
Оң қабақ танытқандар өте сирек,
Кейбірі сөзге келмей етті торсаң.

Әлдекім кеуде керіп менсінбеді,
Әлдекім көк илеуге көнсін деді.
Әлдекім іштей діттеп иланса да,
Ісімен мойындауға ерсінбеді.

Әлдекім емеуріндеп көз бұлғады,
Әлдекім теңгені ымдап сөз бұлғады.
Әлдекім «сізге орын бермеймін» деп,
Тым тасыр топастықпен озбырлады.

Содан да тартпаларда тұншықты өлең,
Аз болды «құрғақ қолға күн шық» деген.
Өлеңнің арқау жібін — бар білгенім —
Ширатып зыр қақтырдым ұршықпенен.

Белгі бар өтмішімде, өкінбеймін,
Құр жаяу жүргізбеді шөкімдей күн:
Атымды белдеуде ұстап, жер тарпынтып,
Жібектеп жал-құйрығын кекілдеймін.

2003 жыл, © Естеу Нүсіпбеков

Ұнаса, бөлісе отырыңыз

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

шестнадцать − 6 =